ЖОО-ДА ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚТАР НЕ СЕБЕПТЕН ТӨМЕН ДЕҢГЕЙДЕ ӨТЕДІ?

 

Әбді Қиялбаев, Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары Академиясы ғылыми-өндірістік департаментінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.

Бұл дәрменсіздік пе, әлде…

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жоғары оқу орындарын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алған жастардың білімді де білікті маман болуы үшін көп үйреніп, көп ізденуі жайлы ойлар айтылған. Шынында да, жоғары оқу орындарында білім алып, практикалық сабақтарды терең меңгерген жастардан іскер басшы шығатыны сөзсіз. Осы орайда өзім көріп жүрген, отыз жылдан астам қызметімде орын алған жайларды ортаға сала кетсем артық болмас.

Еліміздің бірқатар білім ордаларының, әсіресе жеке оқу орындарының өндіріспен кәсіби қатынасы, жасырары жоқ, тек қағаз жүзінде ғана орындалып, іс жүзінде бағытты да бағдарлы жүзеге асып отырған жоқ. Басты кілтипан — мамандандырылған практикалық оқу жүйесінің жеке пәндер бойынша қалыптастырылмауы. Кеңес дәуіріндегі оқу, ғылыми-зерттеу тәсілдері бүгінде ескірген, оларды жаңарту үшін соған сәйкес оқу базасы керек. Демек, білім ордаларының басым бөлігі жеке оқу орындары болғандықтан, тиісті оқу базасын жетілдіруге мүмкіншіліктері белгілі бір шеңберден аса алмай жатады. Өкінішке орай, осындай жәйттер бірқатар мемлекеттік білім ордаларында да  дәстүрге айналып барады.

Кезінде инженерлік мамандықтар 5 жылға жобаланып, білім алу процестері кезең-кезеңмен жүргізіліп отырды. Онда алғашқы екі жыл жалпы инженерлік бағытта өрбісе, келесі жылдар тікелей мамандандырудың еншісіне тиді. Күнделікті сабақтардың әрқайсысы академиялық екі сағатқа жұпталып, қалыптасқан жүйеде жүзеге асырылды. Бастауыш курстардың өзінде екі апталық оқу практикалары жүргізіліп, студенттер кәсіби құрал-жабдықтармен танысушы еді, оның соңы есептік сабақпен аяқталатын. 3-4 курстардан соң 2 айлық технологиялық практикалар орындалатын. Жекеленген мекемелерге немесе өндіріс орындарына студенттер ақылы іссапарға аттандырылатын. Оларға арнайы жетекшілер де бекітілетін.

Осындай практикаларды біздер Өскемен құрылыс-жол институтында (қазіргі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті) 5 жыл көлемінде толық көлемде қабылдадық және атқарған істерімізге теориялық-практикалық есеп бердік. Бірқатар студенттер Шығыс Казақстан, Семей және Талдықорған облыстарының жергілікті жолдарында техникалық құжаттандыру жұмыстарына араласты (1980-82 жж.). Студенттік құрылыс жасақтарында жетекші немесе іс шебері ретінде қатысу бізде ғана емес, бүкіл Кеңес территориясында қалыптасқан дәстүр болды.

Бүгін ше?.. Не себептен сол Кеңес кезіндегі жолын тапқан кейбір тамаша практикалық әдістемелерден қазіргі Білім беру жүйесі бірден шығып кетті? Оның орнын толтыратын практикалық жаңа оқу жүйесі де толық маңыздылықта қабылданды деуіміз асығыстық сияқты. Не мақсатпен практикалық сабақтардың 3 деңгейлі өтуі бүгінгі білім жүйесіне ұнамады, әлде бұл дәрменсіздігімізден туып отырған амал ма, әлде білім беру жүйесін екі сатылы (бакалавр, магистратура) жүруіне қалыптастырылған жаңа бағыт па? Бірақ бакалавр жүйесінің өндіріспен байланысы тым төмен, өйткені практика өтетін өндіріс орнымен студент өзі келісімшартқа отырады. Оның немен аяқталып жатқаны өндіріс орындарына жақсы мәлім. Сондықтан болар, олардың қай-қайсысы болмасын жас түлектерге көңілдері тоқ емес, оларға бірден жауапты істерді сеніп тапсыра бермейді.

Жас мамандарды жұмысқа алу процесінде жүйе жоқ

Қазіргі таңда жас мамандарды жұмысқа алу процесі мемлекеттік деңгейде жүйеленбеген. Дәлірек айтсақ, Білім және ғылым министрлігінде практикалық оқу жүйесіне арналған дәйекті бағдарлама да жоқ, оларды қаржыландыратын гранттар да қарастырылмаған. Өндіріс орнын көрмей-ақ жас түлектер жұмысқа тамыр-таныстық, жекжаттық жолмен орналасып алады. Басты кілтипан — білім ордасы мен өндіріс арасындағы кәсіби байланыстың іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана жүргізіліп отыруында. Әрі өндіріс орындарының барлығы дерлік жеке басқарылымда, олар жас маманды алып, онымен 3 жыл көлемінде тәжірибе өткізуге еш дайын емес. Сондай-ақ,  бұл әрекет оларға экономикалық тұрғыдан да тиімді бола бермейді.

Осындай ойлар Алматыдағы Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясының мамандарын да толғантып отыр. «Ойды ой қозғайды» дегендей, мен осы мекеменің ректоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Р.Ә. Қабашевпен осыдан 7 жыл бұрын ой бөліскен едім. Бұл арада аталмыш Академия базасында жол-өндірістік зертхана ашу мен оған студенттерді өндіріске тарту мәселесі талқыланды. Екеуара жүргізілген пікір тұп-тура бір жылға созылды. Мен өз тәжірибемде болған жайттарды ортаға салдым.

2004-2006 жылдар арасында мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқардым. Осы аралықта министрлікте Қазақстан автожол саланың 2006-2012 жылдар аралығында дамыту мен ҚР автожол саласына «Облжолзертхана» Мемлекеттік мекемелерін ашу бағдарламалары қатар әзірленді. Бағдарламалар өте сәтті әзірленіп, бірден жүзеге асырылу істері жүріп кетті. Міне, маған да ойтүрткі болған осы бағдарламалардың еліміздің автожол саласына өте сәтті енгізілуі болды.  Сол жылы Көлік және коммуникациялар министрлігі аса маңызды үшінші бағдарламаны  бекітті. Ол Қазақстанда аймақтық оқу орталықтарын ашу еді. Бұл оқу орталықтарының мақсаты саланың мекеме басшыларын, инженерлік қызметкерлерін, жұмысшы мамандарының кәсіби деңгейін көтеру болды. Осындай оқу орталығының бірі Алматы қаласындағы «КазжолҒЗИ» АҚ-на тиісті болды. Мекеме басшылығы осы іске мені жауапты адам ретінде бекітіп, оқу орталығына басшы етіп тағайындады.

Саралап қарасақ, кәсіпкерлердің біліктілігіне автожол саласының басшылығы ерекше мән беретіндігі байқалады. Менің ректормен пікірім де осы тәжірибелерден туындаған еді. Осыдан кейін мемлекет жастардың біліміне мән бермейді дегенге өз басым сене бермеймін, бастысы кәсіби мамандар мен ғалымдар  тарапынан дәйекті ұстаным жоқ па деген пікірдемін.

2011 жылы жоғарыда аталған білім ордасы өзінің оқу базасында жол-сынақ зертханасын ашып, оны Қазақстан Республикасының нормативтік талаптарына сәйкес аттестациядан өткізді. Сол жылы зертхана Жамбыл облысының 2450 шақырым жолына диагностикалық зерттеулер жүргізіп, техникалық құжаттандыру жұмыстарын екі жыл көлемінде сәтті аяқтады. Бұл техникалық жеке білім ордаларында жүргізілген алғашқы ғылыми-зерттеу жұмыстары десем, артық айтпағаным болар. Өйткені ғылыми-зерттеу және инженерлік қызмет көрсету жұмыстары 2012 жылдан бастап өзінің ауқымын одан да зор кеңіте бастады. Жергілікті жолдармен қатар ведомствалық жолдардың жаңа құрылыстары мен қайта салу жобалары да зертхананың қоржынын толтыра бастады. 2014 жылы зертхана базасы Ғылыми-өндірістік департаментіне (НПД КазАДИ) ауысты. Департамент құрамы 3 бағыттан тұрады, олар: техникалық жоспарлау бөлімі, сынақ зертханасы және құрылыс мамандарының біліктілігін көтеру орталығы.

Бес жыл көлемінде зертхана 2 рет мемлекеттік аттестациядан өтіп, аккредитациялық құжатқа ие болды. Департаменттің зерттеу аумағы республикалық маңыздылықтағы жолдармен толықты. Өткен жылдан бастап Департамент «Қандыағаш — Комсомол — Денисовка — Рудный — Қостанай» автожолындағы Тобыл теміржол көпірінің құрылысына техникалық бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Сайып келгенде, ҚазАДИ Ғылыми-өндірістік департаменті 6 жыл көлемінде 10-нан арта мемлектеттік тапсырыстармен және 20-дан астам мердігерлік мекемелердің, мемлекеттік ведомствалар мен ұжымдардың инженерлік қызметке жасаған тапсырыстарын орындап, Қазақстан автожол саласында өзіндік орын алып отыр. Департамент құрамы  негізінен академия түлектерінен жасақталған. Сонымен қатар, өндіріс орындарынан әккі мамандар шақырылып, Департаменттің кәсіби деңгейде көтерілуіне мүмкіндіктер жасалуда.

Департамент зертханасында небір ғылыми зерттеулер жүргізіліп, оның кейбір озық нәтижелері республикалық патенттерге ие болуда. Солардың бірі —  жоғары қарқындылықтағы автомобиль жолдарындағы қысқы тайғақтыққа әзерленген технология. Бұл технологияда химиялық реагенттерді сұйық күйде пайдалануға қажетті қондырғы болып отыр. Сұйық реагенттерді жол бетіне сұйық күйде шашу — Қазақстанда тәжірибеленбеген технология. Бұған басты қолбайлау — сол сұйық реагенттерді әзірлейтін арнайы қондырғылардың автожол саласында жоқтығы. Сол сияқты, Қазақстанның Оңтүстік өңірінде орын алған бірігу мүмкіндігі аса төмен топырақтарды жол үйінділеріне пайдалану мәселелерін шешу де осы зертханада зерттелді. Департамент мамандары шетелден алынған біріктіру қасиеттері жоғары материалдардың техникалық сипаттылығын зерттеп, олардың топырақ құрамына шашу нормаларын аталмыш өңірдің климаттық және топырақтарының сипаттылықтарына қарай анықтады. Аталмыш зерттеулер жас ғалымдардың диссертациялық зерттеулері негізінде жүргізілді.

Бүгінде Департамент зертханасы 15 бағытта сынақ жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндікте және соның ішінде 100-ден аса сынақ жұмыстарын орындай алады. Білім ордаларын ғылыми-өндірістік іске қосу мен осы негізде болашақ мамандарды өндіріске машақтандыру үлгілерін ғылыми-әдістемелік жаңалық деп қарауға толық негіз бар. Білім ордаларында кәсіби сынақ зертханаларын ашпайынша және оларды бір жүйеге келтірмейінше, жас мамандарды өндіріс орындарымен тығыз байланыстыру орындала қоятын іс емес. Білім және ғылым министрлігі Қазақстан автожол саласында жүзеге асқан «Облжолзертхана» ММ мен аймақтық Оқу орталықтарын ашу тәжірибелерін және Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясының жеткен жетістіктерінің негізінде Барлық білім ордаларына осы бағытта грант беру бағдарламасын шешсе, қазақстандық білім ордаларында әзірленген мамандарға технологиялық практикалар ашудың жаңа тынысы ашылған болар еді.

«Көш жүре түзелер», болашақтан үміт күткен халықпыз ғой, бір жүйелі іске бағытталайық, әріптестер. «Алыста алтын бар екен, барсақ бақан да жоқ!» – деп жүрмелік.

Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясы Ғылыми-өндірістік департаментінің атқарған ғылыми-зерттеу және өндірістік істерінен фотофактілер: