Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жоба

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар.
Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді.
Жастар қай заманда, қай ғасырда болса да, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, талпынған мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап та бағамдауға, бағалауға болады.
Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Қайратұлы Берікқожадан қазіргі таңда жүзеге асып жатқан «Жасыл ел» еңбек жасағы туралы ақпарат білген едік.
— «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын 2005 жылы бастаған. Жоба аясында жастар экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаны қорғау бағытында тер төгіп келеді. Осы жылдар ішінде облысымызда 30 мыңға жуық жас еңбек еткен. Олардың арасында өз бақыттарын тауып, шаңырақ көтергендері де баршылық.
«Жасыл ел» — тек тазалықты сақтап қана қоймай, достық ортаны да қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жоба.
Биылғы жылы да бұл жоба өз жалғасын тауып, облысымызда 2 мыңға жуық жасты маусымдық жұмысқа тарту жоспарланған. Жоспарға сәйкес жастар бекітілген кестеге сәйкес ай сайын жұмыс атқаруда.
Маусым айының басында респубикалық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының салтанатты ашылуы өткен болатын. Міне бүгін облыстық жасақтардың да маусымы ашылып, жастарымыз өз жұмыстарын бастап кетті.
«Жасыл ел» сарбаздары қараша айына дейін маусымдық жұмыстарға тартылып, қосымша мәдени-көпшілік, спортық және т.б. іс-шаралармен қамтылады. Жыл қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады,-дейді.
Расында да алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолдарымызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде.
Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез — келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек.
Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек.