Құрылыс сапасы қала әкімінің жіті бақылауында

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көрді. Әуелі шаһар басшысы «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі «Ежелгі бекініс» имаратының құрылысымен танысты.
«Нұр Тұрсын» ЖШС қолға алған құрылыс 2022 жылы 1 мамырда басталған. Аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың 1-ші маусымы. Алайда, қала әкімі мұндағы құрылыс қарқынына көңілі толмайтынын жасырмады.
– Құрылыстың өте баяу жүріп жатқаны көрініп тұр. Мұндай қарқынмен бұл жұмыстар дер кезінде аяқталарына күмәнім көп. Нысанды межелі мерзімде тәмамдау үшін қарқынды үдетіп, жұмыс күшін арттыру қажет. Онсыз тірлік алға баспайды. Ең бастысы құрылыс сапасы. Осыны естен шығармаңыздар, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Құмшағал» алқабындағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арналған дене шынықтыру кешеніне атбасын бұрды. Аталған кешеннің де мердігері – «Нұр Тұрсын» ЖШС. Осы жылдың шілде айында аяқталуы тиіс ғимараттың жалпы ауданы 1 267 м2 алып жатыр. Нысанның жобасына сәйкес, мұнда балалардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалмақ. Мұндай кешендердің тұрғындардың денсаулығын нығайту үшін аса қажет екенін айтқан қала әкімі құрылысты белгіленген уақытта тапсыру керектігін баса жеткізді.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы М.Масанчи көшесі мен «Құмшағал» алқабындағы су желілерінің құрылысымен танысты. Өз кезегінде шаһар басшысы су желілерін жүргізген мердігерлердің асфальт жолдарды қайтадан қалпына келтіруге міндетті екендігін атап өтті.
Тараз қаласының әкімдігі