ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ КУӘГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Биыл ел Тәуелсіздігіне бастау болған Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Желтоқсан оқиғасына қатысқан бір топ байзақтықтарды қабылдады.
1986 жылдың 16 желтоқсанында республиканың орталық алаңына шығып, кеңес билігіне қарсылық көрсеткен қазақ жастарын еш сескендірмеген алып күш Тәуелсіздікті аңсау болғаны сөзсіз. Шын мәнінде, Желтоқсан көтерілісі еліміз үшін азаттық таңы жақын-дағанын сездірген оқиға болатын. Ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты күшейткен қозғалысқа, оған қатысқан ер жүрек жастардың асыл арманы орындалғанына биыл 35 жыл толды.
Осынау айтулы күнмен аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев Желтоқсан оқиғасының куәгерлерін құттықтады.
Мұнан соң тарихи оқиғаның куәгерлері атынан сөз алған аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Лаззат Пірімқұлова естелігімен бөлісіп, аудан басшылығына көрсеткен құрметі үшін алғысын білдірді.
Кездесу соңы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға Алғыс хаттар мен мерекелік медальдар тапсыруға ұласты. Желтоқсан оқиғасына қатысқан Лаззат Пірімқұлова, Заура Момынқұлова, Эльбрус Бейсбеков, Гүлжахан Ибраева, Бекежан Сапарбаев, Ұлбосын Сарымбетова, Ұланбике Сейдуалиева, Меруерт Елеусинова, Ұлдана Джаналиева, Талғат Маемгенов, Гулнар Тоқабаева, Саният Байтеноваға аталған марапаттарды аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев салтанатты түрде табыстап, естелікке суретке түсті.