Жастар театры ашылды

Бәрекелді , сүйінші !

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Жансарай» жастар театры ашылды. Оның актерлері аталған оқу орнының студенттері. Театр өнерпаздары Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын сахналады. Бұл – театр репертуарындағы алғашқы  классикалық шығарма.

Әйгілі Шәмшінің жүрек шымырлатар, сезім серпілтер құдіретті әндері әрбір қазақтың аузында. Сол сұлу әндер өмірге қалай келді? Жалпы Шәмшінің өз тағдыры, өз махаббаты туралы не білесіз? Еріксіз биге жетелеп махаббатпен тебірентер «Сыған серенадасы» әнінің тууына себепкер болған сыған қызы Изольда жайлы естігеніңіз бар ма? Ән махаббаты Шәмші тағдырын тоқайластырған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты поэтикалық драмасы сахнада осы тұрғыда сыр шертеді. «Сыған серенадасы» – театр сахнасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Оның өресі кең, құпиясы ашылмаған. Вальс королі әйгілі Шәмші рухына бағышталған бұл туынды сазгердің тағдырын бейнелейді.DSC_4827

Театр – бұл мәңгілік сезімге толы тұтас бір өмір. Махаббат пен өшпенділік, өмір мен өлім, сенім мен үміттің арпалысы. Театр – студенттер үшін өнердің сиқырлы күшіне жанасуға, түрлі кейіпкерлердің бейнесін сомдауға һәм түсінуге жол ашады. Театр қойылымдарын кәсіби мамандар емес, студенттер  қояды. Бұл – жастардың шығармашылығын шыңдауға үлкен сеп болмақ, деді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова.

Театр режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетованың айтуынша, болашақта махаббат пен достықтың қаншалықты құдіретті күш, ұлы сезім екенін ұғындыратын классикалық қойылымдар сахналанбақ. Атап айтқанда, олардың қатарында Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Болат Ұзақовтың «Жанұя» және Исрайл Сапарбайдың «Ауылдан келген ару» спектакльдері бар.

«Жансарай» театрының алға қойған мақсаты биік. Театр құрамындағы әрбір студент болашақта қазақ өнерінің аспанындағы жарық жұлдызға айналуды мақсат еткен. Бүгінгі таңда өнер ұжымы «Айша бибі» атты тарихи қойылымға дайындалуда.

                                                                       Тараз МПИ Баспасөз қызметі