Зиялы адам

«Көп адам ойлайды: интеллигент адам — көп оқып, мықты білім алған, бармаған жері жоқ, бірнеше тіл білетін адам деп.
Ал шын мәнінде осының бәрі бойынан табылса да интеллигент болмайтындар бар. Осының біріне де ие болмастан жан дүниесімен интеллигент боп жаралған жандар бар.
Зиялылық тек біліммен қонбайды. Ол өзге адамды түсіну деңгейімен өлшенеді. Өзгені түсіну мыңдаған ұсақ-түйектен тұрады: өзгемен әдепті түрде дауласа білу, дастархан басында ұстамды болу, өзгеге білдірмей көмек қолын созу, табиғатты құрметтеу, айналаңа қоқыс тастамау — темекінің тұқылын тастамау, түкірмеу, боқтамау, жаман ойламау (бұл да қоқысқа жатады!).
Мен Солтүстікте интеллигент боп туған орыс шаруаларын білуші ем. Олар үйлерін өте таза ұстайтын. Есті әндерді бағалайтын. Бастан кешкен оқиғасын майын тамызып айтып беретін.
Қарапайым тұрмыс құрған. Қонақжай еді. Сәлемдері түзу болатын. Бөтеннің қайғысына және қуанышына түсіністікпен қарайтын.
Зиялылық — түсіне білу, көргенін қабылдай алу, әлем мен адамдарға деген төзімділік қабілеті.
Білім жинау қабілеті — бұл да зиялылық. Сауатты болу ескі мазмұннан шықпайды. Интеллигентті болу — жаңаны жасау мен ескіні жаңаша көрумен бағаланады.
Көп адам жүре біткен зиялылық өмір-бақи сақталады деп ойлайды. Қателеседі! Зиялылықтың отын өшіріп алмау керек.
Кітап оқы. Таңдап оқы. Кітап оқу — адам бойындағы зиялылықты тәрбиелейтін ең маңызды құрал. Зиялылықтың басты отыны.
Зиялысын бағаламайтын ұлт түбінде құрып бітеді. Әр адам зиялы түрде жетілуге міндетті (қайталап айтам — міндетті!). Бұл өзі өмір сүретін қоғам алдында, ар алдындағы міндеті!
Зиятты жетілдірудің негізгі (әрине, жалғыз емес) тәсілі — кітап оқу. Кездейсоқ кітап оқу емес. Оған бекер уақыт кетеді. Ал уақыт — ұлы құндылық, оны бекер шашуға болмайды.
Қандай кітапты оқу керектігін тізімдеу оңай емес. Білетін адаммен кеңесіп алған жөн. Әр түрлі анықтамалықтарды ақтарып көру керек.
Кітап оқудың қауіпі — бұл мәтінді «диагональмен» көру, не жылдам оқудың тәсілдерін дамыту (саналы не бейсаналы түрде).
«Жылдам оқу» адамды білімді қылып көрсетеді. Ондайды тек кейбір мамандықта ғана қолдануға болады. Жылдам оқу назар салудың дертіне шалдықтырады.
Егер оқыған кітаптан бірде бір жеке ой тумаса, оны текке оқығаныңыз.
Колумб болыңыз — мағынасыз кітаптардың мұхитынан тек пайдалысын тауып оқыңыз.

— Д.С. Лихачев

Shynar Ábildá фб парақшасынан