Жүйелі жұмыс, жомарт жер

Шілденің аптап ыстығы аудан диқандары үшін ерекше қарқынды жұмыспен тұспа-тұс келеді. Шаруаның төккен тері мен жұмсаған еңбегінің жемісін көретін кез де келді.
Жалпы биыл ауа райы шаруалар үшін қолайлы. Көктем жауынды болып дәнді дақылдардың тез көтеріліп, күш жинауына септігін тигізді.
Енді соның жемісін шашау шығармай жинау қажет.
Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше аудан бойынша биыл 68400 га жерге дәнді дақылдар себілген. Оның ішінде 46200 га арпа болса, 22200 га күздік бидай.
Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы шаруашылықтар піскен егісті жинауға кірісіп кеткен.
Егіс науқанына 641 трактор мен 97 комбайн жұмылдырылған. Қазіргі таңға жалпы егіс көлемінің 6000 га жуығы орылып бітірілген екен.
Әзірше орташа өнімділік гектарына 20 центнерден түсіп отыр.
Осыған орай аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаев ауданымыздың алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының бірі «Бәйтерек» ШҚ-на барып, бас агроном Евгений Трубниковпен бірге тәжірибелі алқапты аралап шықты.
Шаруа қожалығының тәжірибелік алқабында диқандар дәнді дақылдардың жаңа сорттарын егіп, тәжірибе жүргізеді. Неғұрлым мол өнім беретін сорттарын кейін басқа алқаптарға да таратады.
«Биыл 40 га жерге «Эвклид» атты француздық тұқымды егілді.
Шығымы жақсы, гектарынан 56 центнерден түсіп жатқанын Е.Трубников атап айтты.
Одан бөлек шаруашылықта отандық «Бригада», «Гром», «Этнос» секілді ресейлік тұқымды тәжірибеден өткізуде. Е.Трубниковтың айтуынша шаруашылықта 1500 га жуық жерге дәнді дақылдар егілген. Барлық тиісті агротехникалық шаралар жүргізіліп, тыңайтқыштар себілген. Негізінен «Татьяна» және отандық «Стекловидная-24» атты тұқымдар себілген. Шаруашылықта техниканың барлығы су жаңа, тракторлар мен комбайндар аты әлемге танымал, америкалық «John Deere» компаниясының сапалы өнімдері.

Қордай ауданы