Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар

«Өзіңе ақша қимау – саған келетін ақша энергиясының көзін жабу. Өзіңе аз алған сайын, өзіңе қимаған сайын Құдай да саған түк татырмайды» деп соғады…

Бұл сау адамның сөзі емес. Бұл басыну, қымбат зат сатып алмағаның үшін кінәлі көрсету. Маркетинг тұздығына түсіру.

Сіз биыл бес жылы шұлық сатып аласыз ба әлде бір мәсімен шығасыз ба? Оны әркім өзі шешеді. Оған коуч мұрнын сұқпасын.

«Ақшаның энергиясы» деген сөздің өзі анекдот. «Қалаған затыңды сатып алу арқылы ақша көзін ашу» деген парадокс.

Әлемдік қаржыгер Пит Данн «адам әр жалақысының бес пайызына киім алса экономикалық тұрақтылығы дұрысталады» дейді. Осы көрсеткішпен есептесек, төрт жүз мың теңге жалақы алатын кісі айына жиырма мыңға киінеді.

Сонда өзгесі сапалы тамақ жеуге, қосымша білім алуға, саяхаттауға жеткілікті. Осылайша есі дұрыс адам бюджетін жоспарлауы керек. Онсызда шаршап жүрген адамдарды «ақша шақыру» дегендей қойыртпақпен алдаусыратып, иллюзияға батырмау керек.

Автор: Лира Қоныс, «Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар»