«Ғасырлар аманаты» көрмесі ұлтық музейде ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Ақмола облысы музейлерінің «Ғасырлар аманаты» көрмесі ұлттық музей ғимратында салтанатпен ашылды. Іс-шараға сенатор Ж.Ерғалиев, мәжілісмен В.Косарев, Ұлттық музейдің директоры Д.Мыңбай, Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы С.Бөрбаева және мәдениет және музей ұжымдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шараның ашылуында Ұлттық музейдің директоры Д.Мыңбай, сенатор Ж. Ерғалиев, мәжіліс депутаты В.Косаревтер құттықтау сөз сөйлеп, көрменің құндылықтарына тоқталды.

косаревМәжілісмен В.Косарев алдыңғы шешендермен бірдей көрменің құндылығына тоқтала келе, сөз арасында өзінің жер туралы жазған өлеңін оқуға көпшіліктен рұқсат сұрады. Көпшіліктің ұйғаруымен өзі жазған «Жер» туралы өлеңін оқып, жиналғандарды бір таң қалдырса, екіншіде бүгінгі күні ушығып тұрған жер мәселесіне бей-жай қарай алмайтынын, көпшілікке жеткізгені деп, ұқтық. Шынында жер мәселесі осы қызыл коммунист В.Косаревтен басқаларға керегі жоқтай көрінеді. Себебі, сенаторлар, депутаттар жұмған аузын ашуға ерінетіндей сезінетіні жасырын емес. Ал, Владислав көкеміз жер жайлы жаһанға жар салып жүр. Коммунистік тәрбие әлде, отан сүйгіштігі, еліне, жеріне адалдығы, патриоттығы ма, қалай айтсақта В.Косаревтің бұл қылықтары халыққа жағып жүргенін баса айтқан жөн. Келесі кезекте сөз алған Ақмола облыстық Мәдениет басқармасының басшысы көрме жайына кеңінен тоқталып, жәдігерлер тарихынан көпшілікке мағлұмат берді. Көрмеге қойылған жәдігерлер ішінде Абылайханның сенімді серігі, Қанжығалы Бөгенбайдың шөбересі Саққұлақ бидің тұтынған парсы кілемінің фрагменті (кілемді 1840 жылы Омбы қаласының генерал- губернаторы Саққұлақ биге силаған. Жәдігерді 1991 жылы Саққұлақ бидің ұрпағы Ә.Барлыбаев деген азамат музейге тапсырыпты.) және Қарауыл шешен Қанай атымен танылған Қанай бидің «саптаяғы», Ақан сері ғашық болған Ақтоқтының жеке заттары (айна, жүзік,іс машинасы) сияқты тарихи құнды жәдігерлер қойылыпты. Көрмені әрлендіру үшін жарық және драмалық оқиғалар призмасы арқылы өткен ғасыр тарихтарын, көркем сурет, панорамалармен көркемдегені айрықша көңіл тартады. Көрмедегі құнды жәдігерлердің бірегейі «Көшпенділер» триологиясын жазып, Қазақ хандығының тарихын өшпестей айқындап жазған жазушы, қоғам қайраткері Ш.Есенберлиннің тұтынған заттарының көрмесі арнайы бөлім болып қойылғаны, тарих сүйер қауымға көп нәрсені аңғартқандай. Көрме Астана жұртымен, қала қонақтарының тамашалауында бір ай мерзімде болатынын, айта кеткен жөн.

Дахан Шөкширұлы