Жоғарғы Сотта «Заңдылық» жобасы таныстырылды

Жоғарғы Сотта «Заңдылық» атты сот пен прокуратураның ақпараттық-талдамалық жүйесінің жобасы таныстырылды деп хабарлайды Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның баспасөз қызметтері.

Жаңа жобаның таныстырылымына Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Бас прокурор Жақып Асанов арнайы қатысты. Сондай-ақ, еездесуге Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жөніндегі Еуропалық Одақ жобасының өкілдері, бейнебайланыс арқылы – өңірлік судьялар мен прокурорлар атсалысты.

img_3244_1

Кездесуді аша келе, Қайрат Мәми сот төрелігін жүзеге асыру процесіне ақпараттық технологияларды енгізу сот қорғауына қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдететіндігін, бірыңғай сот практикасын қалыптастырып, құқықтық айқындылық қағидатын қамтамасыз етуге ықпал ететіндігін айта келе: «Жаңа электронды сервистердің арқасында біз азаматтарды «сот сатылары бойынша артық жүруден» құтқардық. Өткен жылы «Сот кабинеті» арқылы соттарға 756 435 электронды құжат келіп түсті. Бүгін таныстырғалы отырған «Заңдылық» жүйесі қылмыстық процеске «ақылды технологияларды» енгізудегі кезекті қадам болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар үшін жеңіл әрі ыңғайлы құралдар құру», — деді. 

        Кездесуде сөйлеген сөзінде Жақып Асанов Бас прокуратураның жаңа инновациялық әзірленімі – «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесін таныстырды. Ол өз сөзінде бұл жоба бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға және қылмыстық процестің ашықтығын арттыруға, судьялар мен прокурорларға – қылмыстық заңнама нормаларын қолданудың дәлдігін тексеруге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Біз50 жыл бойы ғарышқа ұшып жүрміз. Үйлер ұялы телефон арқылы басқарылады. Технологиялар барлық жерде – үйде, көшеде, көлікте, жұмыста.

Бұның барлығы адамдарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Ал қылмыстық істерді әлі күнге дейін қағазда жүргіземіз, әлі күнге дейін қара  қаламмен аққағазға жазып жүрміз деп айтуға болады.

Кибердәуірде азаматтардың құқықтарын біздің консервативті жұмысымызға технологияларды кеңінен енгізе отырып қорғаудың уақыты жетті. Бүгін «Заңдылық» ААЖ бұның қолымыздан келетінін көрсетті. Біз жұмысымызды жетілдіре аламыз. Шын мәнінде, бір жағынан, артық қағазбастылықтан арыламыз. Екінші жағынан – адам факторын жоямыз, бұл әрине маңызды. Енді әрекетті саралау барысында қателесу мүмкіндігі азаяды.Тәжірибе біртекті болады. Бұл жерде мақсат — IT технологияның өзі ғана емес, ол мақсатқа жетудің құралы болмақ. Басты міндет – азаматтардың құқығы, қоғамның мүддесін және еліміздің дамуы мен қауіпсіздігін қорғау болып табылады. Түптеп келгенде – халықтың сенімі», — деп атап өтті Бас Прокурор.

img_3150

«Заңдылық» жобасының мақсаты – Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі мен сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдамалық жүйесін интеграциялау есебінен қылмыстық процестің сапасын арттыру. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықты қоса алғанда, өзге де базалармен интеграциялану күтілуде, соның нәтижесінде мүгедектік туралы, полиция қызметкерлерінің арнайы атақтарының бар-жоқтығы және т.б. деректер автоматты түрде берілетін болады. Бағдарламаға нақты кезеңге арналған барлық өзгерістер мен толықтыруларды қоса алғанда Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекстің барлық нормалары жүктелетін болады. Жүйе, мәселен, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күнгі айлық есептік көрсеткішті ескере отырып айыппұл мөлшерін, кәмелетке толмағандарға жаза тағайындаудың ерекшеліктерін немесе жазаны сіңірудің дұрыс тәртібін анықтай алады.

«Заңдылық» жүйесін іске асыру қылмыстық сот төрелігінің сапасын арттыруға, тиімсіз құжат айналымы мен қылмыстық істерді тергеу мен сотта қарау барысындағы процеске қатысушылардың заң бұзушылық бойынша шағымдарын азайтуға бағытталған. Жоба бірқатар ұйымдастырушылық рәсімдер аяқталған соң 2017 жылдың шілдесінде қолданысқа енгізілетін болады.

Іс-шара барысында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мен Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов жоғарыда аталған жобаның тұжырымдамасына қол қойды. Кездесуді аяқтай келе, Қайрат Мәми мен Жақып Асанов құрылғалы отырған сервис қылмыстық істер бойынша сот төрелігін неғұрлым сапалы жүзеге асыруға, сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізу міндеттерін тиімді іске асыруға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.