Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде

Сарысу, Талас аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарын қалпына келтіру бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде.

Қарлы боран мен қатты желдің салдарынан Жаңатас қаласындағы 2 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік, 9 спорттық нысан зақымдалған. Бұдан бөлек, жарық шамдары, электр бағаналары мен жүйелері істен шыққан болатын. Табиғи апаттан ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтердің де көше жарық шамдары мен электр желілері, жеке тұрғын үйлердің шатыры зардап шеккен.

Бүгінгі таңда Сарысуда 18 бригада, 23 техника жарықты қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. Қазіргі кезде 25 елді мекеннің 11-де электр желілері іске қосылған десек, Жаңатас қаласы бойынша 97 көпқабатты тұрғын үйдің барлығына жарық берілді.

Жаңатас қаласының орталық қазандығына 4 қаңтар күні электр қуаты беріліп, 5 қаңтар күні жылыту жүйесі іске қосылды. Ауыз су қалыпты режимде берілуде.
Ауданда бүгінгі таңда барлық бағыттағы жолдар ашылып, көлік қатынасы реттелді.
Ал, Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында тазалық жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыс шығарылуда.
Аудандағы электр жүйелерін қалпына келтіру үшін 4 бригада жұмыс істеуде. Қаратау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ Көктал, Тамды ауылдық округтеріне толығымен электр қуаты қосылған.
Қаратау қаласы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан 10 көп қабатты тұрғын үй мен қалалық әкімдік ғимараты зардап шеккен болатын. Бүгіннен бастап мердігерлердің техникалары мен құрылысшылары жасақталып, демонтаж жұмыстары басталды.
Ауданда азық-түлік өнімдеріне тапшылық жоқ. Аудандағы наубайханалар қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Жамбыл облысының әкімдігі