Қаратауда тұрғын үйлер жаңғыртылуда

ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңда кондоминиум мәселелерін шешу, коммуналдық жүйелерді жаңғырту мен дамытудың маңыздылығы айрықша атап көрсетілген. Сондықтан да қалалық жерді мекен ететін тұрғындар тиісті мекемелер тарапынан жоғары сапада ұсынылатын коммуналдық қызметтерді алғысы келеді. Әйтпегенде ше? Тұрғын үйден шығатын кәріз жүйесі ескірсе, тұрғын үйге дейінгі жылу, ауыз су құбыры тәуелсіздік алғалы ауыстырылмаса, тозығы жетсе де нысанға күрделі жөндеу жүргізілмесе онда біздің тіршілігімізді қала мәдениетіне сай деп кім айта алады?
Рас, осы күні еліміздегі қалалар тұрмақ, ауылдық елді мекендердің де ажары ашылып, жаңарып, жасара түскен. Келбеті келіскен елді мекендер арасында Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Қаратау қаласы да бар. Мұндағы 30 715 адамның ішінде зиялы, белсенді дегендері 12 тамыз күні шахардағы өнер мектебінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен жүздесіп, ауданға Қанатпек Мәдібек әкім болып келгелі саябақтардың сәні кіріп, көшелер асфальтталып, жарықшамдар орнатылып, қала кеш бата самаладай жарқырап қалғанын сөз етіскен. Әлгі жиында Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов есеп беріп, атқарылған жұмысқа көпшілік қанағаттанатындарын білдірген еді. Сол кезде шаһар басшысы аталған моноқалада 152 шағын және көпқабатты тұрғын үй бар екенін, ондағы 617 пәтерде 14 398 адам тұратынын, жеке сектордағы үйлер саны – 4 630, әлеуметтік нысандар саны – 76 екенін айта отырып, қала тазалығына қатысты атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған болатын.

– Қала аумағында 44 қоқыс алаңшасы бар. Ағымдағы жылы 8 алаңша жаңартылып, 50 қоқыс жәшігі (контейнер) қойылды. Алдағы уақытта тозығы жеткен 21 қоқыс алаңшасы жаңартуды қажет етеді. Оның жобалық сметалық құжатын 23 миллион теңгеге жасаттық.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 2 жеке кәсіпкер айналысады. «Таза қала Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке сектордағы 1 235 үймен, шағын және көпқабатты үйлердегі 14 398 пәтер иелерімен келісімшартқа отырған. «Қаратау саябақтары» ЖШС 1 544 тұғын үймен келісімшарт жасасты. Қаратау қаласы жанындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған аумағы 10 гектарды құрайтын полигонға аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп, тазалықты қамтамасыз ету мақсатында қазір айналасы қоршалып жатыр. Бүгінгі таңда 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді.

Мемлекет тарапынан 433 миллион 175 мың теңге бөлініп, шаһар ішіндегі тозығы жеткен 6 көше және қалаға бір кіреберіс жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қаламыздың оңтүстік кіреберісіндегі жолдың 4,1 шақырымы 149 361 мың тенгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаланың күншығыс бетіндегі Амангелді Иманов, Аманжол Байходжаев, Ғани Мұратбаев, Шона Смаханұлы, Қаныш Сәтбаев көшелеріне 166 дана диодты түнгі жарықшамдар қойылды.

3 мөлтек ауданындағы №48, 49, 50, 51 үйлердің аулаларына және Әбілда Ақшораев пен Иван Панфилов көшесіндегі шағын көп қабатты тұрғын үйлердің алдына 25 дана бағанасымен көше жарық шамдары орнатылды. Ә.Молдағұлова көшесіндегі № 55, 57 және Ә.Ақшораев көшесіндегі № 5, 9, 14, 16 үйлердің аулаларына 10 миллион теңгеге диодты жарықшамдар орнату жоспарланып отыр. Жобалық сметалық құжаты дайын, бюджеттік өтінім берілді, – деді Д.Байымбетов.

Аталғаншағын шаһарда 2023 жылы атқарылатын жұмыстар ретіне келсек, моно қалаларды дамыту үшін 47 көшенің жобалық сметалық құжаты жасалыпты. Алдағы жылы 18 көшені жөндеу жоспарланған. «Қаратау қаласының батысынан 56,595 миллион теңгеге 2,1 шақырым және шығысынан 161,716 миллион теңгеге 6,14 шақырым, кіреберіс» автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын, сонымен қатар қала ішіндегі 7 автомобиль көпірін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға енген екен. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаты дайын, құны 398,7 миллион теңгегені құрапты. Шахтер, Тамды әулие, Б.Момышұлы, Арбатас, Панфилов атындағы көшелерді күрделі жөндеуден өткізуге тиісті құжат әзірлеуге 5,6 миллион теңге бөлініпті. 3-мөлтек ауданындағы №51 үйдің ауласындағы спорт алаңы, «Жастар» саябағы мен «Орталық саябақ» ішіндегі волейбол, баскетбол және футбол алаңдары жаңартылып пайдалануға берілген.

Д.Нұрпейсова көшесіндегі ескі балабақшаның орны құрылыс қалдықтарынан тазартылып 26 миллион теңгеге шағын футбол алаңы мен Street Workout салыныпты. Ел аузында Шанхай аталып кеткен Қаратау қаласының шығыс бөлігіндегі және жұрт «Городок» десе жазбай танитын шаһардың оңтүстік батыс бөлігіндегі футбол алаңшаларын қайта жаңғыртудан өткізу де көзделіп отырса керек.

– 9 042, 2 мың теңге А.Шейн көшесі мен Б.Момышұлы көшелерінің аралығына мешіт жанынан жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жолағы төселді. Б.Момышұлы көшесі бойынан 5 538,0 мың теңгеге жасыл желектерді суландыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек келер жылы 17 тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру көзделуде. Оған жобамен 390 миллион теңге жұмсалады. Қаратау қаласы ішіндегі 4 арканы, шығыс кіреберісіндегі «Қаратау стелласын» және қаладағы басты 3 саябақты абаттандыру жұмыстарының жобалық сметалық құжаты дайындалып, оны қолға алу алдағы жылға жоспарлануда. Мұндағы саябақтарды, аллеяларды және гүлзарларды суару үшін сумен жабдықтауға шамамен 200 миллион теңге кетеді деп топшыладық, – деді қала басшысы.

Атқарылып жатқан тірлікте мін жоқ. Есепті жиында тұрғындар «Бәйтерек» саяжайында қоқысқа қатысты мәселе бар екенін еске салды. Тағы бір тұрғын қала бойынша жаңғыртудан өтпеген бар-жоғы оншақты үй қалғанын, соның барлығын істі созбақтамай, келер жылы жөндеуден өткізуге қаржы бөлуді өңір басшысы Нұржан Молдиярұлынан өтінген еді. Облыс әкімі ештеңе бірден бола қалмайтынын, барлығы жоспарға сай, кезең-кезеңімен шешілетінін тәптіштеді.

Негізінде Қаратау қаласында жөндеуді қажет ететін бар-жоғы 7 көпқабатты тұрғын үй қалыпты. Бірнеше жылдан бері мәселе ретінде күн тәртібінен түспей келе жатқан екі 9 қабатты тұрғын үйдің де шатыры демеушілер есебінен биыл жөнделеді екен. Жаңғыртуды қажет етіп отырған үйлер бойынша тарқата айтсақ, Б.Момышұлы көшесі бойындағы №10, №13, №15, №17, 3-мөлтек ауданындағы №16, және №5, №6 тұрғын үйлер бос тұрған көрінеді. Б.Момышұлы көшесі, №17 және 3-мөлтек ауданы №5, №6 жатақхана коммуналдық меншікте болса, ал Б.Момышұлы көшесі, №10, №13, №15 және 3-мөлтек ауданы №16 үйлер жеке меншік иелігінде екен.

Жоғарыда көрсетілген 7 көпқабатты үйлер толыққанды жөнделіп халық игілігіне берген жағдайда, тұрғын үй кезегінде тұрған 1 523 азаматтың саны шамамен 500-ге кемиді екен. Дейтұрғанмен, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың санын кеміту үшін, қалаға бірнеше көп қабатты үйлер салыну қажет деп санайды қаратаулықтар. Бүгінгі күні жеке меншіктегі Б.Момышұлы көшесі, №10 көп қабатты тұрғын үйге қатысты қайта жаңғырту жұмыстары басталып, қазір есік-терезесі салынып жатыр. Коммуналдық меншіктегі көпқабатты үйлерге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, тек облыстық әкімдік тапарынан қаржыландыру күтіліп отырса керек. Егер облыстық мәслихаттың бюджетті нақтылауы кезінде қаратаулықтардың өтініші ескерілсе, шаһардағы тұрғын үйлердің жаңғыртылуы бір-екі жылда шешімін табатыны анық.

qaz.mediaworld.kz