ЖИЕНҚҰРЫҚ дегеніміз не?

Қыздан туған балалар жиен деп аталады. Қыз баланы жат жұрттық деп есептегенмен де, жиендерін жат болып кетпесін деп үнемі үйіне қонаққа шақырып, оны тік тұрып күтіп алуды мәртебе санаған. Бұл жиеннің бағасының жоғары екендігін дәлелдеп тұр. Ал жиен болса нағашыларынан қалағанын алуға қақысы бар. Ат мінем десе де, шапан кием десе де жиеннің қолын қақпаған. Жиен ес біліп, етек жапқан сәттен оны нағашылары қамқорлыққа алып, нағашы атасы оған үйірлі жылқы ішінен бір тай атайтын болған. Оны бәсіре тай немесе «жиенқұрық» деп айтады. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халық жиенді ренжітпей жиен назасы жаман деп еркелетіп ұстаған. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар.
Жиенқұрық кей жерлерде «қырық серкеш» деп те аталады. Бұл туралы Тәуке хан тұсында қазақ мемлекеттілігі мен құқықтық жүйелерінің дамуында маңызы зор болған «Жеті жарғыда» «Нағашы жиеніне «қырық серкеш» беруі керек. Жиені нағашысына «қырық серкешімді алуға келдім» — деп арнайылап барғанда, оны құр қайтармай, қалағанын береді» делінген. Жиен үшін де нағашысы сыйға тартқан жылқының орны ерекше болған. Нағашысы берген бәсіремен топ жарып, бәйге алған шабандоздар, аң аулап, құс салған әйгілі саяткерлер, сал-серілер ел ішінде көптеп кездескен. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, ұлдың жақсы болмағы нағашыдан» деген сөз осындайда айтылса керек.

Фарида МЕТЕРҚҰЛОВА
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы