Амангелді Айталы жаңа «Жер кодексіне» жалпы мораторий жариялауды ұсынды

Қоғам қайраткері Амангелді Айталы жаңа Жер кодексіне мораторий жариялауды ұсынды.

Елбасы Жер Кодексіне түзетулерге мораторий жариялап, елді түсіністікке шақырып отыр. Жер мәселесінде еліміздің экономикалық, ұлттық, әлеуметтік, қауіпсіздік, ақпараттық мүдделері тоғысып жатыр.

Жер ұлтаралық татулықтың негізі. Еліміздегі Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында бір тұрғынға есептелгенде 11-13 гектар құнарлы жер келсе, Жамбыл облысында — 2,16 га, Алматыда — 1,49, Қызылордада — 1,09, Оңтүстік Қазақстанда — 0,81, Атырауда — 0,76 және Маңғыстауда — 0,03 гадан келеді.

Осы алты облыстың үлесіне еліміздегі құнарлы жердің 13 пайызы ғана тиеді. Қазақтардың басым көпшілігі құнарлы жерде отырған жоқ. Бұл Ресейдің отарлау саясатының салдары. Халықтың барлығын бірдей құнарлы жерге қол жеткізбей тұрғанда жер сатылса, ел ішінде алауыздық туады. Жер сатуға қарсылық атыраулық, қызылордалық, басқа да құнарсыз жерде отырғандардан басталуы түсінікті.

Жер қазақтар үшін табыстың көзі ғана емес, рухани құндылық, қазақты қазақ ететін атамекені. ҚР Конституциясының преамбуласында «байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құра отырып» деген ұлағатты сөздер тегін жазылмаған. Жер сатуға қарсылық тек қазақтар арасында орын алуы да осыдан. Қазақ жерді басқадан қызғанбайды, бірақ намысын қорғайды. Кезінде Қазақстанда «неміс автономиясының» жасанды көрінгені де сондықтан. Талай ғасыр отарлау саясатының тепкісін көрген қазақ шет елге жерді жалға беруді де қабылдай бермейді. Осы нәзік психология төңірегінде үкімет комиссиясы терең ойланбайтын сияқты.

Жер қатынасын реттеу, жерден табыс табудың жолы жерді тек жеке меншікке сату деу – біржақты пікір.

Ғасырлар бойы кең-байтақ қазақ даласында қауымдасып өмір сүрген қазақ, орыс халықтарының менталитетінде коллективизм басым екені анық. “Жердің иесі” дегенде қазақстандықтар жеке шаруадан гөрі, ұжымды көп айтады. Жерді пайдаланудың басты жолы — жер үлесі мен мүлік үлесі иелерінің ұлты мен дініне қарамай бірлескен ұжымдық шаруашылығы тиімді деген пікір елде басым.

Жерді жалға алып, оны күтіп-баптап, еғін өсіре алмай отырған шаруа қожасы, фермерлер көп. Ол өмір көрсетіп отырғандай, жерге жеке меншік иесі болмағандықтан емес, қаржысыз, техникасыз болуынан. Мемлекет қамқорлык көрсетіп, өсірген өнімін өткізуге қолдау жасаған елдерде меншік түріне карамастан ауыл шаруашылығы тиімді жүргізілуде.

Әлемдік тәжірибе, кешегі озық ұжымшарлар мен кеншарлардың да тиімділігін көрсетті, оларға да инвесторлар тартуға болады. Көрші Өзбекстан жерді сатпай-ақ ауылшаруашылығын дамытып отыр.

Жер мәселесін елдегі әлеуметтік жағдайлардан тыс қарастыруға тағы да болмайды. Кедейшілік, қымбатшылық қақтығыстарға, қақтығыстар кедейшілікке апарады. Бүгін доллармен қазақстандықтардың жан басына шаққандағы табысы 13 мың доллардан 6,9 мыңға түсті.

Ал жер сатылып, жеке меншікке айналған кезде ол жерді сатып алатын бүгін де, ертең де қарапайым қаржысыз халық емес, қаржылы топтар екені, жерсіз қалған шаруалардың көбейетіні, әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісіп, таптық тартыстар мен жанжалдарға ұласатыны тарихтан белгілі.

Жұмыссыздық, әсіресе 21-35 арасындағы жастағылардың жұмыссыздығы, олардың көңіл-күйіне зор әсер етеді. Олар аға ұрпақтың «үндемесең үйдей пәледен құтыласың» деген қағидасын ұстана бермейді, пікірлерін ашық білдіреді, білдіріп те жатырғанына куәміз.

Жер тек бүгінгі ұрпақтың игілігі ғана емес, онда болашақ ұрпақтың да сыбағасы бар. Ұрпақтар сабақтастығы жерге иелік етуде де жалғасын табуы керек болар

Жемқорлық мәселесі. Жылаймыз ба, күлеміз бе, премьер-министр сотталғанда ел арасында енді темір тордың ар жағында үкімет жасақтауға болады десті. Жеке жемқорлармен күрес жүріп жатыр, бірақ жемқорлықпен жүйелі күрес әлі де жоқ. 90-шы жылдардағы жекешелендірудің кейбір ащы сабағын білетін халық бүгінгі жер сатудың барысында жемқорлықтың да көрініс алуынан сақтанады. Ал жылдап үй салуға заң бойынша тиесілі 10 сотық жер ала алмай жүргендерге жер сатуды түсіндіру қиын.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде демократиялық үрдістер бәсеңдеп, соның салдарынан әкімшілік үрдістер үстем болуда. Үкіметтің, Президент әкімшілігінің, Парламенттің халықпен есептеспейтіні жер мәселесінде ашық көрінді.

Тек жер мәселесін ғана емес, тұтас осы күрделі қайшылықтар әр адам, әлеуметтік және этностық топ, діни бірлестіктер мүшелері, жастар мен кәрілер, қала мен ауыл тұрғындары өз ой елегінен өткізеді және амал-әрекеттер жасайды, көшеге шығады.

Еліміздің тірегі — татулық пен тұрақтылық. Жерді сатпасақ нарыққа өтпейміз деу де шындыққа сай емес. Жерді пайдалануда меншіктің қай түрі де елімізде орын алуы мүмкін. Жермен жұмыс жасап жатқандардың бүгін жерді сатып алуға дайын еместігін, латифундистер алса, кері нәтиже беретін ауырлығын еске алып, жер мәселесін талқылауды тоқтатып, бір жыл емес, жалпы мораторий жариялап, елдің толқуын басып, саябыр қалыпқа келтіру қажет. Сондықтан азды-көпті пайда мен оның әлеуметтік-саяси салдарын таразыға салып, терең ойланған жөн.Үш тұғырлы тіл мәселесінде де асығыстыққа жол бермейік.

 

 Nur.kz