«Жер аманаты» – солтүстікте. СҚО-да 18,9 мың га жайылым мемлекетке қайтарылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысында Солтүстік Қазақстан облысында 18,9 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды. Ауыл тұрғындары енді бұл жер учаскелерін мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланады. Атап айтқанда, СҚО-ның Ақжар ауданында мемлекет меншігіне 11 мың; Қызылжар ауданында 4,2 мың; Жамбыл ауданында 2,5 мың; Ғ.Мүсірепов ауданында 800 га және Мамлют ауданында 400 га жер қайтарылды. Бұған қоса, Айыртау, Тайынша, М.Жұмабаев аудандарында мал жаю үшін 29 мың га жайылым жерді халыққа өтеусіз беру жөнінде ауылшаруашылығы құрылымдарымен меморандум жасалды. Мамлют ауданы Белое ауылының тұрғындарымен әңгімелесу кезінде комиссия мүшелері өңірде ауылшаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтып, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек: «Солтүстік Қазақстан облысындағы негізгі мәселе пайға берілген жер болып отыр. Картадағы талдау жұмыстары жер мәселесіндегі айла-шарғыдан аман қалған бірде-бір аудан жоқ екенін көрсетеді. Соның кесірінен кейбір пай иелері мәселені шешу мүмкін емес деп ойлап, қалаға көшіп кеткен. Көбісі сот процесінде ұтылып, бізге жүгінеді. Басқалары ЖШС тарапынан қысым көреді. Комиссияның бүгінгі міндеті – жерді бір ЖШС-ден алып, екіншісіне беру емес. Біздің міндетіміз – жер қатынастары саласындағы заң үстемдігі мен әділдікті қалпына келтіру. Біз түрлі процестерге ықпал етіп, заңға көптеген түзетулер енгізе аламыз», – деді. Өз кезегінде, комиссия мүшесі, блогер Ғалым Байтоқ: «Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі шаруаларды жерсіз қалдырған ірі корпорацияларға шағым түсіруде. Қазір бұл мәселелер сотта қаралып жатыр. Елдімекендерде рақымшылық жасалуы керек деп санаймын. Мемлекет істі аяқсыз қалдырғаны үшін тұрғындар кінәлі емес. Мүмкін, шенеуніктердің қандай да бір мақсаты болған шығар. Мемлекеттік органдар басшыларына қандай ескертулер айтылғанын естідіңіздер. Тіпті, оларды қызметтен босату жөнінде де мәселе көтерілді. Комиссия мүшелері ретінде, біздің міндетіміз – мониторинг жүргізу, қадағалау және тұрғындармен әрдайым байланыста болу», – деп атап өтті.

AMANAT» партиясы СҚО-да 18,9 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтардыҚолданыстағы шаруа қожалықтарының тиімсіздігіне назар аударған комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов: «Мысалы, жалған құжат жасау, жиналыс өткізбеу арқылы жерді бір компаниядан екінші компанияға беріп жіберген шаруашылықтар бар. Сот ісі болады. Шын мәнінде, жер әубастан-ақ игеру, пайдалану үшін алынбағаны түсінікті. Құжаттардағы шатасулар ақыр-соңында жердің құнарын кетіріп, сапасын төмендетіп тынады. Бұл айналыспаса болмайтын аса маңызды мәселе», – деді.

Жайылымдарды ашық бөлуге шақырған Белое ауылының тұрғыны, агроном-ғалым Светлана Гаук: «Осы шаруашылықтардың кімге тиесілі екенін білу үшін ортақ карта жасау керек. Бұл карта тұрғындардың жерге кім иелік ететінін және нақты қай жерді иеленіп отырғанын көре алуы үшін қажет», – деген ұсыныс жасады. Сол күні партияның Петропавлдағы облыстық филиалында «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері азаматтарды қабылдады. Өтініш білдіргендердің басым көпшілігі – жерінен айырылып қалған адамдар. Олардың арасында Айыртау, Ақжар, Жамбыл және Шал ақын аудандарының тұрғындары болды. Жер мәселесімен комиссияға өңірдің 60-тан астам тұрғыны жүгінді. Барлық мәселе партиялық бақылауға алынды. Айта кетейік, кейінгі бірнеше айда комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 285 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.