Жылыжай соқсаң, жер тегін

Қала аумағындағы «Флора» саяжайындағы бұзылған үйлердің орны көшенің сиқын келтіріп, көзге оғаш көрінетін. Бір кездері көшесі жасыл желекпен көмкерілген, бау-бақшасы жайқалған саяжайға елең-алаң тұстағы салқын әсер етпей қоймады. Пайда іздегендер үйлерді бұзып, құрылыс материалдары ретінде жаратса, темір шарбақтары қолды болды.
Ел тірлігі түзеліп, қаланың дамуына көңіл бөлінген шақта, саяжай мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мұндағы үйлерді қалыпқа келтіріп, тұрақты қонысқа айналдырып жатқан тұрғында да жетерлік. Қазір көшелеріне жарық орнатылып, асфальтталған аумақта бұзылған үйлердің орындары тегістелді. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің бастамасымен 4 гектар аумақ үйінділер мен құрылыс қалдықтарынан тазартылды. Ендігі ретте топырағы құнарлы, тың алқап кәсіп жасауға ниет білдірген азаматтарға ұсынылмақ.
Жылыжай соғамын, іс бастаймын деген жандарға 12 соттыққа дейінгі жер көлемі тегін үлестірілмек. Осы мақсатта, арнайы қаражат қарастырылып, құбырлар тартылды. «Жартас» көлі арқылы су қорын толтыратын 300 текше метрлік су мұнарасы жаңартылды, электр желісі тартылды. Тек білек түріп еңбек етсең болғаны.
Баптай білгенге жылыжай- табыс көзі. Бір жылда алатын екі реттік жиын-терім жұмсалған қаражат шығынын толықтай өтеуге жетеді. Бұл туралы осы салада тәжірибе жинаған кәсіпкерлердің өздері айтып отыр. Табысынан бөлек, жылыжайдан алынған өнімдер жергілікті тұрғындарға саудаланса, баға тұрақтылығына да әсері болар еді. Тұтынушыларға да қажеті –осы емес пе?…
Қазір ауданда төрт жылыжай ғана бар. Олардың барлығы жылдың төрт мезгілінде тұрақты жұмыс жасап жатыр деп айту қиын. Дегенмен, саудаға шығарылып жатқан көкөніс өнімдері жоқ емес. Әңгіме халық тұтынатын өнім көлемін арттыруда.
«Флора» саяжайы аумағында бүгінде «Нұржан Ахметқалиев» жеке кәсіпкерлігі 20 соттық жерді жылыжайға айналдырып, жұмысын жүргізіп жатыр. 12 соттық жерден іс бастап көрмекке ниет білдірген жеке кәсіпкер «Ербол Бекмолдиннің» еңбегі де өзгеге үлгі боларлық. Қияр және қызанақ өсіруге бел буған кәсіпкер құрылыс жұмыстарының жуық арада аяқталатынын айтып отыр. Одан бөлек, кәсібін кеңейту мақсатында жылыжай көлемін 24 соттыққа кеңейту қолға алған. Оны қыркүйек айына дейін аяқтап, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын бастамақ. Ал, жеке кәсіпкер «Гүлмира Қоңырбаева» үй іргесінде жерді жылыжайға айналдыруды көздеп отыр. Жобаның құны 15 млн. теңгені құрайды.
Жалпы, биылғы жылға агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша оның ішінде жылыжайға қатысты 75 млн. теңгеге 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Жылыжай көбейсе, өнім көлемі де арта­ды, саудада бәсекелестік орнайды. Ол өз ке­зе­гін­де бағаның тұрақтануына септігін тигізеді.
Жалпы, жылыжаймен айналысқанның еңбе­гі далаға кетпейді. Тәуекел мен табан­ды­лықты талап ететін кәсіптің табысы атқар­ған еңбекпен өлшенеді. Сондықтан, таңдау танытып, ыңғай білдірсең-жылыжай соғуға жер тегін, қолдауда да жоқ емес.

Көркем Асқар