Қазақ-түрік лицейлерінің қалыптасуына зор үлес қосқан журналист

Ұлбосын Айтөлен — қазақ журналистикасынан ойып орын алатын қаламгерлердің бірі. Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасын дамытуға қосқан ерен еңбегі өз алдына, жаны жайсаң Ұлбосын Айтөлен — көсемсөз шебері. Ол — жазған дүниелері бірден оқырман жүрегіне жол тартатын шебер журналист. Асыл сөздің маржанын тере білетін,  не жазса да онысын шебер қиыстырып қана қоймай, сезіміңді оятып, көңілді сергітетін дүниелерімен танымал журналист. «Менің әріптестерім», «Біздің Майтөбе» кітаптарының авторы.

— Журырда Сіздің «Біздің Майтөбе» атты кітабыңыз жарық көрді. Бір нәрсеге бір нәрсе себепші. Кітаптың жарық көруінің сыры неде?
— Әркімнің туған ауылы – өзіне Мысыр шаһары! Жалпы, туған жердің тарихын білмеген жан оны бағалауға дәрменсіз. Өскен өлкесінің табиғатын жетік білмеген жан оның қасиетін де тереңінен танып білмейді. Кез келген елдің болашағы жастар. Сондықтан, қай қоғамда болсын мейлі, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге әрбір саналы азамат қолынан келгенше өз үлесін қосса ләзім. Себебі, туған жердің қасиетін жетік білетін азаматтың бойында ұлтжандылық қасиет ерекше қалыптасады. Ұлтжанды азамат ұлты үшін қызмет етеді. Туған ауылым Майтөбе туралы жазу барысында осы бағытта еңбектендім.
Біз жас кезімізде алдыңғы толқын аға-әпкелерімізді үлгі тұттық. Өмірін біліммен, ғылыммен ұштастырған кілең игі жақсылар жас буынға өнеге бола білді. Соларға қарап бой түзеп, ғибратынан тағылым алуға тырыстық. Енді қазіргі буын да сондай ізгілердің ізіне түсіп, өмірі-өнеге, өнегесі-өмір жандардан бойына керегін сіңірсе екен деймін. Былайша айтқанда, бір ауылдың шеңберінде болса да рухани сабақтастықты жалғастыруды мақсат тұттым. Негізі Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбе ауылында жастарымыз мақтан тұтуға лайықты жандар көп-ақ. Солардың өмір жолдары арқылы жас буынға еңбексүйгіштікті, адалдықты, ізгілікті, табандылықты, жалпы адами асыл қасиеттерді насихаттағым келді.
— Сіз қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевпен бір емес, бірнеше рет тілдескен едіңіз. Өзіңіз ұлды болғанда есімін «сұрап» алған деседі…
— Мен оны адами, қария қалпында көрдім. Аяулы жанмен жүздесуден алған көл-көсір әсерді ұмыту тіпті мүмкін емес. Алдына келген кісіге зер сала, бар ықыласымен зейін қойып тыңдар Димаш атаға бар сырыңды қалай ақтарып салғаныңды аңғармай да қаласың. Нұр толған жүзінен ескен жылылық кемел ойлы, заңғар тұлғаның кемеңгерлігін куәландыра түсетіндей. Жылы ғана жымиып, баурап алар Димекең кез келген жанды өзімен тепе-тең қойып тілдесетін.
Аяғым ауырлап, ұлды болдым. Перзентханадан Димекеңе телефон шалғанымда: «Естідім, құтты болсын! Батырдың атын кім қойдың?» —деп сұрады. «Рұқсат болса, Сіздің есіміңізді…» — дей берген едім, «Үлкен Димаштан кішкентай Димашқа сәлем! Бақытты болсын!» — деп, батасын берді.
— Қазақ-түрік лицейлерінің қалып-тасуына журналист ретінде қосқан үлесіңіз де айрықша.
— Бірінші кезекте Қазақстан білім сапасын жақсартудың жүйесін меңгеруге айрықша ден қойды. Қазақ теледидарының «Қазақстан» ақпарат бағдарламасында редактор-журналист болып жұмыс істейтінмін. Сол жылдары елімізде қазақ-түрік лицейлері ашыла бастады. Бүгінде оның саны — 27. Оқыту методикасы білім берудің әлемдік стандарттарына сай қазақ-түрік лицейлерінің сапалы маман әзірлеуге қосар үлесі айтарлықтай екенін айта кеткен орынды. Жалпы, қазақ-түрік лицейлері — Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Тұрғұт Өзалдың кездесуі барысында білім беру саласындағы келісімшарт негізінде дүниеге келген руханият ошақтары.
Қазақ-түрік лицейлері әуелде негізінен әлеуметтік жағынан нашар қорғалған отбасыларының балаларын тартты. Сол жылдар білімдерін 7-сыныптан бастаған оқушылар үш жылдан кейін алғашқы ҰБТ-ға тап келді. Білім жүйесіндегі әлемдік стандартқа сай жаңа реформаға алғашқы жылдары балаларымыз білім сапасы жағынан да, психологиялық тұрғысынан да дайын емес еді, былайша айтқанда, қиынға соққаны белгілі. Сонда қазақ-түрік лицейлерінің түлектері барлығы жоғарғы балл алды. Оған көпшілік тәнті болды. Өз басым қазақ-түрік арасындағы жарастықты, достықты насихаттауға, соның ішінде білім саласының дамуына азды-көпті үлес қосқанымды мақтан тұтамын.
— Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан — Ләззат Билан