ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТАМЫЗДЫҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ ЕЛІМІЗДЕГІ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ӨЗІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТЕДІ. БҰЛ КҮНІ ОСЫ САЛАҒА БЕТ БҰРЫП, БЕЙНЕТ ЕТКЕН БАРША ЕҢБЕККЕРЛЕРДІҢ ҚИЫН ДА ҚЫЗЫҚ ЖҰМЫСЫНА АЛҒЫС АЙТЫЛАДЫ. ӨҢІРІМІЗДЕ ӨМІРІН ҚҰРЫЛЫСҚА АРНАҒАН, ОСЫ САЛАНЫҢ ШЕБЕРІ АТАНҒАН ЖАНДАР ЖЕТЕРЛІК. ОЛАРДЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ, ҚАЖЫР МЕН ҚАЙРАТЫ, ТЕМІРДЕЙ ТӨЗІМІ ӘРБІР ЖАСҚА ҮЛГІ ЕКЕНІ АНЫҚ.

Бүгін Құрылысшылар күніне орай аудан әкімі Сәкен Арубаевтың жүргізуімен салтанатты жиын өтіп, аталмыш саланың серкелері мен ардагерлері құрметке бөленді. Жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтаған аудан басшысы құрылысшылардың ақадал еңбегіне тоқталып, оларға алғыс білдірді.

-Құрылыс индустриясы — ел экономикасының негізгі арқауы. Қай елдің болмасын экономикалық қуаты мен әлеуметтік әлеуеті құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған жылдардан бері құрылыс қарқын алып, көздің жауын алатын нысандар бой көтеріп келеді. Соған сәйкес өсіп-өнгеніміз бағаланатыны анық. Әрбір кірпіш, әрбір шегені орнымен ұқсатып, күннің ыстық-суығына қарамастан қалтқысыз еңбек ететін құрылысшылар қолымен жасалған дүниені барлығымыз байқап жүрміз,-деген Сәкен Қаланұлы мереке иелеріне жүрекжарды лебізін жеткізіп, отбасыларына амандық тіледі.

Салтанатты жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Онда ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосқан құрылысшыларға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ мәслихат хатшысының міндетін атқарушы А.Жандабаева да бірқатар
жандарға ауданның Құрмет грамотасын тапсырды.
Өздеріне көрсетілген құрметке разы болған құрылысшылар аудан басшысына алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсіп тарқасты.

Шу ауданы