Ғылым саласының қызметкерлері марапатталды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов ғылым саласы қызметкерлерінің күнінен орай бірқатар сала мамандарымен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде еліміздің, өңірдің дамуында білім мен ғылымның маңызы жоғары екенін баса айтты.

— Ғылымсыз, жаңа технологияларсыз экономикада да, әлеуметтік салада да табысқа жетуі мүмкін емес. Ғылым алға баспай елдің табысқа жетуі қиын.

Сондықтан ғылымның дамуына өз өмірін арнаған және барлық күш-жігерін жұмсайтын адамдарды бағалауға тиіспіз.

Біз жастардың ғылымға деген қызығушылығын мектептен бастап дамытуымыз қажет. «Білім мен ғылымға бөлген қаржы – болашаққа салынған инвестиция». Бұл бағытта бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Мектептерде оқушылардың ғылыми қоғамдары құрылып, әр бағыт бойынша жоғары оқу орындарының ғалымдарын тарта отырып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, республикалық ғылыми жобалар жарысында біздің облысымыздың командасы 13-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді.

Күні кеше ғана өткен биылғы ғылыми жарысқа облыстан 59 оқушы қатысып, оның ішінде 35-і жүлделі орындарға қол жеткізді. Яғни, облыстар арасында алғашқы орын.

Бұл – жастардың ғылымға деген аса зор қызығушылығын, келешекте ғылым көшін өрге сүйрейтін буынның өсіп келе жатқандығын көрсетеді.

Өз кезегінде осындай дарынды жастарға үкімет, облыс тарапынан да үлкен қолдаулар көрсетілуде,-дей келе Нұржан Нұржігітов сала қызметкерлері мен отандық ғылымның жетістігі туралы да атап өтті.

Бұдан соң ғылым жолында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды.

Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясының академигі, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-зерттеу жөніндегі директоры Нұрлан Балғабаевқа, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Ақпаратты-коммуникативтік технологиялар» кафедрасының доценті Талғатбек Аязбаевқа, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ҒЗЖ ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы Мәртебе Жанқуанышевқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталса, өзге де азаматтар Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.

Өз кезегінде марапатталғандар да елеп-ескерген облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

Жамбыл облысының әкімдігі