ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫН ҚАЗАҚЫЛАНДЫРУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Бүгінде Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобалары қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл — Алматыны әлемдік деңгейдегі тау туризмі орталығына айналдыруды көздейтін ауқымды бастама. Жоба аясында жаңа аспалы жолдар, тау шаңғысы трассалары, хайкинг бағыттары, веложолдар мен заманауи туристік инфрақұрылым салу жоспарланған.
Алайда дәл осындай тарихи кезеңде біз тағы бір маңызды мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек.Ол — жер мен таудың тарихи атаулары. Өйткені «Жерімнің аты — елімнің хаты».
Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Алматы тауларындағы шатқал, өзен, асу, мұздық пен шың атауларына аса мән бермей келдік. Көптеген атаулар кеңестік кезеңде саяхатшылар мен туристер қойған атаулармен қалып қойды. Тіпті олардың бірқатары ресми анықтамалықтар мен карталарға еніп кеткен.
Бүгінде Алматы тауларында:
Орджоникидзе, Пионер, Партизан, Комсомол, Маяковский, Терешкова, Советов, Чкалов, Физкультурник секілді атаулар әлі күнге дейін кездеседі.
Осындай атауларды көрген шетелдік турист Алматының қай мәдени кеңістігіне келгенін қалай түсінеді?
Туризм тек табиғатпен өлшенбейді. Туризм — тарих, мәдениет, таным, storytelling.
Қазақ халқы жер-су атауларын бекер қоймаған. Әр атаудың астарында табиғаттың сипаты, халықтың танымы, тарихи оқиға немесе аңыз жатады.
Мысалы, Тарбағатай атауы туралы ел ішінде мынадай аңыз бар. Ертеде бұл тауды мекендеген қалмақтар түнде қаптаған суырдың ащы даусынан маза таппайды екен. Қалмақ тілінде суырды «тарбыға», ал тауды «тай» деп атаған. Содан бұл өңір «Тарбығатай», кейін «Тарбағатай» аталып кеткен деседі.
Ал Марқакөл атауы туралы аңызда сараң бай сұлу қызын жасы үлкен бай шалға бермек болады. Қыз бұған көнбей, сүйікті ақ марқасын құшақтап көл жағасындағы жартастан суға секіріп кетеді. Содан кейін әкесі күн сайын көл жағасына келіп, «Марқа көлде…» деп зар еңіреп жылай береді екен. Осылайша халық көлді Марқакөл атап кеткен деседі.
Яғни қазақ жеріндегі атаулар жай сөз емес — халықтың жадында сақталған тірі тарих.
Дәл сол секілді қазіргі «Үлкен Алматы шыңы» атауы кейін қойылған жасанды атау болуы мүмкін. Ал халық арасында бұл шың ертеден «Найзақара» деп аталған екен. Шыңның өзі көкке найзадай қадалып тұрғандықтан, халық оның болмысын дәл таныған. Бірақ мұндай тарихи атаулар бүгінде карталарда да, анықтамалықтарда да кездеспейді.
Осы секілді көптеген шыңдар мен шатқалдардың байырғы атауы уақыт өте ұмытылып кеткен.
Тіпті кей жағдайда тарихи атауларды өзіміз де байқамай бұрмалап айтып жүрміз. Мәселен, қазақ тілінде табиғи әрі анық айтылатын «Кім асар?» атауы бүгінде «КИМАСАР» түрінде қолданылып кеткен. Сөйтіп, өз тіліміздегі мағыналы сөздің табиғи болмысын жоғалтып, оны өзге тілдің формасына бейімдеп алғандай әсер қалдырамыз. Ал шын мәнінде жер атауы — жай дыбыстар жиынтығы емес, ол халықтың ойлау жүйесі мен тарихи жадын сақтайтын рухани код.
Сондықтан тарихи атауларды қайтару — жай ғана “rename” емес.
Бұл — тарихи әділеттілік, ұлттың жады, мәдени тәуелсіздік, ұлттық кодты сақтау.
Жер-су атауы — жай географиялық белгі емес. Ол халықтың дүниетанымын, тілін, тарихын сақтап тұратын рухани қабат.
Тіпті адам күнделікті еститін атауларға бейімделеді. Қай тілдегі атауларды жиі қолдансақ, сана да сол мәдени кеңістікке жақындай түседі.
Мысалы:
Арқарлы → Архарлы
Сүмбе → Сумби
Мерке → Мерки
Тобыл → Тобол
Зерттеушілер мұндай өзгерістер қазақ тілінің табиғи дыбыстық жүйесіне әсер еткенін айтады.
Алматы тауларында да тарихи атауларды жаңғыртуға болатын мысалдар аз емес.
Мәселен:
• Бутаковка → Бұтақты
• Кабанье озеро → Қабанды көл
• Пионер → тарихи қазақы атауға сай өзгерсе
Бұл тек қазақша атау беру емес. Бұл — жердің тарихи жадын қайтару.
Әлемдегі ең дамыған туристік елдер өз жер атауларын ұлттық брендке айналдыра алған. Исландия, Норвегия, Жапония секілді елдер туристі тек табиғатымен емес, сол жердің тарихымен, мәдениетімен, атауындағы мағынамен қызықтырады.
Алматы да тауларын жай ғана курорт емес, ұлттық мәдениеттің символына айналдыра алады.
Тау — табиғат қана емес.
Тау — тарих.
Тау — тіл.
Тау — ұлттың жады.
Сіз қалай ойлайсыз?
Алматы тау кластеріндегі қандай жер атаулары тарихи қазақы атауына қайтарылуы керек?
Дулат Тастекей фб парақшасынан