Жасыл экономика   Жамбылда жаңа жел электр станциясы салынуда

Жамбыл облысы Сарысу ауданында жел электр станциясының құрылысы басталды. Құрылыс басына аудан әкімі Қанатбек Мәдібек арнайы барып қайтты. Аудан басшысының айтуынша, станция құрылысы аяқталғанда жыл он екі ай соғатын “Аққырқа”мен “Арыстанды Қарабас” желі ауданға өз пайдасын тигізбек.

    Инвесторлар Сарысу ауданында 100 МВт –тық жел электр станцияларын салатын болады. Жоба бойынша 233 гектар жерге желден қуат өндіретін арнайы қырық қондырғы орнатылмақ. Олардың әрқайсының қуаты – 2,5 МВт құрайды. Станция жылына 350 миллион КВТ/сағ электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр.

Жоба құны 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады деп күтілуде. Құрылыс кезінде 200-300 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Ал аталмыш жоба іске қосылған соң тұрақты түрде 30-40 адам жұмысқа орналасады. Бұл мәліметті кездесу барысында өз жоспарымен бөліскен Алмас Чукин мырза айтты.

Еліміздің энергетикалық секторын стратегиялық трансформациялау аясында жаңартылған энергия көзінен өндірілетін электр энергиясының үлесін арттыру, экологиялық таза энергия өндіру және атмосфераға көмірқышқыл газының шығандарын азайту мақсатында қолға алынған жоба сәтті жүзеге асатын болса, 2020 жылы қазынаға орташа есеппен 8,1 млрд теңге пайда түседі деп болжанып отыр.

Сарысу ауданында «China Power International Holding Ltd» компаниясы салатын жел электр станциясының ісі бойынша облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталмыш компанияның инвесторлары «Визор Казахстан ЖШС-нің» басқарушы серіктесі Алмас Чукин мен ЖШС-нің бизнес саласын дамыту бойынша кеңесшісі Кулик Вадиммен кездескен еді.

Қазақстанның жел энергетикасын дамыту әлеуеті өте жоғары екені бүкіл әлемге белгілі. Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Біріккен ұлттар ұйымының даму жөніндегі бағдарламасы ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, еліміздің потенциалы мыңдаған МВт немесе жылына 1 триллион кВт-сағат көлемінде екен. Бұл дүние жүзі бойынша үздік көрсеткіштердің бірегейі.

Атап айтқанда, 2014 жылдың маусым айында Қазақстан үкіметі балама энергия көздерінің тарифтерін 15 жылға бекітті.

Ал Қордайдағы жел электр станциясының негізі 2012 жылы қаланып біткен болатын. Бүгінгі таңда станция қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

  Айта кетейік, жел электрлік станция – желдің кинетикалық энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы. Ол жел қозғалтқышынан, электр тогы бар генератордан, жел қозғалтқышының және генератордың жұмысын басқаратын автоматты қондырғыдан, оларды құрушы және қызмет көрсетуші құрылыстарынан тұрады. Жел энергетикалық станцияларда желсіз кезеңге арналған резервті жылу қозғалтқыш болады.

 

Бөрі Сұлтан