Жастардың  неке бұзуы неге  жиілеп кетті?

немесе  айыппұл салу арқылы ажырасқандарды азайта аламыз ба?

Соңғы кездері  отбасы құру  үшін несие алып барынша шашылатындар, артынша еш қам жемей ажырасуға асығатындар көбейіп кеткені жасырын емес. Әсіресе, жастар арасында кереге кеңейтуді көксейтіндер кеміп, салтымызға сай келмейтін салт бастылар артқаны  белгілі. Осы орайда,  «Жастардың некебұзуы неге  жиілеп кетті? Кеше ғана жанұя құрған  отбасылардың  ошағы не себепті  ерте сөнуде?» деген орынды сұрақтар  туатыны анық. Міне, осыған біз де жауап іздеп көрген едік.

Статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, Жамбыл облысы Тараз қаласында өткен жылы 3657 жас неке қидырса, соның 1200-і некесін бұзған екен. Ал, биылғы жылдың 9 айында 2498 жас некеге тұрса, соның 986-ы ажырасып кеткен. Дәл сондай, облысқа қарасты Сарысу ауданында алдыңғы жылы 258 неке қиылса, оның 108-і бұзылған. Ал, үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде 18 жас жанұя құрса, 5  шаңырақ шайқалған.

%d0%b0%d0%b6%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%83

Мойынқұм ауданындағы жағдай да мәз емес. Аталмыш аймақтаөткен жылы 60 жас жанұя құрып жақындарын қуантса, араға жыл салмай 23-і ақ неке алдында  берген анттарынан  тайған. Сондай-ақ, биылғы жылы неке құрған 46 жастың да  жартысы ажырасып үлгеріп отыр.

Меркі ауданына келсек, мұнда былтыр некеге тұрған 554 жастың 119-ы отбасы ошағын сөндірсе, биыл неке жүзігін таққан 231 жастың 47-і айырылысқан.

Шу ауданындағы сандар да шошытып тұр. Мәселен, өткен жылы 468 жас отбасы құрса, оның 108-нің жанұя бақыты жылға жетпеген. Ал, биыл бір бастарын екеу қылуды ойлаған 430 жастың  96-ы ажырасып кеткен.

Өзге аудандарға тоқталсақ, Жуалы ауданында өткен жылы қиылған 299 некенің 66-сы бұзылып, үстіміздегі жылы  шаңырақ көтерген 227 жанұяның 24-і  айырылысып отыр. Т.Рысқұлов ауданында жыл ішінде 217 жас некеге тұрса, соның 18-нің отбасы бақыты ұзаққа созылмаған.

Жамбыл ауданында ағымдағы жылы 288 неке рәсімделсе, соның 71-нің неке куәлігінің сиясы кеппей жатып жастар жан-жаққа кеткен. Дәл сондай, Байзақ ауданында да биыл некеге тұрған 291 жастың 9-ы ажырасқан.

Байқап тұрсаңыз,  бір жылда некесі қиылған жастардың орта есеппен тең жартысына жуығы  некесін бұзуда екен. Бұл әрине, алаңдайтын жайт.

Осы орайда, некенің не себепті жастар арасында жиі бұзылып жатқанын білмек мақсатта психолог маманның пікірін білген едік.

Психолог Ләззат Мырзаштың айтуынша, көп жағдайда неке әйел баласының отбасына жылу  ұялата алмау себебінен  бұзылатын көрінеді.

– Негізі, жанұядағы жылулық әйел баласына байланысты. Егер еркектің қалауы үйден табылмаса, ол оны түзден іздейді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Ал, қазіргі некелердің бұзылуна не себеп десек, осы жылулық пен түсіністіктің үйдегі аздығы дер едім. Көп жағдайда жаңадан түскен келіндер өз үйлерінде әке тәрбиесін аз көріп, жаңа түскен ошағында еркек даусын  көтере алмай жатады. Бұл қазір екінің-бірінің үйінде болып жатқан жағдай. Оған қоса, бұрнағы кезі аналарымыз қыз баласын отбасылық өмірге бала кезден тәрбиелейтін. Ал, қазіргі аналар қызы бір айдан кейін қайтып келіп жатса да құшақ жайып қарсы алып, бар кінәні  күйеу балаға артып жатады. Бұны көрген қыз менікі дұрыс деп ойламағанда қайтсін? Міне, көп шаңырақтың шайқалып жатуының басты себебі осында.

Ал, қалған баспана, тұрмыстық жағдай, тіпті ұзақ уақыт бойы келіннің  бала көтере алмауы сынды нәрселер қай ғасырда болмасын болған дүние. Егер отбасы жылулығы мен жас жұбайлардың махаббаты берік болса, бұның барлығы өздігінен шешімін табады, – дейді психолог.

Маманның сөзіне сүйенсек, жастардың неке бұзуына  бірден-бір себеп жанұядағы жылулықтың жоғалуы  екен. Және отбасының ошағын тұтата алмаған отанасы бұл жағдайға тікелей кінәлі көрінеді.

Әрине, бұлайша біржақты пікір немесе  кінә артудан біз аулақпыз. Десе де, психолог маманның айтуы осы.

2f361de7d34996e0c07dc8165ae8f27a_resize_w_1140_h_696

Енді бұған Ислам дініміз не дейді? Облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаевтың айтуынша, некенің ерте бұзылуына еркекті, әлде әйелді біржақты кінәлауға болмайды екен. Алайда, неке бұзу қандай жағдайда да шариғатта құп көрілмейтін көрінеді.

– Жастардың ажырасуына тікелей  жас жұбайларды немесе қоғамды кінәлауға болмайды. Бұл қазір күрмеуі қиын мәселенің бірі болып тұр. Десе де, жастардың ерте неке бұзуы  ең бірінші бала тәрбиесіне кері әсер ететіні анық. Толық емес отбасынан толыққанды тәрбие алған бала шықпайтыны белгілі. Сондықтан, ажырасқалы отырған жастар ең бірінші осыны ойлауы керек.

Алайда, батыстық сериалдармен санасы уланған жастарымыз неке бұзып, қайта басқа біреумен жанұя құруды қалыпты жағдай көруде. Міне, бізді іштен ірітіп жатқан дүние осы. Тіпті, қазір  арада бала болмай тұрғанда ажырасып кетейік дейтіндер де кезігіп жатыр.Бұл не сұмдық? Сонда шаңырақ көтергелі отырған жастар ажырасатындықтарын алдын ала біліп, жоспарлай ма? Сонда махаббат, ана-ана алдындағы абырой қайда қалды?

Енді бір ажырасып, қайта некеге тұру мәселесіне кеңірек тоқталсақ. Шариғатта ажырасқан жандарға үш мәрте жарасуға мүмкіндік беріледі. Егер осы үш мүмкіндіктен кейін де олардың арасы бұзылса, бұл неке дінде құп көрілмейді. Сондай-ақ, өз жарына емес басқа біреуге қосылған некелер де шариғатта дұрыс шешім депқабылданбайды. Тек күйеуі, әлде әйелі ерте дүниеден қайтқан  жағдайда болмаса.

Бір сөзбен айтқанда, адамдардың ажырасуына қандай жағдайда болмасын кесілетін үкім біреу. Сондықтан бұл мәселені неке бұзған  жастар дұрыс түсініп, неке қидыру бұл Құдайдың амалы екенін түйсінгендері абзал, – дейді бас имам.

ad0dc7cb82ab124054dcad4c29376d74_big

Иә, байқап тұрсақ,  қиылған некені бұзу қасиетті Ислам дінімізде қандай жағдайда болмасын құп көрілмейді екен. Алайда, психолог маман да, имам да бұл мәселенің шешу жолын  айта алмауда. Сонда салтымызға сіңіп, санамызды улап  бара жатқан  бұл «індеттен»  қалай арыламыз?

Жеті құрсақ көтерген батыр ана Айман Шыныбекованың пікірінше,бұл бүгін-ертең шешімі табыла қалатын  дүние емес екен.

– Қазір байқасаңыздар,жер шарында некесіз бір шаңырақ астында тұрып жатқан жандар мен жалғыз күн кешіп жүргендер жетерлік. Бұл кесел соңғы жылдары біздің елді де дендеді. Енді бұның тамырына бір күнде балта шабу мүмкін емес. Өйткені, кеселдің тамыры тереңге тартып, шырмауықша шырмалып жатыр.

Бұған істер бір ғана амал, жастарға Құдай сана берсін деп тілеу. Мен өзім келін болып түскенімде қиыншылық пен қуанышты  жұбайыммен бірге көремін деп шештім. Қазір Алланың бұйрығымен үлкен отбасы болып отырмыз. Маған бұдан артық бақыттың қажеті жоқ. Егер осылайша әр жас жұбайлар  ойласа, бұл мәселенің күрмеуі қиын көрінбес еді.

Осы тұста бір қоса кетерім, мүмкін неке бұзылмауының алдын алу үшін бұл мәселеге  билік өкілдері де жіті назар аударуы керек шығар. Мәселен, ажырасқандарға айыппұл салып, жаңадан  неке қиғандарға  мемлекеттік көмекті көбейту сынды. Билік араласқан жерде мүмкін бір шешім табылып  қалар?– дейді көпбалалы ана.

Иә, Айманның ұсынысын бұрыс дей алмаймыз. Өйткені,көршілес Ресей мемлекеті алдыңғы жылы ажырасқандарға 1 000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салуды ұсынған еді. Ал, Вьетнам мемлекеті неке бұзғандарға 20 миллион донг немесе 970 АҚШ  долларын  төлетуді   заңмен міндеттеп тастады. Ендеше, неге бұл мәселені біздің елде де қарастырып көрмеске?

Сіз, қалай ойлайсыз?

Саятхан Сатылғанов