Қасиетті парыз

Отанды қорғау — қашанда қасиетті де қастерлі ұғым.
Дені сау ер азамат Отанын қорғауға қашанда дайын болу керек.
Ата Заңымыздың 36 бабында «Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес Сарысу ауданында 2024 жылдың көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары басталды.
Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Барлық ауылдық округтерге және Жаңатас қаласының әскери есепке жауапты мамандарына шақырылушылардың тізімі берілді.
2024 жылдың көктеміне берілген жасақ 92 адам, бұл 2023 жылдың күзгі шақыру науқанына қарағанда 24-адамға артық.
ҚР Үкіметінің 15.05.2012 жылғы №620 «Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу туралы» қаулысына сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақыруға Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті санда 18-27 жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатылу құқығы жоқ азаматтар жатады.
Алайда, соңғы уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен мәселеге айналуда.
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 30 бабына сәйкес, шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі.
Әскерге шақыру жұмыстарын жандандыру сапалы атқару мақсатында шақырылушыларды, тіркелген тұрғылықты мекен-жайын, оқу орындарын немесе жұмыс орындарын анықтауда және медициналық тексеруге келуден бас тартқан шақырылушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынады.
Әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады.
Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 387 бабында қылмыстық жауапкершілік қаралған.
Осыған байланысты, әрбір аудан тұрғындары, азаматтар жүргізіліп жатқан шақыру науқанына түсіністікпен қарау керек.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу әрбір азаматтың міндеті.