ЖЫРАУЛАРДЫҢ САРҚЫТЫ
Бүгін қазақ халқының аяулы перзенті, әнші, жыршы, педагог, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дарын жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсінің III және IV шақырылым депутаты Бекболат Қанайұлының туған күні.
Уа, Алла Тағалам, Бекболат ағама екі дүниенің жақсылығын нәсіп ет!
Жамандықтан қашық ет!
Арман-тілегін асыл ет!
Көрсетпе оған қасірет!!!
ЖЫРАУЛАРДЫҢ САРҚЫТЫ
(Бекболат ағама)
-1-
Ұлтының саф өнерін ардақтаған!
Қазақта аз ғой сіздей, ардақты аға!
Парасат биігінен көз жүгіртіп,
Болашақ берері анық талғап баға!
Аман жүр,
аяулы ағам, ардақты ағам,
Ез бен ерді екшелеп, салмақтаған!
Даңғаза, дақпыртқа еріп шалқымайсыз,
Ар-иманмен нәпсіңіз ноқталанған!
Таразыға тартқанда бар мен жоқты,
Құрбандыққа шалынар көңіл-тоқты!
Ізгіліктің жолында жүрген жанның,
Қай заманда сынағы жеңіл бопты!
Пайғамбарға тас атқан қауым кеше…
(Абай еске түседі ауыл десе!).
Аяқтан шалғандарға қамықпа, аға,
Ақыретте қайтады кеткен есе…
Түсінер,
біреу бәлкім түсінбейді,
Халқым деп жасап жүрген ісіңді игі!
Қобыздың сарыны мен күй,
домбыра,
Даңқыңды, аға, жерге түсірмейді!
…Көше берген ғасырлар,
өше берген…
Бақ таптыңыз ағасы осы өнерден!
Кешегі жыраулардың сарқытындай,
Сізді көргім келеді өсіп-өнген!
Бар қазақты сүйемін елім дейтін,
Жерім дейтін,
Руға бөлінбейтін!
Аға,
маған заңғар шың секілдісіз,
Арасынан бұлттардың көрінбейтін!
-2-
Бабалардың арқалап аманатын парызын!
Жеткіздіңіз тұншыққан ғасырлардың “арызын”.
Қазтуған мен Шалкиіз шықты атойлап сол кезде,
Ақтамберді, Доспамбет қайрады елдің намысын!
Елің көкке көтерді, бағалады барыңды,
Сөз түсінер ағайын қасыңыздан табылды!
Күшігендер-күншілдер сындыра алмас сағыңды,
Алла өзі көтеріп тұрған кезде бағыңды!
Нағашыбай Қабылбек

