ЖЕТІМНІҢ АҚЫСЫ

Ертеде бір қайырымсыз бай кіре тартып, базарлап келуге шаһарға аттаныпты. Керуен ауылдың шетіне шыққанда әркімнің есігінде жалшылықта жүрген 6-7 жасар жетім бала керуеннің соңынан құлдыраңдап жетіп, қолындағы елдің қайыр-садақаға берген қара бақырын байға ұсынып: «Маған да базардан бірдеңе әкеп беріңізші», – дейді періште пейілмен.
Тот басқан тиынға ештеңе де түспейтінін білетін бай баланы жақтырмаса да, тұлдыр жетімге не деп жауап қайтарар екен деп айналасындағы анталап тұрған көп көзден жасқанып, уәде етеді де, қара бақырды қалтасына салып алады. Ай жүріп шаһарға жетеді. Бір керуен түйені толтыру үшін бірнеше күн базарлайды. Қажетті нәрселерін алып, көңілі жайланып базардан шығып келе жатқан бай қалтасынан шақшасын іздегенде қолына баяғы жетім баланың қара бақыры ілінеді. Қасындағы қызметшілердің көзінше уәде еткен соң амалсыз аялдайды. Базардың шетінде майда-шүйде сатып отырған бақалшылардың айналасын торуылдап жүрген жүні үрпиген бала мысықты көреді де: «Мына мақұлықтың қожайыны қайсың?», – деп сұрайды.
«Ее, бұл осы жердегі адамдардың қалған-құтқан тамақтарымен күнелтіп жүрген иесі жоқ қаңғыбас мысық қой, қажет болса ал, тегін береміз», – дейді әлгілер. Онда бұны мен тегін алмаймын, сатып аламын деп, жорта мырзалық қылып қара бақырды бір саудагердің қолына ұстатады. Бақалшылар өздері құтыла алмай жүрген мысықтың пұл болғанына қуанып қалады. Күн жүреді, түн жүреді, бірақ, ауылдың қарасы көрінбейді. Керуен жолдан қиыс кетіп адасады. Олар шет-шегі жоқ сахараның шөліне кіріп шыға алмайды. Бір жұмадан соң керуеннің алды шөлден өле бастайды. Керуенбасы – байдың бойын үрей билейді. Бір уақытта бай мінген түйенің бір қапталындағы дорбадан бала мысық секіріп түсіп бет ауған жаққа жүгіре жөнеледі. Оны ешкім қуып әуре болмайды. Тағы бір жұма өтеді. Керуен әбден қалжырап, шөл қысқан құрбандықтардың саны арта түседі. Түске таяу шығыстан бес-алты аттылы кісі келеді. Амандық-саулықтан соң сол жерден бірнеше шақырым жерде үлкен шаһар бар екенін, ол шаһарда тышқан көбейіп, содан оба індеті шығып, тұрғындарының қырылып жатқанынан және қазір қаладан ешкімді шығармайтынын, ешкімді кіргізбейтінінен хабардар етеді. «Осыдан бір жұма бұрын қаламызда бір кішкентай мақұлық пайда болды. Ол келгелі тышқан азайып, індеттің беті қайтты. Халық оны Алланың бізге жіберген көмегі деп қабылдады. Ал, хан «сол мақұлықтың иесін іздеп тауып, маған алып келіңдер, айтар алғысым бар» деп бізді аттандырды», – дейді әлгі салт аттылар. Бір жақсылықтың болатынын іші сезген сараң бай сөзге келместен: «Ол мақұлықтың иесі мен, мен оны базардан әдейі сатып алып келе жатыр едім», – дейді.
Бай ханның алдына келеді. «Шаһар іші бірнеше айдан бері дүрбелең. Оба індеті халықтың көбін жұтты. Амалымыз түгесіліп, Алладан ғана медет күтіп отыр едік. Міне, індеттің дауасын өзің арқылы жіберіпті. Мына қасиетті мақұлықты бізге қалдыр, ақысына не сұрасаң да беремін»,- дейді хан байға… Айтқанындай, хан қазынадан байға он түйе алтын береді де, нөкерлеріне керуенді әлгі шөлден шығарып жіберуді бұйырады. Хан бұйрығы орындалады. Өз керуеніне он түйе алтын қосылған бай жол азабын лезде ұмытып, көңілі шалықтап кетеді. Алайда, оның ойын кенет әлдене селт еткізеді. Ауылдан шығарда жетім баланың қара бақырын аманаттап алғаны есіне түседі. Жетімнің ақысы Құдайдың назарында болатынына жолдағы оқиғалардан соң көзін жеткізе түскен. «Жарайды, он түйе алтынның барлығын жетім бала қалай жаратады. Тең жартысын берсем де жетеді оған. Оның үстіне ақша жетімдікі болғанымен, мысықты мен сатып алдым ғой. Сондықтан бұл алтында менің де үлесім бар» деп өзін іштей жұбатады. Жолға бір күн түнеген соң бай алғашқы ойынан айнып, жетім балаға он түйе алтынның жартысын емес, екі түйесін ғана беретін болады. Тағы бір күннен соң ол ойын да өзгертіп, бір түйе алтын беретін болып шешеді. Не керек, ауылына екі күндік жол қалғанда байдың ойы тағы да нілдей бұзылады. «Оң-солын танымаған тұл жетім бір түйе алтынды қалай жаратады. Құр босқа жұрттың қолында кетеді. Одан да қара бақырының орнына бір ділда беріп, есептесейін» деп ойлап жатып ұйықтап қалады. Сол түні таңға жақын бұларды қарақшылар шауып, барлық түйелерін алып кетеді. Ертесіне есін әрең жинаған бай қасына түндегі шайқастан аман қалған жігіттерін ертіп, қарақшылардың соңына түседі. Ондағы ойы: қарақшы топты бастаған басбұзармен мәмілеге келіп, алып бара жатқан олжалары жетімнің ақысы екенін айтып, түйелерін қайтарып алу болады. Олар қарақшыларды сәскеде қуып жетіп, әлгі сөзін айтады. Қарақшы топтың басшысы сәл ойланып тұрып нөкерлеріне: «Алтын артылған он түйені қайтарып беріңдер, ал, тауар тиелген керуеннің жартысын ғана босатыңдар», – дейді.
Сосын қайырымсыз байға: «Сенің сөзің рас, бұл олжамызға мен де күдікпен қараған едім. Олай дейтін себебім, біз сендерді осыдан бір жарым ай бұрын, яки сендер ауылдарыңнан шыққан бойда тонаймыз деп жоспар құрып, жолдарыңды тосып едік. Бірақ, керуеннің сыртынан қалың әскер қоршап бізге алдырмады және ол жасақтағы жауынгерлер өте сұсты еді. Қайтар жолда сендер адасып құмға кірдіңдер сол кезде де әскердің шебі бұзылған жоқ. Керуен шөлден аман шығып, ауылға бет түзегенде әскер тіпті қалыңдап кетті. Бірақ, бір ғажабы, керуен ауылға жақындаған сайын жауынгерлердің қатары сирей берді. Тіпті кешегі түні түк те әскер қалмады. Сол ұрымтал сәтті пайдаланып, біз сендерді тонадық. Енді түсіндім, ол түмен қол сол жетім баланың аманатын (алтын артылған он түйені) қорғап келе жатқан періштелер екен. Сенің ниетің бұзылған сайын періштелердің де қарасы жоғала бастады. Соңғы түні сен балаға қара бақырын ғана қайтарып беремін деп шешкенде періштелер саған лағынет айтып, түгел көкке ұшты. Көрдің бе, ақырында он түйе алтын түгіл, өзіңнің керуенің де бұйырмай қалды. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Мына он түйені жетім баланың өзіне апарып бер.
Байлықты берген Құдай оның иесіне тұрақтап қалуын да өзі реттейді. Жетімнің ақысын жеген оңбайды, осыны есіңде сақта! Ал, мына өз керуеніңнің оннан үш бөлігі бізде қалады. Бұл да саған сабақ болсын», – дейді. Жетімнің көз жасы Алланың назарында тұратынын түсінген бай он түйе алтынды да өз иесіне тапсырыпты.……