Жеңіс күніне орай Қарағанды облысында ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне миллион теңгеден төленеді

Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты Қарағанды облысының Ұлы Отан соғысының ардагерлері біржолғы төлем алады. Олардың әрқайсысына миллион теңгеден төленеді. Мерекелік күні берілетін төлем өткен жылғы, мерейтойлық деңгейде қалды.

Сондай-ақ, облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға біржолғы материалдық төлем қарастырылған:

– концлагерь тұтқындары – 200 мың теңге;

– Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандардың (қайтыс болғандардың) жесірлері мен әйелдері – 50 мың теңге;

– Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 200 мың теңге;

– «ҰОС жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері – 100 мың теңге;

– 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдар – 50 мың теңге.

«Ардағым – ардагерім» акциясы аясында ардагерлерді мерекемен құттықтап, оларға сыйлықтар үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен беріледі.

Бүгінде облыста барлығы 46 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.

 

                                                                                                        Жомарт Шаймұрат