Жомарт ТҮБЕКБАЕВ: «Аш адамға балық берме, қармақ бер!»

«Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, Жылқыда жылқы бар – қазанаты бір бөлек» дейді дана қазақ. Еткен еңбегі, жеткен жетістігі ел арасында жиі айтылатын, есімі асқақ тұратын азаматтар жер-жерде бар. Сондай азаматтардың бірі, кезінде Арқалық пен Аманкелді ауданын басқарған Жомарт Түбекбаевты жұрт әлі күнге дейін үлгі етіп, аузынан тастамайды. Батпаққарадан шыққан бір ұлдың туған жеріне, қазақ елінің көркеюіне қосқан үлесі зор. Жуырда Жомарт ағамызбен жолығып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді. —Жомарт Түбекбайұлы, Аманкелді ауданы үшін біраз еңбек еттіңіз. Туған жеріңіз сізді білікті басшы, қайраткер деп таниды. Сіздің кезіңізде ел басқару қалай еді, қандай қиындықтар болды?      -Мен еңбек жолымды мемлекеттік қызметтен, 1989 жылы өзім туған Байғабыл ауылында бастадым, кейін ауыл әкімі болдым, сол жерде бас-аяғы алты жыл еңбек еттім. Одан кейін 1996 жылы Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары, сосын аудан әкімі болдық. Екі-үш жылдан соң көршілес Арқалыққа ауысып, 2005 жылға дейін қаланы басқардым. Бұл уақыттар, расында, қиын кезең еді. Алдыңғы буын жақсы біледі, халық 5-6 ай жалақысын ала алмай, зейнетақы берілмей, барлық өндіріс кешендері тоқтап, тұрмыс кері кетті. Ол кезде жаңа құрылыс салу, инвестор тарту деген атымен жоқ. Тек күнкөріс қамы. Бұл Қазақстанның енді ғана Тәуелсіздік алған тұсы. Халықтың жейтін тамағы, жарығы, отыны жоқ. 1997-1998 жылдары Торғай түгілі, мықты деген Қостанайдың өзінде күнкөріс қиын еді. Егін шықпады, бюджетке берешек көп. Бүкіл совxоздар күйреп, мал өтпей, сондай бір нәубет кезеңге тап болдық. Айта берсе, қырсық таусылмайды. 1998 жылы Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысына әкімі болып келді. Ол кісі Қазақстанның мықты реформаторларының бірі ғой. Жас әкім келісімен тың әрі батыл қадамдар жасай бастады. Облыстағы біраз ауданның әкімдерін, мекеме басшыларын ауыстырды. Аудандарды аралап, халықпен пікірлесіп, жаңа әкімдерді тағайындады. Ол уақытта шетелде оқығандар аз болатын, бірақ Мәскеуден білім алған, бизнесте табысты жұмыс істеп жүрген жас жігіттерді жанына тартты. Оларды жаңа қызметке тағайындады. Мысалы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, сонымен қатар Нұралы Садуақасов, Ғауез Нұрмұxамбетов, Қайрат Бисетаев, Тобылбек Омаров, Қайрат Аxметов, Зағыпар Досжанов, Анатолий Зуев, Александр Бородин, Теміржан Төлебаев сол кезеңде шыңдалған еді. Бүкіл шаруашылықтарды банкротқа жіберіп, жаңа реформа жасап, сол бойынша облыстың барлық қарыздарынан құтылды. Басқа өндіріс орындарын ашты, ауыл шаруашылығына инвестиция тартты, осылайша облыстың жағдайы жылдам дұрысталып сала берді. Өмірзақ Естайұлы жұмысты ең бірінші Торғай, Арқалық, Аманкелдіден бастады. Сол өңірлерге баса назар аударды. Торғайдың проблемасын білетін, кезінде Арқалықта жиырма жылдай басшылық қызметте болған, бірақ Қостанайда бір мекемеде жұмыс істеп жүрген тәжірибелі Мейстер Виктор Викторовичті өзіне бірінші орынбасар қылып алды. Мен ол кісімен көп жылдар бірге жұмыс істедім, ұстазым деп санаймын. Ұлты неміс болса да, Торғайдың алыс қыстақтарын, баяғы шопандардың отырған орындарын жатқа біледі. Кезінде Арқалықтағы электр жүйесінің бастығы болып тұрған кезінде соларға жарық тартқан. Тіпті, Арқалықтың мұражайына кіргенде ол кісіге түсіндірудің еш қажеті жоқ, ел тариxын керемет білетін. Бір кездескенімізде Торғайдың рулары жайлы айтып отыр. Қыпшақтар былай, Арғындар былай деп жіліктегенде шамалы қазағыңнан артық. Виктор Викторович Торғайдың проблемасын жақсы білетін Болат Нақанов, Мираш Жұмашев, Алмас Сарыбаев, Владимир Кочин, Трегубова сияқты азаматтарды қасына алды. Сол арқылы Арқалық, Аманкелді, Торғайға көптеген жұмыстар істеді. Шындығын айту керек, барлық жерде әуелі халыққа жақын жұмыстарды атқаруға тырыстық. Әрбір істеген ісіміздің елге пайдасы тисін деген ой болды. Жай атақ, жарнама үшін істеген жоқпыз. Өйткені, ол менің өз туған жерім, ауылым, үйім еді. Ауданның жауапкершілігін өзіме алған соң білек сыбана іске кірістік. Барынша халықты ұйымдастыруға тырыстық. Сымтастың жағасына бау-бақша егіп, шағын кәсіпті дамытуға, мал өсіруге жағдай жасалды. Бас болып ауданның әкімі өзім, менің шешем шығып, жұрт қатарлы бау-бақша ектім. Енді аудан әкімінің шешесі егіп жатқан кезде, басқалары қарап тұрсын ба,олар да еңбек етті. Кейбіреулер жиырма-отыз қапшықтан картоп алды, артығын сатты. Ол да болса табыс емес пе?! Аманкелдінің егін егіп көрмеген жігіттеріне Қарынсалдыдан жер бердік. Таңатар, Минерал есімді азаматтарды үлгі қылып, әр ауылға бақша өсіруді жүктедік. Ол уақытта Аманкелді ауданында дүкен болмады, тек базар секілді универмагтар бар. Қалған сатушылар көшеде, дүңгіршектерде тұрған-ды. Ал ауданда бұрынғы кеңес үкіметінің дүкендері түгел бос қалған. Олардың бәрі бұзыла бастады. Кезіндегі лимонад цехын, бұрынғы наубайхананы жұрт тонап алып кеткен. Содан салыққа берешектердің есебінен арзан бағаға алдық та, ауданда саудамен айналысып жүрген Көбек Ағатанов, Нұрлыбек Әлмағанбетов сияқты жігіттердің бәріне бос тұрған дүкендерді амалдың жоқтығынан 5-10 мың теңгеге сатып жібердік. Алыңдар! Істеңдер! Сосын алғашқы көмек ретінде 100 мың теңгеден алды. Өздері айналымға салып, тауар әкелді, бюджеттегі адамдарға тізіммен азық-түлік үлестірді. Ауылда бәсеке ғой, кейін сол дүкен дегенің талас болып кетті. Бәрі ескі дүкендерді сатып ала бастады. Кейін Нұрлыбек Бөгетбайұлы әзілдеп айтатын: «Жәке, сен бізді алдап соқтың. Бұрын біз көшеде тұрып сауда жасайтын едік, салық төлемейміз, көп болса сатушы ұстаймыз. Ал сен бос тұрған дүкендерді бізге бердің. Біз оны жөндеп қаншама ақша жұмсадық, оған екі сатушыдан қойдық, касса аппаратын орнаттық, от жағатын адам, күзетші ұстап отырмыз. Сен арзан бағаға беремін дегесін, қырылып алып едік, бірақ көп шығын жасадық» дейді. Дегенмен, қазір олардың кәсіптері алға басты. Сол кезде ауданда көмір тасу да бір қиын шаруа болатын. Әкімдікте, мектептерде, ауруханада отын жоқ. Автобаз жабылып қалған. Аудандағы жігіттерде техника бар, бірақ біреуінің дөңгелегі, біреуінің моторы жоқ. Кейін камазы бар азаматтарды жинап, мәселені бірігіп шештік. Мысалы, саған не керек, сенде не жоқ? Төрт дөңгелек керек дейді. Оның құны шамамен 60 мың теңге тұрады. Жарайды, арухананың бастығына сен ақша бересің, сен дөңгелегіңді ал, сосын сол аурухананың көмірін тасисың. Қалғандары да өзара келісіп, бір-біріне қолқабыс қылды. Осылайша, он бес шақты «Камазды» іске қостық. Сосын сол жүк көліктерінің одан әрі жұмыс істеуіне жағдай жасадық. Егін піскенде диқандардың бидайын тасыды. Аудан өз-өзіне қызмет етті десек болады. Оп-оңай формула, бас ауыртатын ештеңе жоқ. Ол кездің қиыншылығы, қызығы да болды. Көптеген шаруларды батыл істеп, аяқ асты шешімдер қабылдайтынбыз. Әнуар Боранбаев атындағы мектепті ашқанда да тәуекелге бардық. Түпкі мақсатымыз дұрыс болғасын ел де қолдады. Жабылып қалған мектептердің оқу-құралдарын тасып, ұстаздар өздері жөндеп, сырлап еді. Одан кейін жарты жылдай жалақысыз жұмыс істеді. Ақыр соңында, мектеп бой түзеп, алғашқы түлектер аман-сау бітіріп шықты. Бір қуантатыны – сол кезде бастаған әр ісіміздің әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғаны, оның өміршеңдігі. Қазір сол кәсіпкерлер де, мектеп те жемісті еңбек етіп отыр. -Арқалықта да тынбай еңбек еттіңіз. Десек те, ауыл мен қала тұрмысының арасы жер мен көктей. Ол кезде қаланың да оңып тұрғаны шамалы… -Енді Арқалыққа әкім боламын деген ой, үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Өзің айтпақшы, қаланың нағыз күйреп жатқан кезі. Не жылуы, не жарығы жоқ. Бір қызық айтайын, 1996 жыл болу керек, әйтеуір ақпан айы, Арқалықтың бір қатып жатқан заманы болатын. Ол кезде Сабыржан Ахметұлы Аманкелді ауданының әкімі мен орынбасарымын. Қостанайға баяғы ақша сұрап барамыз. Екі ортада көлік жүрмейді, жол жоқ, пойызбен баруға тура келді. Облыс орталығына барып, біраз мекеменің табалдырығын тоздырып, қаражат таба алмай амалсыз кешкі пойызбен елге қайттық. Күн боран, жол жабық, келе жатқан пойызымыз Құсмұрын тұсында тоқтады. Бір жарым сөткі пойызда жаттық. ТЖ қызметкерлері адамдарға тамақ әкеліп берді. Әйтеуір, пойыздың іші жылы. Содан екі күн жүріп, түн ортасында Арқалыққа жеттік. Келсек вокзал басында бір де бір көлік жоқ. Түнгі үште пойыз келеді деп кім ойлаған? Содан екеуміз сөмкемізді арқалап, жаяулап Сабыржан Ахметұлының құдасының үйіне бардық. Барсақ, ол үйде де жарық жоқ. Екі сағат жанып, екі сағат сөніп, кезекпен береді екен. Құдасы үйінде тон киген, аяғында пима. Біз түн ішінде келгесін, «ештеңеге әуре болма, демалып аламыз. Таңертең Аманкелдіден көлік келеді, жол амандығын берсе, ауылға барамыз» дедік. Сосын төргі бөлмеге төсек салып берді. Екеуміз жатырмыз. Үй суық. Көрпені жамылсақ тұншығамыз, ашсақ мұрынымыз, құлағымыз тоңады. Сөйтіп таңды атырдық. Сосын бастығым тоғызыншы шағын ауданда күйеу балам тұрады, соның үйіне барайық, мүмкін сонда жылу бар шығар деп, жаяулап сонда тарттық. Барсақ, ол үйдің де кабелі жанып, азынап тұр. Түске қарай күткен көлігіміз келді. Сабыржан Ахметұлы екеуміз «Аманкелдіге жетсек екен, Арқалықты желкеміздің шұқыры көрсін» деп қашып едік. Періштенің құлағы бірде ашық, бірде жабық дейді емес пе, жарты жылдан кейін С.Ахметұлы Арқалыққа әкім болып барды, одан кейін екі жылдан соң сол қатып жатқан Арқалыққа мен бардым. Келсем Арқалық жылу маусымына дайын емес, ауызсу мәселесі шешілмеген. Қалада екі жүзге тарта үй бар. 9,7,6 шағын аудандардағы 80 және 100 пәтерлі үйлерде тек 10-15 отбасы ғана тұрады, қалғаны бос. Қаңырап қалған үйлердің жылу жүйелерін жұрт тонап кеткен, сондықтан барлық жылу жүйлерінен су ағады, жаққан отын далаға кетіп жатты. Бұрынғы 75 000 тұрғыны бар қалада 25 000 адам ғана қалған. Бірінші жылы қиын болды, ешнәрсе істеп үлгеремедім. Ауызсуды ретке келтіре алмадым. Ақпан айы боранды болып, қалаға су беретін Ашутас деген ауылға жол болмай қалды. Техника жүрмейді. Атшанамен барып амалдаушы едік. «Торғай боксит кен басқармасы» көмек бермейді, ол өзі жеке мемлекет сияқты. Әр кәсіпорын өз беттерінше бөлек-бөлек күн көреді. Сөйтіп, қаланы бірінші қыста қатырдық. Бірақ 15 күн бойы барлық жертөлені аралап, жылытып жүріп, жылу қазандықтарын сақтап қалдық. Келер жылы жазда көзді жұмып қойып, батыл қимылдар жасауға тура келді. Өйткені, біз бос үйлерге жылу беріп, суды далаға төгіп, қаншама шығын келді. Құлаған аудандардағы үйлерді жауып, адамдарды қаланың орталығына көшіру ғана қалды. Қала ықшамдалған соң бұрын сағатпен берілетін суды күні-түні беретін болдық, жарық мәселесін түгел шешілді, жылу берілді. Осыдан соң жандану басталды десе болады. Басында Арқалықта әкім болу қиынға соғарын білдім. Бірақ облыстың басшылары сенім білдіріп, халық үміт артқан соң бар күш-жігерімді салып, күндіз-түні еңбек еттім. Мен ауылда өскен баламын, қаланың тұрмысын, жертөлесін, жылу қазандығының не екенін, түгін де білмейтінмін. Бірақ, облыстың басшысы Өмірзақ Шөкеев Виктор Викторовичті жетекші етіп тағайындап қойды. Ол кісі ай сайын келіп, менімен бірге қаланы жаяу аралап, қолымнан жетектеп жүріп үйретті. Айтқанын істедік, үйрендік. Облыс басшылары бізге көмек бермегенде, Арқалық мұндай боп тұрмас еді, сол күйреген күйі құрып кетуі әбден мүмкін еді. Халық та бізге сенім артты, істеп жатқан жұмыстың  дұрыстығын көріп, айтқанымызға көнді. Мысалы, ТБКБ-ның (ТБРУ) басшысымен алты ай арпалысып, айтқанымызға көндірдік. ЖЭО-на қаншама адамды жұмысқа тұрғыздық. Қаланың КСК-лары бет-бетімен кеткен. Оларды біріктіріп, бір жерден қызмет көрстететін «Іскер» деген кәсіпорын құрдық. Ауылшарушылығына инвесторлар тарттық. «Иволга», «Алиби» сияқты үлкен астық компанияларын шақырып, біріккен жобаларды қолға алдық. Елден шыққан азаматтардың бірі Қайрат Боранбаев келіп, қаражат салып Арқалықтағы кинотеатрды, екі балабақшаны, қонақүйді, мешітті жөндеді. Сондай жерлестеріміз көптеген көмек көрсетті. «Торғайалюминьистрой» сол кезде бұзылып, талан-таражға түсе жаздады. Бірақ, біз мекеменің мүліктерін сонда жұмыс істейтін адамдардың үлесіне аударып, қайта банкротқа жіберіп, аман алып қалдық. Кейін қалада жұмыс жоқ кезде, ескі үйлердің терезесін бітеу, әртүрлі мекемелердегі жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын, кішкентай болса да, «Алюминьстройға» беруге тырыстық.   Кейіннен Арқалықта, Аманкелдіде болатын тендерлердің көбісін «Алюминьстрой» алып отырды. Содан күш алып, бүгін ірі мекемелердің бірі болды.   -Қазір сол ел мен жердің ахуалынан қандай өзгеріс байқайсыз? Асып-тасып жатқан ештеңесі жоқ, дегенмен, нені ескерген жөн? -2000 жылдары Арқалықтан Аманкелдіге, одан Торғай, Ырғыз арқылы Шалқарға теміржол тарту жоспары жасалған. Сосын Астанаға табиғи газ тарту үшін, негізінен батыстың газын Шалқар, Бейнеу арқылы кіргізу қарастырылды. Шалқар-Бейнеу-Бозой-Ырғыз. Ырғыздан Торғай-Аманкелді-Арқалық, одан Қорғалжың, Егіндібұлақтан Астанаға магистралды газ құбыры болады, яғни бойындағы бүкіл ауылдар газдандырылады деген сөз. Осылайша, Торғайдың бүкіл проблемасы шешілуі тиіс еді. Халыққа арзан отын, жол болады. Ол арада бизнес пайда көрмек, инвестор барады. Кез келген нәрсеге, ең бірінші, инфрақұрылым керек. Өзім соңғы жылдары, Жетіген-Қорғас, Жезқазған-Бейнеу теміржолын салуға қатыстым. Алтынкөл бекетін салдық. Сол кездегі жоспардан Арқалық арқылы Торғай, Ырғыз теміржол сызбасын көрдім. Жоба жасалған. Бірақ, оны кейінге шегеріп, қаражат Жезқазған мен Саксауыл арасын жалғауға берілді. Не себеп болғанын білмедім. Әйтеуір Торғайдың бағы ашылмай қойды. Қазір қарасаңыз, былтыр ғана басталған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша батыс пен орталықты қосу үшін Ерейментау-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Ақтөбеге жол салу керек-тұғын. Тағы да жоба жасалды. Құны – 5 млрд теңге. Бұл бастама тағы да іске аспады. Басқаша өрбіді, Есіл-Қостанай-Қамысты-Қарабұтақ жолы салынды. Тағы Торғай сырт қалды. Біріншіден, өңір дамуы үшін инфрақұрылым болу керек. Бұрыңғы Торғаймен бірге бес бірдей облыс жабылды ғой. Кейіннен Маңғыстау мен Талдықорған қайта ашылды. Торғай, Семей, Жезқазған жабулы күйінде қалды. Үкіметте сол жабылған облыстарды дамытудың стратегиялық жоспарлары бар. Ал Торғайды дамытудың бағдарламасы жоқ. Турасын айтсақ, жыламаған балаға емшек бермейді. Біз бағдарламаның жоқтығынан артта қалып келеміз. Себебі кез келген инвестор, кәсіпкер алдымен өңірдің болашағын, Үкіметтің қандай жоспары барын қарайды, сол жоспарға қарай өзінің бизнесін құрайды. Қай құжатты ақтарсаңыз да, Торғай өңірін дамытуға арналған бірде-бір жоспар жоқ. Алдымен, облыс қызығушылық таныту керек. Мысалы, Арқалықтың мазутына ақша керек деп жылда айта бермес үшін, оны бір рет шешіп тастаған жөн. Аймаққа элеватор салына ма, ет комбинаты салына ма, қандай көпірлер салынады соның бәрін тізіп, Үкіметке ұсыну қажет. Өйткені, теміржол салған кезде жоспарлау институттары сол аймақтың болашағына назар салады. Ал, Жезқазғанда бағдарлама бар. Мына жерде кен байлығын ашамыз, өндіріс саламыз деп соны көрсеткен. Олар теміржолдың пайдасы бар екенін біледі. Бас жоспарлаушы ешқандай жұмыс істемейтін, өзін-өзі ақтамайтынын өңірге жол салмайды. 10-15 жыл болашағы бар жоспарды облыста жасап, сол жұмыстарды Үкіметте қорғап, парламентте бекіту керек. Зауыт, фабрика сала ма? Ол қандай қаржыға салынады? Ауданның немесе облыстың бюджеті, республиканың бюджеті ме, әлде инвестор ақшасы ма, халықаралық банктен несие ала ма? Оған жауапты кім? Соны анықтау керек. Осының бәрі жасалса, кез келген инвестор өзі-ақ келеді. Торғайдың келешегі бар екен, мен қаражат салсам, Үкімет қолдау білдірейін деп отыр деп ойлайды. Ал мен ондай жобаның жасалғанын әзірге көріп отырған жоқпын. Мен еліміздің біраз жерінде болдым. Бірақ, біздің Торғайдан артық ештеңесі жоқ. Бәрі бір қазақтың жері. Барлығы өз қолымызда. Қалай ғана Торғайда келешек жоқ деп айтуға болады? Мәселен, біздің сүйікті ермегіміз — аңшылық, балық аулау. Кез келген аңшы мен балықшыдан сұраңыз, қай жердің балығы керемет десең, сөзсіз Торғайдың балығы дейді. Бізге жыл сайын Ресейден, басқа да алыс-жақын шетелден аңшылар келеді. Қыс болса, қасқыр, түлкі, қоян аулауға бүкілі Торғайға барады. Күз түссе, құс атуға бәрі Арқалыққа барады. Міне,  жай бір мысал айтайын, Арқалықтың жанындағы Титов, Майкөтов, Матросов ауылдарында Лузин Борис Степанович деген кісінің «Аркада» және «Жаркөл» атты аңшылық қоғамы бар. Мен қазан айының аяғында Арқалыққа бардым. Аңшылық маусым 1 қыркүйекте ашылған, маған миллион бірдеңесінші жолдама тиді. Сол бір-екі айдың ішінде бір ғана аң шаруашылығына бір жарым миллионға жуық адам келген. Олар жолдаманы алғашында 15 мыңнан, кейіннен 10 мың теңгеден сатқан. Жарайды, орташа 10 мың теңгеден есептегеннің өзінде, миллион жолдаманы 10 мың теңгеге көбейтсеңіз, 10 млрд теңге екен. Бұл деген ішкі туризм. Тек ресми ақпарат бойынша ғана осылай, рұқсатсыз өтіп жатқандары қаншама. Сол адамның бәрі жолай Арқалыққа соғады. Ол дегеніңіз қонақүй, асхана, көлік жуу, оның жөндеуі бар. Осының бәрі көл-көсір табыс. Осы кезде халыққа өкпелейсің, желкедегі жалқаулық жұмыс істетпей отыр. Көліктер даладан батпақ болып келеді, сонда Арқалықтан көлік жуатын жер таба алмай сандаласың. Тапқан күннің өзінде, сондағы жігіттер біз жумаймыз, батпақ қатып қалған, алынбайды деп түрлі сылтау айтады. Ал аңшыға көлікті жудыру керек. Сосын ол екі есе бағасын төлейді. 3000 теңге болатын болса, 6000 теңге береді. Одан қалды, көліктің сынып келетіні тағы бар. Алматыдан, Қостанайдан, Астанадан баратын аңшылар вагон, палаткалар алып барады. Ал енді соның басына кішкентай ғана үй салып қойса, қандай жақсы болар еді. Тағы да сол Лузин өз шаруашылығының басына екі қабатты үй тұрғызған. Бір бөлмесіне он шақты адамнан жатады, керуеті бар. Бір адамға 5000 теңге. Ақша өздігінен кеп түсіп жатыр.  Сол Лузин дегенің негізі Мәскеудің азаматы. Өзі ана жақта, кәсібі мына жақта жүріп тұр. Бұдан басқа, Шошқа ауылдағы, Сарыөзендегі қожалықтардың бәрі осылай жұмыс істейтін болса, айналдырған екі айдың ішінде Арқалыққа 20-30 млрд теңге ақша түскен болар еді. Осыны бір жолға қою керек. Кейде жұрт аңшылар келіп бәрін қырып жатыр деп шағымданады. Ешкім бет алды атып жатқан жоқ. Оның бәрін аңшылық кезең ашылғанда ғана, рұқсатын алып шығады. Еш уақытта бизнеске мемлекет кіріспейді, жеке адам істеу керек. Тек жолын көрсет, әрі қарай бизнес өзі алып кетеді.   Биыл  күзде ауданда көмір болмай жатқанда, көмір таситын жігіттер 17-18 мың теңгеден сатты. Жұрт шулап, қарсы шықты. Бұл – олардың кәсібі, жеп отырған наны. Ол Шұбаркөлге барады, басында 3-4 күн кезекте тұрады, сонда қонады.  Көмірді 9-10 мың теңгеге сатып алады. Олардың жағатын отыны, тамағы тағы бар, техника сынады. Егер әкімшілік бағаны түсір деп қысым жасайтын болса, келесі жолы ол бармайды. Одан тек бизнесті тұншықтырасың. Одан да басқа жолдарын қарастыру керек. Көмірге баратын жол дұрыс емес пе, жолын тегістеп бер, камазы сынбайтындай болсын. Шұбаркөлдің басында кезекте жатыр ма, оның бастығымен сөйлесіп, үш күн жатпайтын қыл, бір күнде ғана тиеп жіберетіндей жағдай жаса. Егер жағдай жасасаң ғана бағаны түсір деп айтуға болады. Немесе көмірді вагонга тие де, Арқалыққа әкеп түсір. Олар мысалы 300 шақырым жерге бармасын, 150 шақырым жерге тегіс жолмен барып келсін. Олар да шығынын жауып жатыр, қомағайланып жатқан ешкім жоқ. Әрине, еріккеннен 18 мың теңгеден сатып жатқан жоқ қой, олар да ауданның азаматтары, өзінің туыстары. Өңірде ең бірінші шағын бизнесті дамытып, түрлі цехтар ашу керек. Қаланың 60-70 % шағын бизнес болса тым жақсы. Ал Арқалықтың кіріс көзінің 60-70 % ТБКБ мен «Алюминстрой» ұстап отыр. Сол екеуі жабылса, қала қайта күрт құлайды. Керісінше, 30% соларға беріп, 60-70 % шағын бизнес болса, анау екеуі жабылған күннің өзінде шағын кәсіпкерлер сүйреп шығар еді. Жақында естідім, Аманкелді ауданы бюджетінің 70-80% беретін Қарынсалдыда егін егетін Бақытжан Тілеубаев екен. Ал бір күні Бақытжан салығын Жарқайыңға апарып тіркетсе, аудан бюджеті жүдеп қалады. Сондықтан ауданда Бақытжан секілді кәсіпкерлерді көбейту керек. Ол тек 10-20% берсе, қалғаны шағын бизнестер болсын. Бизнестің көзін ашу керек. Ол сонда ғана дамиды. Ауданның әлеуеті шағын бизнес, одан алысқа бара алмайды. Зауыт, фабрика саламыз немесе Сарыарқа облысын ашамыз деген бос қиял. Болмайтын дүние. Әуелі, солар бау-бақша егіп, мал өсіріп, ішкі туризмге көңіл бөлсінші. Арқалықта 200 мың гектар, Аманкелдіде 120 мың гектар, Жанкелдинде 50 мың гектар жерге бидай егеді. Мен айтайын, Торғай мен Аманкелдінің жері бидай егуге жарамайды, ол араға картоп өсірсе, пайдасы ұшан-теңіз.   Жергілікті әкімшілік бизнеске мониторнинг жасап отырсын. Әйтпесе, кейбір кездері ауылды жерде бәсеке бақталастыққа ұласып кетеді. Біреу көлік жөндеу орталығын ашса, бәрі ашады. Мысалғы, биыл Аманкелдіде Таңатар дейтін жігіт қонақүй ашты, бәрі қонақүй аша бастады. Біреуі шатхана ашты, бәрі де соны қайталайды. Олар тек бір бірін тұншықтырады. Әкімшілік кәсіп бастаушыларға бағыт-бағдар көрсету қажет. -Аға, ой-пікіріңізге рахмет! Қазір өзіңіз қайда жұмыс істеп жатырсыз? -Мен бүгінгі күнге дейін он жылдай «BI-Gruop» құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Үлкен инвесторлық жобаларды еңсердік. Жетіген-Қорғас, Жезқазған-Бейнеу теміржолын, Қорғастағы шығыс экономикалық құрғақ портты салуға қатыстым. Осы жұмыстарды жақсы аяқтап, мемлекетке тапсырдық. Қазір Алматы облысы әкімшілігінің жанындағы «Алатау» өңірді дамыту АҚ президентінің орынбасарамын. Алматы облысы мен Астана қаласындағы бірқатар құрылысқа жауаптымын. .

Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ.