ЖАЗАТА ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Өткен жұмада екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мойынқұмдай ұлан-ғайыр паң даланың төсіне ақтылы қой өргізіп, табиғаттың өзінен дәріс алып, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 128 жылдығына орай аудан орталығындағы «Жазата» саябағында Жазатаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Жиында Мойынқұм ауданының бас имамы Рысбай Еспенбетов Жазатаға және арамыздан кеткен еңбек ардагерлерінің рухтарына арнап, құран бағыштады.
Бұдан кейін аудан әкімі Балқыбеков Әлихан Әбіләшұлына сөз кезегі берілді.
–Бүгін даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 128 жыл толып отыр. Аты аңызға айналған «Дала академигінің» туған күні әлі күнге дейін елеусіз қалған емес. Мойынқұмның маңғаз даласын мыңғырған малға толтырып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазатаның отарынан алынған қаракөл елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йоркте өткізілген аукциондарда көрсетілді.
Еңбегімен өзіне мәңгілік ескерткіш орнатқан Жазата туралы қалай ой толғаса да болады. Ол кісінің қасиеті мен қадірі көзі тірісінде де, одан кейін де ел арасында аңыз болып тарады. Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда да еліміз бойынша онымен алғаш айналысқандардың бірі болды. Жазылбек атамыз өзі ғана табыстың тай қазанын тасытып қоймай, көптеген шәкірт тәрбиеледі,–деп аудан басшысы ізгі тілегін жеткізді.
Ал еңбек ардагері, Жазатаның ізбасары Бөгенбай Бидасбаев қария атақты шопаннан ақ таяғын сыйға алғанын тілге тиек етіп, еселі еңбектеріне тоқталды.
–Ұстазым Жазылбек Қуанышбаев заңды зейнет демалысына шыққан соң, ауданның, совхоздың басшылары ақылдаса келе, еңбек озаты, жас малшы ретінде Жазатаның құтты ақ таяғын маған тапсыру ұйғарылды. Жазекеңмен екі апта көршілес отырдық. Жақсыдан шарапатдеп, Жазекеңнің шарапаты маған тиіп, жайлауын өткізіп, ақ батасын берді. Кейін Жазатаның тойында Қазақстан компартиясы Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков жиналған көпшіліктің алдында маған партиялық билетті тапсырды. Сөйтіп шопандар кітабы мен ресми түрде ақ таяғын алдым. Қиындығы мен қызығы қоса жүретін шопандық кәсіпте абырой биігінен көріне бер, – деп Жазата ағалық тілегін білдірген еді,– деді Бөгенбай қария.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасарлары Мейірхан Төлеулиев, Ержан Әмірханов, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары және Жазатаның туыстары, ұрпақтары, көзін көрген, бірге қызметтес болған еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».