«Жобаларым тек өз еліме ғана қызмет етсе деймін……»

Зинолла ҒАБДУЛЛИН, «Ақжайық» жеке ғылыми-өндірістік кооперативінің жетекшісі:

«ЖОБАЛАРЫМ ТЕК ӨЗ ЕЛІМЕ ҒАНА ҚЫЗМЕТ ЕТСЕ ДЕЙМІН…»

    Зинолла Ғабдуллин — ауылшаруашылығы саласының техникаларын терең меңгерген маман. Жарты ғасырдан астам өмірін ауылшаруашылығы техникаларын түрлендіруге арнаған инженер-техниктің иелігінде бүгінде оншақты  жеке жоба бар. Сол жобалардың бірқатары бүгінде түрлі шаруашылықтарда тиімді пайдаланылуда.

-Техникаға бала кезімнен жақын болдым. Жас кезімде жұмыс істеп жүргенде шаруашылықтарда қолданылып жүрген трактор, автокөліктерді тиімді етіп басқаша құрастырсам деп армандайтынмын. Ақыры, сол ойдың жетегімен 1989 жылы «Ақжайық» жеке ғылыми-өндірістік кооперативін  құрып, осы бағыттағы жұмысымды бастадым. Шаруашылықтармен келісімшартқа отырып, қолданыстағы тракторларға қосымша құрылғылар жасадым. Мысалға айтар болсам, тракторға тіркелетін шөпшапқыштарды шабындықтың ыңғайына сәйкестеп, екі орақты, үш, төрт және бес орақты тырнауыш түріне келтірдім. Кеңес дәуірі кезінде жеті орақты, бір тырмауышы бар шалғы да болды. Бірақ, ол кезде жұмыстың бәрін сыртта тіркемеде отыратын адамдар атқаратын. Енді мына жетілдірілген жоба бойынша бір ғана тракторшы шөпті өзі шауып, өзі жинап, өзі маялай алады. Осы жұмыстардың барлығын ол трактор кабинасында орналасқан тетік (рычаг) арқылы басқарып отырады. Осылайша қол еңбегі азайып, жұмыстың көбін техника атқарады. Бұл бүгінгі шаруа қожалықтары үшін аса қажет. Мұндай жағдайда қожалықтар жұмыста қол  күшін көп қажет етпейді. Осыған байланысты олардың шығындары да азаяды.

Бір айта кететін жәйт, шөп шабатын алаңның бәрі теп-тегіс емес, әсіресе, су жағасындағы шабындықтарда. Шөп шабу кезінде кейде сол жерде орналасқан нысандарды, электр бағаналарын немесе үйме шөптерді  айналып өтуге  тура  келеді. Менің сызбам арқылы дайындалған шөпшапқыштар осындай жағдайларда пайдалануға жақсы. Үш орақты шалғы 6 метр, екі орақты шалғы 4 метр жердің шөбін шабады. Биыл екі орақты шалғыға қосымша құрылғы жасап шықтым. Бұларды алынып-салынатын екі редуктордың күшімен айналдырып қойдым. Енді шаруалар екі орақты тіркемені көл жағасында және үш орақты тіркемені ашық шабындықта пайдаланатын болды. Осындай құрылғыларға өңіріміздің шаруа қожалықтары жиі тапсырыс береді. Мысалы, Жаңақала ауданындағы «Жайлау» шаруа қожалығының жетекшісі Мейрамбек Шақанов су жаңа тракторына екі орақты шалғыны кешенді түрде жасатып алып, соны қазіргі уақытта мал азығын дайындау жұмысында тиімді пайдаланып жүр.

Бұдан басқа жол жиегіне жиналған шөпті тез орап, жинайтын әдістерді де шаруашылыққа енгіздім. Әдетте тракторлар орама шөпті (рулон) бір-бірлеп тасиды. Мен осы жағдайды жеңілдету үшін шаруашылықтардың тракторларына бір мезетте үш бірдей рулон таситын қосымша құрылғы жасап бердім, қазір бұл құрылғыны да көптеген шаруашылықтар пайдаланып жүр. Бұл ретте трактор алдына бір, артына екі рулон шөп тиеп, үш баратын жеріне бір рет қана барып, оралған шөптерді тез жинап, маялайды. Бұл жағдай шаруашылықтардың жанар-жағармайды үнемдеуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ, шөп маялағыш құрылғыны (кун) 5 метрге дейін ұзартып, тіркемелерді жерден 50 см-ге көтердім. Бұл жағдай тіркемелерге тиелетін шөптің көлемін арттырады. Мысалы, бұрын  Кеңес дәуірінде шөп маялағыштар тіркемеге 18 рулонға дейін тиесе, қазір трактордың алдыңғы бөлігінде орналасқан шөп маялағыштың (кун) ұзартылуына және тісінің рулонға ыңғайлап істелуіне байланысты олар 25 рулонға дейін тиейтін болды. Менің бұл жобаларымның тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Жетілдірілген осындай құрылғыларға өз өңірімізден басқа Ақтөбе және Атырау облыстарының шаруашылықтары тапсырыс беруде. Соңғы 7-8 жыл ішінде тапсырыспен елу шақты осындай құрылғылар жасап шығардық, -деген Зинолла Ғабдырахманұлы облыс әкімі Алтай Көлгіновке осы жобаларды ресми түрде  ұсынғысы келетінін айтты.

«Егінді де өзі егіп, шөпті де өзі шабатын болады…»

Ағамыздың айтуынша, жоғарыдағы қолданыстағы жобалардан басқа жетілдіруді талап етіп тұрған тағы бір тиімді нұсқа бар. Мұны жүзеге асыру үшін қаражат жағы жетіспей тұр.

-Бұлардан басқа тағы бір жаңа жобам бар. Бұл жобам бойынша кәдімгі ауылшаруашылығына пайдаланып жүрген тракторларды шөппен бірге жем  даярлау жұмысына қолдану. Яғни, шаруашылықтағы тракторларды алмалы-салмалы құрылғыларды пайдалана отырып, көктемгі егіс науқанына да, жазғы шөп шабуға да және қажетті құрылғысын қосып, оны жем даярлау жұмысына салуға да болады. Тек тракторды дәнді дақылдарды жинауға жібергенде, шөп шапқыштың (косилка) орнына жатканы пайдалану керек. Жаңа жоба бойынша жиналған дәнді дақылдарды шөптің құралымен буып,  оны шөмеле қылып  бір жерге үйеді. Содан кейін оны комбайнның көмегімен салом мен дәнді дақылға айырса, дайын мал азығы  шығады. Саломды жаңа төлдеген малға, бордақылауда тұрған малдарға берсе, керім дәруменді азық болады. Қазіргі уақытта  осы жобамды жетілдірумен айналысып жүрмін. Осы жобам ресми түрде жүзеге асса, шаруашылықтар арасында үлкен сұранысқа ие болатынына сенімім мол. Бұған қоса, рулонды пресстеу  жұмысын жетілдіруді де ойластырудамын,-деген өнертапқыш ағамыз өзінің жобаларын жергілікті кәсіпорындармен бірігіп жүзеге асыруды ойластырып жүргенін жеткізді.

«Тапсырыстың көп болатынына сенемін…»

-Баршамызға белгілі, жел күшін пайдалану арқылы алыс ауылдарды жарықпен, сумен қамтамасыз етуге болады. Бұл жобамның да макеті дайын. Ана жылдары осындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде техникалық бағыттағы үйірмеге жетекшілік етіп жүргенде балалар бұл жобаның макетін жасаған. Бұл жоба оқушылар арасындағы республикалық сайыста жүлдегер атанып, балалар «ЭКСПО-2017» халықаралық  көрмесіне шақырту қағазын да алды. Сөйтіп, менің бұл жобам биыл жазда өткен  айтулы көрмеде жұртшылыққа таныстырылды. Аталмыш жобаның шағын шаруашылықтар үшін тиімділігі жоғары. Алыс ауылдағы шаруашылықтар малдарын суару үшін канал суын пайдаланады. Желқалақ осындай жағдайда жұмыс істеушілердің жағдайын жеңілдетеді. Желқалақ судан алыс отырған дихандар қауымына да үлкен көмекші болады.  Желқалаққа қатысты жобамды 1996 жылы өндіріске енгіздім және  бұған өнертапқыш ретінде патент алдым. Бұған қоса, шөп шапқыш (косилка) пен  шөп маялағыш (кун) жөніндегі жобаларыма да Ұлттық зияткерлік меншік институтынан патент алғам. Ал екі орақты тырнауышқа патентті әлі күнге дейін алғаным жоқ.  Өйткені, бұған уақыт керек. Құзырлы орындар патентті қапелімде беріп болмайды. Жаңа жобаларға патент алу үшін кем дегенде 1-1,5 жылдай уақыт кетеді, -дейді өнертапқыш алдағы күндерге үлкен үмітпен қарап.  

-Тағы бір айта кететін нәрсе, жобаларым қолды болып кетпесін деген оймен  мен кейбір техникалық шешімдерді Мәскеуден, нақтырақ айтсам, ЕАЭО-нан алып жүрмін.   Одақтан алған шешімдердің маған көмегі көп. Өйткені, бұл шешімдер менің  жобаларымның ЕАЭО бойынша қайталанбауына кепіл бола алады.

Жоғарыда айтып кеттім, бұл жобалардың тиімділігі баяғыда-ақ дәлелденген. Менің ендігі ойым, облыс басшысының қабылдауына кіріп, ол кісіден жобаларымды өндіріске енгізуге көмектесуін сұрайын деп едім. Егер ол кісі жобаларымды қолдап, жергілікті кәсіпорындардың бірі менің жобаларым арқылы өнім өндіруді қолға алса, бұл бәріміз үшін пайдалы болар еді. Біріншіден, ауылшаруашылығына қажетті дүниені жасаса, жергілікті зауыттардың жұмысы жүреді. Бұл құрылғыларға тапсырыс көп болатынына мен кепілдік беремін. Ал тапсырыс болған жерде жаңа жұмыс орындары пайда болады, бұл жағдай өз кезегінде жұмыссыздықтың азаюына ықпал етеді. Екіншіден, тапсырыстың көбеюі кәсіпорынның қаржылық әлеуетін арттырады, зауыт жұмысшыларының жалақысы өседі. Үшіншіден, кәсіпорындар тоқтаусыз жұмыс істеп тұрса, істің тетігін табушы ретінде өңір басшысының да мәртебесі артады. Төртіншіден, жүзеге асырылып жатқан жоба менікі болғандықтан, маған да азды-көпті табыс түседі. Мұның бәріміз үшін пайдасы зор дейтінім сондықтан. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бұрын шаруашылықтарды басқарып жүргенде маған көп көмектесті. Бұдан біраз уақыт бұрын шаруашылық жұмысына қажетті құрылғыларды жасап шығару үшін банктерден көп мөлшерде несие алғам. Сонда Арман Кәрімұлы несиемді субсидиялауға көмектесті. Ол кісі ауылшаруашылығы саласының маманы ретінде менің жобаларымды кезінде жоғары бағалады. Техникалық құрал-жабдықтарды жасау үшін үлкен қаражат керек. Ал менде ондай қаражат жоқ. Дегенмен, қол қусырып қарап отырған мен жоқ. Шаруашылықтардан шама-шарқым жеткенше тапсырыс алып, оны жергілікті зауыттармен келісе отырып, орындап жүрмін. Жыл сайын тапқан табысымның белгілі бір мөлшерін қосымша құрылғылар жасап шығаруға жұмсаймын. Әзірге құрылғыларыма шағымданып келген ешкімді көрмедім. Керісінше, тапсырыс берушілер қатары жыл сайын өсіп келеді. Егер осы жобалар жергілікті кәсіпорында кешенді түрде жүзеге асырылса, көршілес жатқан Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдерінің шаруалары қосымша құрылғыларды көптеп сатып алады. Тіпті, трактордың Отаны саналатын Белоруссия және Украина да  бұған қызығушылық танытады деп ойлаймын, өйткені, олардың зауыттары ауылшаруашылығы техникаларын жасап шығарғанымен, біздікіндей шаруашылыққа икемдеп, қосымша құрал жасамайды. Ресей, Белорусь кәсіпорындары біздің жобамызды қазірдің өзінде сатып алуға әзір. Бірақ, мен — отаншыл адаммын, оларға азын-шоғын ақша үшін елімді өмір бойы асырайтын жобаларды сатқым келмейді. Тиімді жобаларды тек өз еліміздің шаруашылықтары пайдаланса деймін. Бұл жобаларды еліміздің шаруа қожалықтары  әлі 50-60 жыл бойы қолданады деп ойлаймын.  

Шынымды айтсам, азғантай қаражатым жылына 3-4 құрылғы жасаудан артыққа жетпейді. Егер осыны кешенді түрде қолға алып, жергілікті зауыттарға жасатсақ, онда мұның пайдасы көп болмақ. Бір сөзбен айтқанда, жеке тірлік қылғаннан әбден шаршадым. Қазір менің жасым 70-те, әзірге денсаулығым жарап тұрғанда жергілікті кәсіпорындардың бірімен келісімшартқа отырып, жобаларды солармен бірігіп жүзеге асырғым келеді, -деген Зинолла Ғабдырахымұлы өзінің бұл бағыттағы ісін баласының жалғастырып келе жатқанын айтты.

Сөз реті келгенде айта кетейік, ағамыздың 1989 жылы құрған «Ақжайық» атты жеке ғылыми-өндірістік кооперативі әлі күнге дейін жұмыс істейді. Жеке кәсіпке Кеңес Одағы құламай тұрып-ақ кірісіп кеткен Зейнолла аға сол кездің өзінде-ақ, Павлодардан шыққан ДТ-75 шынжыр табанды тракторын дөңгелекті тракторға айналдырып, шаруашылыққа қосты. Бұдан басқа  қыс мезгілінде қала көшелерінің қарын жинайтын трактор, балмұздақ таситын велосипед, қала орталығындағы су арықтарын тазалайтын құрылғыларды да жасап шығарған. Бүгінде тиісті мекемелер аталған техникаларды өз жұмыстарында пайдалануда.

 

Айша ӨТЕБӘЛІ,

Батыс Қазақстан облысы