Жуалыдан мақтааралдық ағайынға көмек жіберілді

Адамның айтқаны болмай, Алланың дегені болатынын өмірдің өзі үнемі дәлелдеумен келеді. Соңғы жылдары жер бетінде табиғи және техногендік апаттардың жиі орын алуының себебін осынау саланы зерттеумен айналысатын небір зерттеу орталықтары да, ғалымдар да түсіндіріп бере алмауда. «Жұт жеті ағайынды» демекші, табиғи апаттардан бөлек, жылдың басында алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында тіркеліп, бой көрсеткен коронавирус инфекциясынан қазіргі кезде адамзат пен әлем экономикасы үлкен зардап шегу үстінде. Бұл қауіпті вирус біздің елде де пандемия деп танылып, онымен жүйелі түрде күрестер жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының Қаысм-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, сақтық шараларын уақтысында қолға алудың нәтижесінде қауіпті вирусты жайлап еңсеріп келеміз. Президент Қ.Тоқаев Мемлекеттік комиссияның 11 мамыр күнгі отырысында төтенше жағдайдың алынғандығын мәлімдеп, сақтық үшін карантиндік шаралардың жалғаса беретінін айтты.

Әлем елдері коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан тұста мамыражай мамыр айының басында Жамбыл облысымен шекаралас орналасқан Түркістан облысының Мақтарал ауданының тұрғындарын тосыннан келген топан су дүр сілкіндірді. Ресми ақпарат көздеріне қарағанда, Мақтаарал ауданының бірқатар ауылдарын жайлаған топан су Өзбекстан Республикасынан келген. Ондағы Сардоба су қоймасы көп суға шыдас бермей әрі толассыз жауған жауын мен қатты дауылдың салдарынан жарылған. Содан қызыл су көршілес жатқан біздің елге, дәлірек айтқанда, Түркістан облысында бейғам жатқан жұртшылықтың зәре-құтын қашырды. Жекелеген ауылдар тасқын судан зардап шегіп, үйлер бүлінген. Мыңдаған гектар егістік алқаптарына залал келіп, апат төрт түлікке да әжептеуір шығын әкеліп отыр.

Өкінішке орай, мұндай төтенше елімізде жағдай алғаш рет орын алып отырған жоқ. Өткен жылы Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының тұрғындары жарылыстан айтарлықтай  зардап шеккені белгілі. Онда да Арыста орын алған төтенше жағдайды бүкіл ел болып еңсерген едік. Апаттан есеңгіреген Арыстағы ағайынға Жамбыл облысының халқы алғаш болып қол созған болатын. Осы тұста айтпай келген апаттан зардап шеккен мақтаралдық ағайынға да Жамбыл жұртшылығы алғаш болып көмек қолын созып отырғанын баса айтқымыз келеді.

Күні бүгін Жамбыл облысының Жуалы ауданынан Мақтарал ауданына көмектің екінші легі жөнелтілді. Аудан әкімшілігі мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйытқы болуымен көмекке жөнелтілетін бірінші қажеттіліктегі азық-түлік түрлері, гигиеналық заттар аудан орталығындағы «Агроазықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС (бұрынғы заготзерно)  аумағында жинақталды. Жинақталған көмек арнайы көлігіне тиеліп, облыс орталығына жөнелтілді. Одан бөлек, аудандағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның басшылығы үш тонна пастерленген сүт, 300 келі сары май, сондай-ақ, сүт өңдеумен айналысатын «LF» компаниясы да сүт өнімдерін жөнелтіп отыр.

-Міне, бүгін Жуалы ауданынан Түркістан облысының Мақтарал ауданына көмек жөнелтіліп отыр. Мақтаарал ауданындағы ағайынның тасқын судан зардап шегіп отырғаны жуалылықтардың да қабырғасына батып отыр. Қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге ағайын-туыс екенімізді білдіріп, көмек қолын созатын халық екеніміз белгілі. Осы орайда аудан тұрғындарын ұйымдастыру арқылы бір жарым тоннадай азық-түлік жиналды. Оның ішінде ұн, қант, картоп, сұйық май, макарон өнімдері, гигиеналық заттар бар. Одан бөлек, аудандағы үлкен кәсіпорынның бірі «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры Әбдібек Пошқаев, «LF» компаниясының басшылығы өз зауыттарында өндірілген сүт, май өнімдерін көмек ретінде беріп отыр. Апаттан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына Алланың өзі жәрдем етсін деп тілейміз.,- дейді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.

Мұның алдында да Жуалы ауданынан ерікті азаматтардың бастамасымен Мақтаарал ауданына көмек жөнелтілген болатын.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

 

Жуалы ауданы әкімдігі