Железинде мәдениет үйі жөндеуден өтті

Павлодар облысының Железин ауданында «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша төрт үлкен нысан жөндеуден өтті. Солардың бірі —  аудан орталығындағы Қ.Əлсейітов атындағы аудандық мəдениет үйінің ғимараты. Алып нысанның кіреберісінен төбесіне дейін күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген.

Бұл туралы аудандық мəдениет, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Уəлиолла Ақанов баяндап берді. Оның сөзінше, мәдениет үйі ғимаратының бой көтергеніне қырық жылдан астам уақыт болыпты. Міне, содан бері күтім көрмеген нысанның төбесінен соңғы жылдары су ағып, қыста есік, терезесінен суық аңырай бастаған.

— Мәдениет үйі – ауыл тұрғындары ең көп жиналатын жер. Бұл халықтың мәдени-рухани кемелденетін және жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізетін бірден бір орын. Сондықтан, мұндай нысандарға күтім ауадай қажет. Біздің күрделі жөндеуден өткізу керек деген ұсынысымызды облыстық комиссия да бірден қолдап, сұраған қаражатымызды берді. Бұған облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді. Екіншіден бұл осыдан қырық жыл бұрын  ескі үлгіде салынған ғимарат болғандықтан қазіргі заман талабына сай келе қоймайды. Жөндеу барысында үлкен концерттік залдың акустикасын жаңартып, сахнаны қайта құрдық. Ғимараттың кіре берісіне жаңадан фое құрылып, ресепшн үстелі орнатылды. Сонымен қатар, екінші қабатта музыкалық операторлар отыратын арнайы бөлме ашылды, — деді бөлім басшысы.

Құрылыс жұмысын жергілікті «Турбосервис» ЖШС жүргізіп, барлық жұмысты келіскен уақытында аяқтаған. Күрделі жөндеуден кейінгі қайта ашылу салтанаты еліміздің Тəуелсіздік күні қарсаңында болады.

Тілеуберді Сахаба.

Суретке түсірген – Серік Қапаров.