ЖҰРТҚА ЖАҒЫМДЫ ЖАН ЕДІ
Көзден кетсе де көңілден кетпейтін жандар болады. Есіңе түскенде ол жайлы жақсыдан басқа не айтамыз. Өмірдің заңы, не бір жайсаңдар келіп, кетеді. Ахмедияр да жұртының есінде сырбаз мінезімен, кішіпейілділігімен қалғаны анық. Оны сонау Ақкөл ауылынан білетінмін. Әкесі Қонысбай ауданға белгілі ұстаз еді. Ол кісіден дәріс алмасам да қатарластары Қонекең жайлы: «ауданда Сметов екеуінен асқан математик жоқ» — деп айтатын. Жақсы ағаның біз қатарлы ұл-қыздары көп болатын. Солардың ішінен менің араласқаным Даниял Ділдәбеков. Екеуіміз Ақкөлде қатар қызмет атқардық. Ұмытпасам Даниял аудандық ауыл шаруашылық басқармасына Тамды ауылынан келді. Ол кезде мықты кадрларды ауданның басшылары танып, өздерінің қатарларына алатын. Даниял да өзі тұстастар арасында білгір, есепші, экономист еді. Бәлкім ол қасиет, текпен келген шығар.
Содан 1997 жылы ауданның әкімшілік орталығы Ақкөл ауылынан Қаратау қаласына ауысты. Мұнда келген соң Даниялдың інісі Ахмедиярмен танысып, ағайын болып кеттік. Ұзынша бойлы, жүзінен нұр төгіліп тұратын бұл азамат кімді де болса қарапайымдылығымен баурап алатын. Сол жылдары аудан бірігіп, Қаратау қаласындағы фабрика, зауыттар жабылып, жылу, су жүйелері қалыпты жұмыс жасамай қала халқы қиыншылық көріп жатқан тұс. Міне сол кезде аудан, қала басшылығы Ахмедиярды осы қиын учаскіге қызметке жекті. Дауыс көтермей-ақ, біреудің ар-намысына тимей-ақ, бауырымыз кәсіпорын жұмысын қалпына келтірді. Қала халқы жылу мен суды уақытымен пайдаланатын дәрежеге жетті. 2000 жылдары кәсіпорынға тағы бір білікті басшы Рашид Сейдалиев директорлыққа тағайындалып, Ахмедияр 2003 жылы аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағалығына сайланды. Бұл қызмет кімнен болса да адалдықты, тазалықты талап етеді. Өзіне тапсырылған қызметті ол абыроймен атқарды. Азғантай ғана бюджеттің өз мақсатымен жұмсалуын арымен қадағалайтын. Бұруға бармайтын. Бәлкім сол жақсы қасиеті шығар, әріптестері оны Талас аудандық мәслихатының хатшысы етіп сайлады.
Осы қызметті атқарып жүргенде бір мәселе бойынша оған қайырылғаным бар. Тілші қауымы қай уақытта болса да ақиқат іздейді ғой. Сессияға қатысып жүріп, кейде мәжілісте ұлты қазақ депутаттарының ресми тілде сөйлеп, тіл туралы заңының талаптарын орындамайтынын айтып, аудандық газетке мақала жаздық. Сол сол-ақ екен, әшейінде қазақша білетін әлгі халық қалаулылары ойда жоқта намыстана қалсын. Әңгіме аудан әкіміне дейін жетті. Заңға жүгінсек біздікі дұрыс. Аудандық тілдер бөлімінің бастығы Көлбайұлы Байұзақ аға, газеттің тілшісі Құйқабайұлы Әскербек аға Ахмедиярға жолығып, араша сұрадық. Обалы не керек, ұлтын сүйетін ұл емес пе, Ахмедияр бізді қоштап, әлгі жалаулатып жүрген халық қалаулыларына телефон шалып, екпіндерін басты. Міне біздің Ахмедияр шындық үшін шырылдайтын жан болатын.
Оқырмандарымыз кейіпкеріміз туралы толығырақ білсін деп өмірбаянында газетке бергенді жөн көрдік.
Назарбеков Ахмедиар Қонысбайұлы 1955 жылы 17 ақпанда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл селосында мұғалім отбасында дүниеге келген.
1961- 1972 жылдары Ақкөл орта мектебінде оқыды. 1972 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына түсіп, 1977 жылы инженер-механик мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 1977-1984 жылдары Жамбыл ет комбинатының Қаратау қаласындағы филиалында (Қаратау ет комбинаты) жұмысшы, компрессорлық қондырғылардың машинисі, Қаратау ет комбинатының бас механигі, 1984-1993 жылдары «Қаратау» өндірістік бірлестігі, «Ақсай» кен басқармасы, «Ақсай» кенішінде жұмысшы, тұрақты шахталық қондырғылар учаскесінде механик, учаске бастығы қызметтерін атқарды. «Ақсай» кенішінде партия ұйымының хатшысы болды. 1979-1980 жылдары Совет Армиясы қатарында болды.
1993-1995 жылдары Көпсалалы тұрғын-үй мемлекеттік коммуналдық шаруашылық бірлестігі мекемесінде аға инженер, бас механик, жылумен қамтамасыз ету басқармасының бас инженері, бастығы, 1995-2000 жылдары «Жылумен, сумен қамтамасыз ету және канализация» кәсіпорнында бас инженер, директор, 2000-2003 жылдары «Қаратау-Су» мемлекеттік кәсіпорнында директор қызметтерін атқарды.
1994-1999 жылдары қалалық, одан кейін аудандық мәслихат депутаты. 2003-2008 жылдары Талас аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы, маслихат хатшысы қызметтерін атқарды. Қандай жұмыста болмасын Ахмедияр Қонысбайұлы өзін жауапкершілігі мен ұйымдастыру қабілеті жоғары, сыйлы және білікті басшы ретінде көрсете білді.
«Қазақстан Республикасына-10 жыл», «Қазақстан Парламентіне-10 жыл» медальдарымен, облыстық маслихаттың, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Мақала кейіпкері Ахмедияр Қонысбайұлы тірі болғанда ақпан айының 17-сі күні 70 жасын ортамызда тойлап отырар еді ғой. Алайда ойда жоқта кезіккен сұм ажал оны ортамыздан осыдан 10 жыл бұрын мәңгілік мекеніне алып кетті.
Бірақ оның артында ел мақтан ететін жақсы істер қалды. Онық ұл-қыздары да тәрбиелі болып өсті. Қатарлас замандастарының бірі Қаратау қаласының тұрғыны Құдайбергенов Медет ол жайлы тебірене еске алып: «Ахмедияр мен Қаратау ет комбинатында бас инженер қызметін атқарып жүргенімде механик болып қызметке келді, жасымыз қатарлас. Соған қарамастан ол мені «аға» деп атайтын. Жұмысқа берілгені соншалықты уақытпен санаспайтын. Елгезек, шаршауды білмейтін. Екеуіміз ағалы-інілідей болып кеттік. Шіркін, нағыз жігіт еді!» дейді.
Ахмедияр жайлы ниеттес ағасы Жұманов Әсембек те сағынышпен еске алады. «Қатарлас депутат болдық. Мәжілістерде ол өзінің біліктілігін көрсететін. Бірде Астанаға Сенатқа бардық. Ол жаққа барған соң Ахмедияр бауырым ауданның мұң-мұқтажын өте сауаттылықпен жеткізгені есімде қалыпты» деп отырады.
Жақсының аты қалады дейді халқымыз. Тектінің тұқымы Ахмедияр Қонысбайұлы қала халқының қимастықпен еске алып отыратын тұлға екенін айтудың өзі не тұрады.
Біз жақсыларымызды ұлықтай отырып, бүгінгі ұрпақты еңбек-сүйгіштікке, отаншылдыққа тәрбиелей алатынымызды естен шығармайық ағайын.
Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас ауданының Билер кеңесінің төрағасы.