ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Қазіргі кезде ауданымызда бұқаралық спорт ерекше қарқын алып, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған тұрғындар қатары арта түскен. Оны өңірдегі әуесқой спортшылардың жетістігінен де аңғаруға болады.
Мәселен, жуырда ғана жерлестеріміз Алматы қаласындағы республикалық әуесқой волейболшылар арасында өткізілген жарыстың финалдық бәсекесіне дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған. Осыған байланысты волейболшылармен және олардың жаттықтырушыларымен арнайы кездесіп, құрмет көрсеттік. Жиында аға буын өкілдері спорт саласына қатысты бірқатар ой-пікірлерін білдірді.
Жалпы алғанда ауданымызда дәл осы волейбол спорты жоғары деңгейде дамып келеді. Қазірдің өзінде волейболдан әуесқой клубтар арасындағы республикалық лигада ауданымыздың жастары үздік үштіктен көрініп, жеңісті жолдарын жалғап келеді. Сонымен бірге нәзікжандылардан құралған аудан құрамасы да дәл осы спорт түрінен облыс чемпионы болды. Ардагерлер лигасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді.
Өңіріміздің намысын түрлі деңгейдегі додаларда қорғап жүрген жерлестерімізге демеушілік көрсетіп, оларға қолдау жасау бағытындағы бастамалар әрі қарай да жалғаса беретін болады.

Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі