ЖЕҢІМПАЗДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Өткен аптада “Халықаралық достық пен бейбітшілік аймағы” деген ұранмен Қырғызстанның Чолпон-ата қаласында ХХ халықаралық Ыстықкөл спорттық ойындары өз мәресіне жетті. Алғашқы фестиваль 2001 жылы болған-ды. Жыл сайынғы ойындарға 2000-нан аса спортшылар мен жаттықтырушылар, қонақтар қатысуда.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының төрті күні басталып, бір аптаға созылған айтулы додада байзақтық спортшылар да жеңімпаздар қатарынан көрініп, аудан абыройын асқақтатып қайтқан болатын. Апта ортасында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қабылдап, өз құттықтауын білдірді.
Осымен жиырмасыншы рет өткізілген Ыстықкөл спорттық ойындарында ерлер арасында арқан тартудан жеңімпаз атанған Асылжан Ережепбаев алтын медаль мен Кубокты иеленсе, жекелей сында эстафетада топ жарған Мұрат Рауан да алтын медалға қол жеткізіп, Кубокпен мадақталды. Сондай-ақ, бүгінде Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі №8 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Волейбол» үйірмесіне жетекшілік ететін Мұрат Рауан гір спортынан жүлделі екінші орынға ие болып, күміспен күптелді. Қыздар арасында өткен арқан тартудан және гір спортынан сынға түскен Алина Оспанова жүлделі үшінші орындарды қанағат тұтып, қола медальмен елге оралды.
Стритболдан ұйымдастырылған бәсекеде Талғат Даулетбаев та жүлделі үшінші орыннан көрініп, қола медалді еншілеп қайтты. Ал, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің аға маманы Сағынбек Жүнісбеков «ХХ халықаралық Ыстықкөл спорттық ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысқаны үшін» Алғыс хатпен марапатталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаған аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы байзақтық спортшылардың бағындырар белестері зор боларына сенімін білдіріп, естелікке суретке түсті.