ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Өткен жұмада аудан әкімі Нарбай Ергебеков Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындары алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, тиісті бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округ тұрғындары қатысты.

Есеп беру жиналысын ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Асхат Әбдіқұлов өткен жылы атқарған жұмысы туралы баяндама жасады.

Баяндамашы 2020 жылы анықталған әкімшілік құқықбұзушылық, жол ережесін бұзған құқықбұзушылықтар, осы әкімшілік істер бойынша салынған айыппұлдар, отбасы-тұрмыстық жағдайда орын алған деректер, түнгі рейдттік жұмыстар, тағы да басқа мәселелер бойынша атқарған жұмыстарын баяндады.

Мәселен, округ аумағында 15 қылмыстық оқиға тіркелсе, оның 13-і ізін суытпай ашылған, екеуі ашылмаған. Қылмыстардың дені бөтеннің мүлкін жасырын ұрлауды құрайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 505-бабына, яғни табиғат пайдалану ережелерін бұзған 48 азаматқа ескерту түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған. Жол жүрісі ережелерін бұзған 35 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, көлікті масаң күйде жүргізген екі азамат көлік басқару құқығынан айырылған.

Учаскелік полиция инспекторы Асхат Әбдіқұлов баяндама соңында ауылдық округ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жандандыра беретініне сенім білдірді.

Екінші болып Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев есеп берді.

Округ аумағындағы үш елді мекен — Нұрлыкент, Түктібай және Қазбастау ауылдарындағы 841 аулада 4 656 адам тұрады. Өңірде екі орта мектеп, екі балабақша, бір шағын орталық, бір Аула клубы мен бір кітапхана жұмыс атқаруда.

Ауылдық округ әкімінің аппараты өз қызметін «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңын және басқа да қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа алып, тоқсандық жұмыс жоспарлары негізінде қызметтерін атқаруда. Аппаратта алты мемлекеттік қызметкер жұмыс атқарады.

Ауылдық округ әкімінің аппараты штаттық кестеге сәйкес жасақталған, өздерінің функционалдық міндеттерін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің ұсынысына сәйкес «Сервистік әкімдік» бағдарламасы аясында қызмет атқаруда.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заң талаптарына сәйкес орындалуда. 2020 жылы жалпы 40 өтініш шағымдар түскен, жеке тұлғадан 37, заңды тұлғадан үш өтініш түссе, олардың барлығына қанағаттандырарлық жауаптар беріліп, «АИС, ЕУОЛ» автоматтандырылған бірыңғай жүйесіне енгізілді. Өтініш-шағымдардың сипаты негізі өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін, яғни тұрғын үй құрылысын салуға және өздері пайдаланып жатқан жер учаскелеріне техникалық тексерістен соң шешім шығару жайында.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37 бабының 3 бөліміне сәйкес нормативтік-құқықтық сипаттағы 35 шешімдер және әкімшілік басқарушылық жедел және дербес сипаттағы мәселелер бойынша 151 өкім шығарылды. Құзырлы органдардың қызметкерлерінің тарапынан тексеруі кезінде шығарылған нормативтік-құқықтық актілер заңдылыққа сәйкес екендігі анықталды.

Биылғы жылы бір қуантарлық жағдай, Нұрлыкент ауылында 101, 3 млн теңгеге 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталғалы тұр. Округ әкімі бұл мәдени ошақ ауыл тұрғындары мен жастарының болашақта ел мәдениетін арттыруға үлкен үлес қосады деп сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылды «Волонтер жылы» деп белгілеп, жастар арасында волонтерлық қызметті дамытуды басты назарға қойған болатын. Жыл аясында округте жалғыз ілікті қарттарға көмек беріліп, аз қамтылған отбасыларға азық-түліктей көмектер, көктемгі-қысқы уақыттарда үй-шаруаларына қолғабыс жұмыстары жасалынған. Өңірде еріктілер коронавирус дертінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 1000-ға жуық үнпарақ пен 320 қорғаныш маскаларын таратты.

«Қамқор» бағыты аясында ауылдағы аз қамтылған отбасылардың үй-жайларының жөндеу жұмыстарына көмек көрсетіліп, яғни «Жомарт жүрек» акциясы аясында Нұрлыкент ауылының екі үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көмек көрсетілген.

Ауылдық округтегі көктемгі-күзгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес орындалған. Күздік бидай 350,0 га, арпа 1878,0 га, күнбағыс 110 га, мақсары 800,0 га, соя 10,0 га, картоп 295,0 га, көкөніс 123,0 га, көпжылдық шөп 108,0 га алқапқа егіліп, өнімдері дер кезінде жинап алынған.

 

 

Округте мал шаруашылығы даму үстінде. Мүйізді ірі қара 3128 басты, уақ мал 9 689 басты, жылқы 416 басты құрайды.

Өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында және аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен де көптеген жұмыстар атқарылған. Нұрлыкент ауылындағы Еламан Байғазиев атындағы ұзындығы 2300 метр көше бойында су ағатын науалар орнату жоспарланып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Сондай-ақ, Нұрлыкент ауылындағы Мейірім тұйығына, Түктібай ауылындағы Сметов көшесіне (ұзындығы 1200 м) асфальт төсеу жұмыстары аяқталған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған «Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында Нұрлыкент ауылының тұрғыны тұрмысы төмен отбасы Наренбаев Абайдың отбасы кәсіпкерлердің және ауыл тұрғындарының қолдауымен баспаналы болды.

Сөз соңында округ әкімі тұрғындардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала кетті. Өткен жылдың қараша айынан бастап Нұрлыкент ауылының тұрғындарына екі кезеңмен интернет желісін тарту жүмыстары жүргізілуде. Онымен «NetTelekom» ЖШС айналысуда. Бүгінгі таңда 126 тұрғын үй интернет желісіне қосылса, тағы 28 тұрғыннан өтініш түскен.

Кезек аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына берілді. Аудан басшысы өңірде атқарылған жұмыстар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жүктелген міндеттерге сүйене отырып, атқарылғанын тілге тиек етті. Дегенмен, ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан басымдық ауыл шаруашылығы саласына берілген.

Аудан экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде. Жалпы ауданымыздағы шығарылған ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы саласының үлесі жобамен 61% құрап, ауыл шаруашылығы саласының нақты көлем индексі 32 392,6 млн.теңгеге жеткен, орындалуы 104,2 % құраған.

2020 жылы аграрлық салаға Үкіметтік қолдаулар арқылы барлығы 2 млрд. 661 млн. теңге қаржы тартылып, нәтижесінде бірқатар жұмыстар атқарылған. 2020 жылдың өнімі үшін 57221 га егістік жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1841 га арпа, 916 га көпжылдық шөп және 743 га майлы дақылдар артық егілген. Минералды тыңайтқыштармен қоректендірілген егістік алқабының көлемі 28 750 гектарға жеткен.

Ауданда мал басы жыл сайын артып келеді. Жыл қорытындысымен мүйізді ірі қара 46 526 басқа, 104,0 %, қой-ешкі 197 845 басқа, жылқы 13 092 басқа құстар 80 593 басқа жеткен. Мал өнімдері бойынша ет өндіру тірі салмақпен 14 417 тонна, сүт өндіру 45 319 тонна, жұмыртқа 8 166,9 мың дананы құраған.

Суғармалы алқаптар көлемін арттыру бағытында су тоғандар тазаланған. Ақсай ауылдық округіндегі ұзындығы 7 шақырым болатын №3, №4 ішкі шаруашылық каналдарына тазалау жұмыстары жүргізілді. Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат, Шетбұлақ су тоғандары, Қарасаз ауылдық округіне қарасты Береке және Ақтөбе ауылдық округіндегі Жарбұлақ су тоғандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қосылатын суармалы егістік жер көлемі 390 га, оның ішінде 40 га жеке қосалқы шаруашылықтар.

Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасы негізінде Ақтөбе ауылдық округі таңдалып, «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік копперативі құрылды. Жоба негізінде 193 азамат 559 139 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 193 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып, 13 азамат «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде жұмыс атқаруда. «Атамекен-Бастау» кооперативі 93 млн теңгеге 19 дана ауыл шаруашылығы техникасын алып, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытында, сапалы атқаруда.

Аудан басшысы барлық сала бойынша мақсатты индикаторлық көрсеткіштердің орындауына тоқталып өтті.

Жамбыл облысында 2019-2025 жылдар аралығында іске асырылуы жоспарланып отырған жобаның ішінде Жуалы ауданына қатысты төрт инвестициялық жобамен жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылы бастау алып, қазіргі кезде құрылысы жалғастырылып жатқан, жалпы құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын, ірі инвестициялық жобалардың бірі «Қаралма» тау-шаңғы базасы. Тау-шаңғы базасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінен 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі кезде құрылысы жүргізіліп жатқан «Қаралма» тау-шаңғы кешенді туристік базасы көлемі, көрсетілетін қызмет түрлері, сапасы жағынан облыстағы алғашқы ірі туристік нысан. Жыл бойы жұмыс істеуге бағытталған демалыс базасындағы арқан жолының ұзындығы 2 500 метр, бугель жолының ұзындығы 350 метр. Кешен құрылымында еуропалық үлгідегі 20 коттедж, 70 орындық мейрамхана, шолу алаңы, қызмет орталығы, автотұрақ кіреді.

«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» бойынша Шақпақ ауылдық округіне қарасты, Амансай бөлімшесіндегі таулы аймақтан әк тасты жыныс, долмит және минералды ұнтақтар шығаратын өндіріс орны ашылады деп күтілуде. Жоба іске асқан жағдайда 2021 жылы ауданға 72,0 млн.теңге салық төленеді. Келесі 5 жылдықта 130 млн.теңгеге дейін өседі деп жоспарлануда. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізу үшін тиісті құжаттары ұсынылуда.

Баяндама соңында 2021 жылы атқарылатын жұмыстарды да атап өтті. Атап айтқанда, Шақпақата, Көлтоған, Қошқарата, Т.Дүйсебайұлы, Ертай ауылдарына тартылған су жүйесі аяқталатын болады. Тағысын тағы атқарылатын шаруалар шаш етектен..

Баяндамашылардан кейін жарыссөз басталды. Жарыссөзге Нұрлыкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар шықты. Ол аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беретінін айта келіп, ауыл тұрғындарының атынан ұсынысын жеткізді. Оның ұсынысы Нұрлыкент ауылындағы негізгі жұмыс орны әрі құрылым құраушы ірі кәсіпорындар болып есептелетін «Бурное солар» күн электр станциясы мен «Гамбург» ЖШС-нен түсетін салық түсімдерін ауылдық округ бюджетіне қалдыру мәселесін қарастыруды өтінсе, Түктібай ауылының тұрғыны Орынбасар Шыршықбаев ауылға типтік үлгідегі жаңа мектеп салу мәселесін көтерді.

Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытты.

* * *

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің Көкбастау ауылдық округінің тұрғындары алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі Көктөбе орта мектебінің акт залында өтті. Ауыл әкімі Есеп беру жиынына аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер мен мекемелердің басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев ашып, жүргізді. Ол жиналыстың күн тәртібімен таныстырып, алғашқы сөзді ауылдық округ учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Диас Үсіпбаевқа берді.

Учаскелік полиция инспекторы жыл қорытындысына арналған баяндама жасап, тұрғындар алдында есеп берді. Есептік кезеңде өңірде жеті қылмыстық іс тіркеліп, төрт қылмыс ашылған. Қылмыстың негізгі түрлерін мал ұрлығы және өндірістік заттарды тонау құраған. Сонымен қатар, инспектор осы қылмыстық оқиғаларды назарға ала отырып, алдағы уақытта полиция қызметіне тұрғындардың сенімін арттыруға, нәтижелі жұмыс жасауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, жүктелген міндеттерді орындауға дайын екенін жеткізді.

Учаскелік полиция инспекторының баяндамасынан соң, ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаев өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндама жасады.

Округ әкімі есебін ауыл экономикасының әлеуметтік тұрақтылығының күретамыры — жер, егін және мал шаруашылықтарының даму барысынан бастады.

Округ диқандары күздік бидайды 600 га, картопты 308 га, мақсарыны 1 230 га, көпжылдық екпелерді 200 га, қызылшаны 10 га, көкөніс өнімдерін 59 га егіп, толығымен жинап алған. Мал басы 30% артқан.

ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 369 бабының 2 тармағына және 372-373 баптарына және “Жергілікті мемлекеттік басқару туралы” Заңына сәйкес жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген. 2020 жылы елді мекен бойынша жоспар 5 633 000 теңге болса, 6 235 100 теңге салықтық және салықтық емес түсімдер жиналып, жоспардың орындалуы 110,7% құраған.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде округ тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. 2020 жылы округіміздің 18 азаматы 555 600 теңге қайтарымсыз грант алды және 5 азамат төмен процентпен шағын несие алып әртүрлі бағытта шағын кәсіп көзін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында Көкбастау ауылдық округінде де игілікті істер атқарылып, округ жастары Қосбөлтек ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, асыраушысынан айырылған Мәншүк Тойшыбековаға жаңа баспана салып берген.

Ауылдық округте өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу және тұрғын үй құрылысын салу үшін жер теліміне кезекке 328 адам тіркелген. Округке қарасты екі ауылдан инфрақұрылым дайындалды, ағымдағы жылы Қосбөлтек ауылынан 59 жер учаскесі, Теріс ауылынан 58 жер учаскесі берілетін болады. Қалған жер теліміне кезекте тұрған адамдар үшін Теріс, Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарынан бас жоспар дайындалуда, алдағы уақытта инфрақұрылымға жер учаскелері берілетін болады.

Одан әрі тұрғындар аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен алдағы даму болжамдары туралы баяндамасын тыңдады.

Баяндамада атқарылған жұмыстар кеңінен көрініс тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші сараланды. Нарбай Әбілқасымұлы ауыл және мал шаруашылығында, кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстарды баяндай келе, «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына тоқталды. Аталған бағдарлама аясында несие алу мақсатында ауданда жалпы сомасы 514,8 млн.теңгені құрайтын нақты 22 жобамен жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 20 жоба «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен келісімдері жасалып, жалпы құны 409,8 млн.теңгені құрайтын несиеге толық қол жеткізілген. Қалған 2 жоба бойынша ЖК «Малибекова» 65,0 млн.теңгеге және «СМТС» ЖШС 40 млн.теңгеге несиелендіру құжаттары екінші деңгейлі банктердің қарауында.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы» аясында білім бөліміне қарасты 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал құрылысы салынған.

2021 жылы Алатау және Диқан ауылдарындағы орта мектептердің құрылысы басталса, үш орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ дайындалып, облыстық бюджетке өтінім берілген.

Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталып, 2021 жылы құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Б.Момышұлы ауылындағы орталық мәдениет үйіне жапсарлас құрылысының жобасы, Қайрат ауылында 180 орындық мәдениет үйінің жобасы, Көлбастау ауылының 180 орындық мәдениет үйінің жобасының бастапқы құжаттамалары сараптамаға ұсынылған, сараптама қарауында.

Б.Момышұлы ауылында үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысына «Даму» бағдарламасы аясында қаржы қаралып, биыл құрылыс жұмыстары басталады.

Баяндамадан кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді. Қосбөлтек ауылының тұрғыны Нұржан Нұрпейісов Жапарқұл көшесінің бойындағы ауызсу құбырының әр жері жарылып, судың сыртқа қарай ағып, жайылып жатқанын айтып, оған шара қолдануды, Көктөбе ауылындағы Жамбыл көшесін жарықтандыруды сұранды. «Жуалы-су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев ауылдағы су құбырының тозығы жеткенін, жөндеу көп шығынды қажет ететінін айтты. Осы ретте сөзге араласқан аудан әкімі Нарбай Ергебеков мекеме басшысына «Жуалы-су» мекемесіне жыл сайын аудандық бюджеттен қомақты қаражат бөлінетінін, оны үнемдеп, ауылдардағы су құбырларын жөндеуге жұмсау қажеттігін ескертті.

Бақалы ауылының тұрғыны Алғабек Әлиев ауылдық клубтың жанынан жастардың бос уақытын өткізуі үшін демалыс орталығын ашу, Теріс ауылындағы Бектеміс көшесін жарықтандыру, Бақалы ауылына ауызсу құбырын тарту мәселерін көтерді. Теріс ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұл Теріс ауылындағы жарамсыз деп танылған, елді мекеннің архитектуралық кескін-келбетіне нұқсан келтіріп тұрған бұрынғы клубты бұзып, орнына шағын спорт нысаны бар жастардың демалыс аймағын ашып беруді сұранды.

Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек қажы Қайыпбеков аудан және ауыл әкімдерінің атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.

Жиынды аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы қорыта келе, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға нақты жауап берді.

 

Суреттерді түсірген

Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,

«Жаңа өмір»