ЖАЗУШЫ ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Бір күні таңертең есіктің қоңырауы баж етті. Ашсам — мұнтаздай болып киініп алған Мұқағали тұр.
— Ертелетіп неғып жүрсіз? Амандық па, әйтеуір? – дедім. Жұмысқа кеткелі жатыр ем. Түрімді көріп, үсті-басымды бір сүзіп өтті.
– Өңкей ілім соққандар. Жаңа бұрыштан айнала беріп, Асқарды көріп ем. Ол да портфелін құшақтап, жұмысқа бара жатыр екен. Сен де сықиып тұрсың. Бар. Бара бер. Бара ғой! — деді. Біздің дабырласқан даусымызды естіп, ас үйден анам көрінді. Бұрын көрмеген адамы болғансын, ұсынған қолын алып жатып: «Қай баласың, қарағым?» деді.
— Амансыз ба, апа! Балаңыздың маңайында көп шимайшыдан басқа кім жүруші еді? Мен де солардан боламын. Атым – Мұқағали. Менің де сіздей шешем бар. Үйде сіз болсаңыз, қалғандарының қажеті шамалы. Онда бұл — жолынан қалмасын! – деп анамды ас үйге қарай жетеледі. Мен бір жымидым да, шығып кеткем. Кешке қайтып келсем, анам мәз-мейрам. «Мә, мынаны манағы бала беріп кетті. Қолы тисе, оқып шығар деді». Жемпірінің қалтасынан алақанға сыйып кететіндей шап-шағын кітапша шығарды. «Жарықтық, жігіттің төресі екен. Тұлға қандай, тұрпат қандай! Екі иығына екі кісі мінгендей. Қалған достарың өңкей шыбыштың лағындай шошаңдап тұрған немелер еді. Мынаның сөзі байсалды. Қолыңды тигіз. Оқып шық. Не жазды екен, жарықтық?!» деді анам. Мұқағалиды көріп, ішпей-жемей тойып тұр. Тамақтан соң, үстеліме бардым. Сыртында — томпиған кіп-кішкене немересін ерткен кәрі әже.
Аспандағы күннің аумағынан ұшып келе жатқан қос қарлығашқа қадала қарап қалыпты. Аты да әсем екен. «Қарлығашым, келдің бе?». Әрі таныс, әрі таңсық. Мұң лебі ескендей болады. Алғашқы бетті ашып қалсам, көк сиямен автограф жазылыпты: «Әбіш! Дей алдым ба бірдеме, демедім бе? Дей алмасам, боғымды жегенім де. Өкпе-назым, қайғы мен қуанышым — — тұрса бәрі жарады өлеңімде», — депті де, шиырып қол қойыпты. Жүрегім шым ете түсті. Сол бойда оқуға кірістім. Бірінші өлеңінің өзі ойыңды алысқа ала қашады. Оқыған сайын оқи түскің келеді. Жол тастамай оқыдым. Бәрін де өз басымнан өткергендеймін. Қай өлеңін қанша қарасам да, артық-ауыс ештеңе таба алмаймын. Апырай, ала-құласыз бұл қандай кітап!
Шындықты жұрттың бәрі біліп, бәрі көріп жүргенмен, оны ортақ сырға айналдыру, жырға айналдыру тек ең таланттылардың ғана қолынан келетін сияқты. «Көре ғой… байқай ғой… Айта ғой!» — деп, періштелердің өзі тек солардың ғана құлағына сыбырлайтындай. Мұқағали сондай бақыттылар тобынан екен. Анам айтқандай: шын жарықтық екен! Жарықтыққа жарық дүниенің ұсынбайтын бақыты, ұстатпайтын ақиқаты жоқ шығар! Дереу телефон шалдым. Дың-дың. Біраздан кейін қайта соқтым. Дың-дың… Енді ойландым. Қап, бәлем, телефон соқпаймын. Жазамын. Газетке ұсынамын. Көрсін де оқысын! Оқысын да қуансын! Өз тапқаныма өзім масаттанып, төсекке сұладым. > Депсің, Мұқа! Ақ қағазға қалай отырғанымды да білмей қаппын. Бір ойланып, мақаламды өзім оқыған поэмаларында Мұқағалидің лириктігі басым түсетіндігінен бастаппын. «Әдетте тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі», деп жазыппын. Расында, дәл өзі еді. Жазғанымды «Лениншіл жастың» ол кездегі редакторы Сәкеңе – аяулы Сейдахмет Бердіқұловқа — өз қолыммен апарып беріп, әскерге аттанғанмын…
Әсет Ақмолда