Жеті шелпек

Таңсық емес ауылдағы қауымға,
Мейлі, қар ма, нөсерлеткен жауын ба.
Ойнап жүрген балаларды шақырып
Жеті шелпек тарататын ауылда.

Десек дағы, ерке тотай, еркінбіз,
Бұзған жоқпыз бабалардың сертін біз.
«Ниетіңіз қабыл болсын» дей салып,
Тәтті нанды таласа кеп жейтінбіз.

Бұл сенім де жатқанымен сыналып,
Айта алады ақ-қарасын кім анық?
Бейсенбінің берекелі таңында
Жататұғын үйден иіс шығарып.

Ағытылса аңыздардың тиегі –
«Қылған дұға құрбандарға тиеді».
Жеті атасын жаттап өскен жұрт үшін
Жеті саны – қасиетті, киелі.

Жар болсын – деп, жалғыз ғана Жаратқан,
Дұға қылып таңдарына әр атқан,
Дүниеден қайтқан жанға бағыштап
Құран оқып, жеті шелпек таратқан.

Бар болғаны біз қалалық «елшіміз»,
Бөлінген жоқ ауылдан да еншіміз.
…Ауладағы балаларды шақырып
Жеті шелпек таратып жүр, көршіміз!

Әлібек Шегебай.