ЖЫЛЫ СӨЗДІҢ ШАРАПАТЫ

(Әңгіме)

 

Менің «арыз жазғыш» жездем болған. Ныспысы-Жалғас. Ой, қызық адам еді. Қызық болғанда ақкөңіл, салдырлақ, баладай аңғал, ешкімге зияны жоқ, тіпті, көп пендеден озық адам. Қожанасыр қылығы да өзіне жарасып тұратын. Күлкіге де қарық қылатын кейде.
Бар айыбы — «арыз жазғыштығы». Арызды жазайын демейді, күйіп кетеді ғой, күйіп кетеді. Сондағы жазатын арызы отбасы, ошақ қасынан әріге аспайды. Қай қоғамда да күйдіргілер көп емес пе. Солардың мазағына, енжарлығына ыза болып арыз жазады деп өтірік айтпай-ақ қояиын. Олармен шаруасы жоқ. Өзі «арыз» деп қопақардай қылатын дүниесі – өтінішке келіңкірейді бір қарағанда. Бірақ жездем ақ қағаздың тап ортасына «Арыз» деп бадырайтып жазып қояды. Содан ләззат алатын секілді.
Жездемнің портретін суретші болсам былай қюластырар едім, шіркін. Ең алдымен қара бояуды алып, әбден суға езгілеп, бабына келтіріп, қара шашқа тиесілі бастың екі жағын қоюлатып, ортасын жалғыз аяқ сүрлеу жол қылып, ол жолды маңдайға әкеп бір — ақ тірер едім. Ар жақ басын желкеге жеткізіп, мойынға асып жіберемін. Одан кейін қарлығаштың қанатындай екі қасты сызып, екі қырғи көздің ішіне екі қара ноқат қалдырар едім. Қолымдағы кистичканы қара бояуға рақаттана бір малып алып, мұрын мен ауыздың ортасына қою мұртты қалыңырақ жағып тастарым анық.
Қыр мұрынды қоңыр бояумен әсемдеп, бүйрек беттің ұшына қызыл бояуды бір сүйкей саларым шүбәсіз. Одан ары жұмыс жеңілдей түседі. Сортаң жердей сопиған иекке қысқа мойынды орналастырып, екі иықты кеңірек алып, одан екі қолды төмен қарай ербеңдетіп, саусақтары белге жеткен шама да, екі аяқты төмен қарай тастап жіберемін. Егер қиялға ерік берсем, жездемнің аяғын оқтаудай қылу немесе қамыт аяқ қылып талтаңдатып тастау өз қолымда…
Сонымен қойшы, дембелше келген жездем, сымбатты кісі. Түрі де сүйкімді. Өзінің айтуынша, бозбала шағында керемет сұлу болыпты.
Апамыз жоқта сөйлеп кеткенде Харковта екі жыл армияда болғанын, талай орысты ұрғанын, «Синая глазалардың» мұны көрсе соңынан жүгіргенін тамсана айтады. Қоптыртып жіберсең, аттың басын жібереді.
Екі стақан таза самагонды тастап алып, орыс деревняларына «жорыққа» шыққан кезінен бастаса әңгіме ұзаққа кетеді. Шама келсе оған жеткізбеуге тырысамыз. Әккі балдыздары «дара шапқан кертөбелді» қайырмалап отырып ортаға қосып аламыз. Ал жездеміздің жастық шағы жалындаған от. От емес -ау өрт. Апамызға үйленіп қалып жалыны басылған. Әйтпесе…
Кітапты көп оқығандықтан болар сөздік қоры да бір басына жетерлік. Қиялы да ұшқыр.
Бір әлсіз тұсы бар ол — мақтағанды жақсы көретіні. ( Мақтағанды кім жек көрсін). Алайда жездем, жақсы көреді дегеннен көрі, сүйеді, ынтық десем жарасар…
Реті кеп қалғанда даңғыл «Жолға» салып жіберсең жетіп жатыр…. Ой, тоқтауы қиын… Негізі ақкөңіл адамда арамдық көп бола қоймайды ғой. Жездем де сондай кісі.
Бірді айтып, бірге кете бердім- ау, менің білуімше көбінесе адамдар арызды кей ағайынды күндеп, біреуді жүндеп, болмаса жоғын түгендеп жазып жатады ғой. Ал менің жездемнің арыз жазғаны қызық. Тағы айтамын, ешкімді жамандамайды. Ойы тығырыққа тірелді ме, бітті! Ақ қағазға жүгінеді.
Кәдімгідей төгілдіріп, қазақы мақал — мәтелді үйіп — төгіп, ақ қағаздың бетін айбақ — сайбақ қылады. Байғұс әріптер қанша «ирелеңдеп» жатса да, жездемнің не айтқысы келгенін ұқтыруға «тырысады». Әйтпесе, умаждалып қол сүртуге, не пештің көмейіне кетіп қалатындарын жақсы біледі.
Арызқойлардан жездемнің бір ерекшелігі, арыз жазғанда әр сөйлемді жаңа жолдан бастайтыны. Ондағы қулығы: оқыған адам шатаспасын дегені. Не айтқым келгенін әкім – қара түсінбей қалмаса екен деген мысық — ой да бұқпантайлап жатуы кәдік.
«Мінгескен», «құшақтасқан» сөз тапайсың. Бәрі анық, бәрі айқын.
Басты мақсат: арыз барған жерінде оқылуы керек. Болды.
Үлкен ыждахатпен дайындалған арызда ой бар, логика бар. Ең бастысы: іштен шыққан жанайқай бар…
Жездем Арқалықтың қасындағы бір савхозда механизатор болып жұмыс істеді. Жиі болмаса да, соғып тұрамын. Әңгімесін тыңдау үшін… құлағын бұрау үшін…
Бір жолы жездем үйіне қонаға келдім. Жездем қуанып қарсы алды.
-Осы балдызым ( Біздің жақта ұл да, қыз да балдыз) ғана мені іздейтін. Жаман жездесінің қолы қысқа, әттең. Әйтпесе, бір семіз бағыланның басы қазанда қайнап, балдызымның екі көзі шоқтай жайнап отырар еді- ау. Нешауа. Өткен жолы макаронмен жаттың, балдыз. Бүгін де картошкамен қылжиасың — ау деймін. Бірақ ертең бір қойдың біздің үй жаққа «маңырап» келіп қаларына уәде беремін. Жас сорпа ішіңе жақпай жүрмесін байқа, балдыз? — деп бір қағытып өтті. Жымиып мен отырмын.
– Жездеңді білесің ғой, сөздің емес, істің адамы. Совхоз директорына бүгін түсте арыз жазып апарып тастадым. Арызымды ол оқыды. Көп жайға қанықты деп ойлаймын. Бәрі таңертең белгілі болады, – деп сенімді түрде сөйлеп отыр.
Қызығушылығым оянып кетті де: – Жәке, сөзіңізге қарағанда арызда көп нәрсе қамтылған — ау. Соншалықты не жазып тастадыңыз?- дедім ойымда ештеңе жоқ.
-– Ой, балдызжан, жаман жездеңде диплом құрғыр жоқ демесең, басқасының бәрі бар ғой. Құдайға шүкір, түр бар, ақыл бар, сауат бар ең бастысы. Қазір, тұра тұр — деді де, көйлегінің төс қалтасынан төрт бүктелген ақ қағазды маған ұсынды.
– Совхоз директорына жазылған арыздың «черновигі»!
Бүктеуін жазып оқи бастадым: «Аса құрметі …. ауылының совхоз директоры Бәленше Түгеншевич! Сізді үкімет халыққа қамқор болсын деп осы ауылға директор қылып сайлады. Онда біз секілді жұмысшыларыңыз неге қызылсырап жүр? Өзіңіз білесіз, әйелім, үш балам бар. Ет жеп қалған қазақтың біріміз. Балаларым да етті аңсайды. Әйелімде, «шіркін, жас ет болса» деп қояды тамсанып.
Балдыз деген бір ел бар. Оны өзіңіз де білесіз! «Бөріктінің намысы бір » емес пе. Солардың алдында таба ете көрмеңізші, мені? Ұят болды тіпті. Үнемі солар келгенде битімізді сығып отырамыз. Жездем деп жетіп келгенде қазаннан еттің исі шығып жатпағасын олардың да көңіл хоштары болмайды. Мені жаңа ғана жерлеп қайтқандай түнеріп отырады, шіркіндер.
Директор мырза, сізден өтінерім, ыстық тамаққа бір қой жаздырып берсеңіз? Көптен ет жемегендікі болар, үй ішінде атмосфера дұрыс болмай тұр!».
Арыздың сиқы осы.
Миығымдағы күлкіні аңғарды ма, жездем жұлып алғандай: – Арызым ұнамай қалды ма, не? — деп тесіле қарады.
– Қалай десем екен, былай жаман емес, жезде. Кішкене бүйтіп, ресмилеп жіберсе қатып кеткелі тұр. Мысалы, «директор жолдас, менің айлығыма есептеп, бір қой берсеңіз, сорпа-суға».
Бұл сөзге көңіліңіз толмай жатса, (азсынсаңыз): «Директор жолдас, еттің орны бөлек қой» дегенді қоса салыңыз. Оның басын қатырып қайтесіз!
Жып — жинақы. Қандай әдемі боп шығар еді?. Бұдан артық қандай арыз керек, сізге?
Ренжімеңіз, сіз болсаңыз термелеп кетіпсіз. Әйеліңіз бен балаларыңыз жарайды, балдыздарыңызды арызға тіркеудің қандай қажеті болды? Олар Сіздей аптал азаматты ет үшін өлімге қияды дегенге кім сенер? Алтын басыңызды осынша төмендетуіңізге жол болсын! Атан түйеге қос ту биені қосақтап сойса да, Сізбен қара нан жеп отырған бір сәтке тати ма жездем- ау — деп көз қиығымды салып едім, жездемнің көңілі босап, көзі жасаурап барады екен, мұндай мүмкіндікті қалт жіберетін менмін бе, ақырын «сипай қамшылай» бастадым: – «Қызылсырап» , «Битімізді сығып» деген сөйлеміңіз тым артық жезде. Оның орнына, «ет жегіміз келіп жүр», » Көп болды етсіз отырмыз» десеңіз директорға сол ұғыныңқы. Сіз көркем шығарма жазғандай көсіліпсіз. Дегенмен, Сіздің үлкен біліміңізді, біз, балдыздарыңыз бағалармыз. Совхоз директоры парқына бара қояр ма екен?» деп тоқтадым.
Байқаймын аңғал жездеме «Сіздей аптал азамат», «Алтын басыңыз», «Сіздің үлкен біліміңіз » деген көтерме сөздер қатты әсер еткені байқалады. Қасқа басын шалт көтеріп алды. Көзі күлімдеп, маңдайы жазыла түсіпті.
– Дегенмен сыныңа қосыламын, балдыз! — деді көңілді дауыспен. «Қайран сөзім қор болды…» деп Абай ғұлама айтпақшы, менің де небір асыл сөздерім желге ұшып жатқан секілді. Бұдан кейін арызымды, өзің айтқан ресми қалыптан асырмаспын- деп уәде бергендей болды маған.
Сол түні қонып, ертесі таңсәріде жолға шығып кеттім.
*********
Ол кезде бүгінгідей ұялы телефон жоқ, сағат сайын хабарласып тұратын.1992 жыл. Жездемнің қара күзде күздікке семіз қашар сойғанын естідім. Және хабаршылардан мені күтіп жүргені жайлы әңгімелер де жетіп жатты. » … дәм айдаса қалма» деген рас екен, ойламаған жерден Жалғас жездемнің үйіне жолым түсті.
Қасқа маңдайын күн сүйген қайран жездем сол баяғы ақ жарқын қалпы қалбалақтап қарсы алды. Қуанып жүр. Қара мұрты да жыбырлап қояды. Аздап маңдайына әжім түскен бе, қалай?. Қасын керген сайын маңдайында толқын ойнайды. Еңкіш тартып қалғаны байқалады… Бірақ қырғи көзі баяғыдай от шашып тұр…
Шәй ішіп отырмыз. Қазанда семіз қашардың еті бүлк — бүлк қайнайды. Исі жарықтық мұрын жарады. Жездем сөйлеп отыр: – Әй, балдызым — ай, үйге соғуды қойып кеттің. Көзіңді ашқалы етпен арпалысқан қасқыр мінез балдызымсың ғой, сені де түсінуге болады. Ет жемесең, қызға сөз айтатын күш — қуат қайдан келеді саған! Капуста мен кәртошке рухыңды өлтіріп тастайды ғой білемін. Оны жеген қайран белден қандай күш — қайрат қүтесің! Сондықтан саған түсіністікпен қараймын, – деп мені бір қағытып өтті.
Мен үнсіз тыңдап отырмын. Жас еттің исі тәбетімді шақырады. Шайға зауқым жоқ.
– Елден жырақтап кеткесін, жездеңнің де күні күн болмай қалды ғой, балдызжан. Баяғыдай қонақ келсе алып ұратын қой — ешкі жоқ. Ірі — қара сауын ғана. Маңайдың бәрі егін. Мал ұстау қиындап кетті.
Әйтседе директор арызымды аяқсыз қалдырып көрген жоқ обалы, қәні, – деп жездем жаңа бір әңгіменің шетін шығарды.
Елең ете қалдым. Есіме баяғы арыз түсіп күліп жібердім.
– Жездеке, шошалаңыз етке толы сияқты? Директорға арыз жазатындай тағы не болып қалды? — дедім сыр тартып.
– Ойбай, несін сұрайсың – деп, жездем қалбалақтап маған таныс төс қалтасынан умаждалған, бүгілген жерінің ииі қанған бір парақ қағазды шығарды. Алдымен өзі көз жүгіртіп қарап шықты да, маған ұсынды.
Оқып жатырмын. » Аса құрметті директор мырза! Сізге арыз жазуыма себеп болған мына жайт. Үкіметтің қолдауымен ауыл халқына калонкадан үйді -үйге су тартылуда. Бұл қуанарлық мәселе. Бұрындары қысы — жазы калонкадан қатын — бала су тасып, әбден ығыры шығатын. Балалардың қолы күс — күс, іиін ағашпен су таситын қатынның иығы мазел-мазел болып жүретін. Тіпті жиналған кірдің өзін қатын айына бір — ақ рет жуатын. Амал жоқ, сасып — бүксіп жүретінбіз. «Үйге су тартылғалы жатыр» деген хабарды естігелі «Қатыны ұл тапқандай» қуанғанның бірі мен. Алайда директор мырза, қуанышым ұзаққа созылмады. Жұмысшылар үйдің маңын ұрық-шұрқ қылып ойып — ойып тастады. Үйдің тесілген қабырғасынан жел гулеп тұр. Жұмысшыларға «Неге жұмысты жылдам бітірмейсіңдер» десем, олар, «труба жеткіліксіз» деп азар да — безер. Өзіңіз білетін, етті жақсы көретін қасқыр балдыздарым келсе, машиналарын алысқа тастауға мәжбүр. Өйткені жолдың бәрі ойран-топыр.
Осыны сізге ескертіп жатырмын. Көмектессеңіз екен?».
Жездеме қарасам мәз. Қопаңдап қояды. Менен жылы сөз күтіп отырғаны анық. Өзінше арызды «ресмилеген» түрі осы. Не дейін, «Арызыңыз бұрынғыға қарағанды көңілге қонымды, жезде. Жатық жазылыпты. Әйтсе де қатын — баланы, балдыздарыңызды арызға қоса бермесеңізші? Тіл бар, көз бар дегендей. Сосын балаңыздың қолының күсін, апамыздың иығындағы қара қотыр жарасын, комиссия келіп тексермейді ғой.
Балдыздарыңызға да ешкім бас қатыра қоймас. Демек, ол жазғаныңыз артық. Егер ол сөздер болмаса арызыңыз ресми болар еді. Қанша дегенмен Харковты көрген адамсыз ғой. Сізге бұлай ұсақталуға болмайды, жезде. Екі қырлы стакан самагонды тастап алып, орыс қыздарын қолғапша ауыстырған кезіңізді, өзіңіз ұмытсаңыз да, біз ұмыта қойған жоқпыз. Халық та жақын арада ұмыта қоймас. Сізді ауылдастарыңыз, ірі сөйлеп, кесек асайтын азамат деп біледі» деп көпшікті қалыңдау салып сөзімді аяқтадым. Баладай аңғал жездем, төмен қарап отырып қалды.
— Шынымды айтайын, осы арыз өзіме де ұнамады. Артық сөз көп секілді көріне берді. Қайтейін, «Іштен шыққан шұбар жылан» болғасын қимадым жазғанымды. Иә, мені жұрт біледі ғой. Ендігі жолы сен айтқан ескертпелерді міндетті түрде ескеремін» деп орнынан тұрып сыртқа бет алды. Соңынан ілесе шықтым. Қазандағы ет те пісіп қалған еді..
************
Кейінірек хабаршылардан ақкөңіл жездемнің «арыз жазуды» мүлде қойғанын естідім. Мән — жайды сұрағандарға: «Жалғас деген атым бар. Халық біледі. Сыйлайды. Қартайғанда ұсақталып қайтемін» дейтін көрінеді.
Кейде көтермелеп сөйлеудің өзі- пенде баласына кәдімгідей жігер беретіні рас екен!
Олай болса, бір-бірімізді асқақтатып жүрейікші!
13.06.2020

 

Нағашыбай Қабылбек