Әйелім ұрыспайды

(Әзілге әзіл немесе жексенбілік жазба орнына)

«Сұлуларға арнайсың жырларыңды,
Өлеңмен елге жайып, сырларыңды.
«Әйелің ұрыспай ма?»- деді досым,
Біле ме, сенің » жұмбақ» сырларыңды.

«Жоқ!»,- дедім мен, — «әйелім ұрыспайды,
Ұрыспайтын таңдаған дұрыс байды,
Сүйем- күйем деп күнде өлең жазсаң,
Әрине, кімнің-дағы жыны ұстайды.

Сонда-дағы, әйелім ұрыспайды,
Ол — сыншым, поэзияммен тыныстайды.
Арқанын ақтангердің нық ұстайды,
Шабытымды шектеуге тырыспайды.

Шыным осы, әйелім ұрыспайды,
Бізге ортақ махаббат та, ырыс…қайғы.
Ол— оқырман, мен ақын, қандай жақсы,
Екі ақын бір қазанға сиыспайды.

Ұрысып, сөз айтпаған өте бөтен,
Сондықтан, тағдырымды жетелетем.
Ұзақ жыл тұра берсең бір әйелмен,
Қамқоршы апаңдай боп кетеді екен.

Ақын деген өлеңнің мұзбалағы,
Жыр арнар келіншекке, қызға-дағы,
Әйелдің тілін таптым… бір қызғанса,
Сырттай ғашық арулар қызғанады…

Əділбек ҚАБА