ЖАСТАР ОТАНШЫЛ БОЛМАСА МЕМЛЕКЕТІМІЗ ГҮЛДЕНБЕЙДІ

Елбасымыздың мақаласына орай

        Жастар – болашағымыз. Оларды Отанын, елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу бүгінгі таңда ең маңызды мәселе. Елін сүйген азамат басқа елдің экономикасын, мәдениетін, өнерін, ғылымын дамытпай, өз елінің мәртебесін көтеру керек емес пе? «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демеуші ме еді бұрынғылар? Өзге елдің сойылын соғып, білімі мен ғылымын дамытудың орнына неге өз еліне қызмет етпейді? Туған елінен, туған жерінен жеріген ол қандай азамат? Көбінің айтатындары Қазақстанда өсуіне жағдай жоқ, жалақы аз, ешкім сені бағаламайды дейді. Еңбек етем, еліме қызмет етем дегендерге мүмкіншіліктер көп қой. Бір күнгі қиындыққа шыдамай, шетел асқанда неге ойламайды елім, жерім деп? Себебі біреу. Біздің елде соңғы кезде патриоттық тәрбие сынға тұрғысыз. Мұны елбасы мақаласында жақсы айтты. Балабақшадан, мектептен, жоғары оқу орындарынан, және отбасынан басталмай ма патриоттық тәрбие.  Туған елінде дүниеге келіп, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Ата-ана ұл-қыздарына дұрыс тәрбие берсе, ауылының, ауданының тарихын айтып, жетістіктерін мақтап, жеткен биіктерін дәріптесе. Отан-ана деген жай сөз емес, миға сіңген, бүкіл болмысымен жүрегіне ұялаған сезім болса ол азамат елін тастап кетпейді. Ит екеш ит те басқа жерге апарып тастасаң, үйін тауып келеді. Патриоттық тәрбие үйден, мектептен болса, өз елінің азаматы болады. Сондықтан балабақшада, мектептерде, ауылдың, ауданның, облыстың, еліміздің тарихын терең оқытып, тарихымызбен, тарихи тұлғалардың өмірімен кеңінен таныстырып, олардың атқарған істерін дәріптеу күн тәртібінде болу керек.

Бұрындары КСРО тарихы тек Ресейге байланысты айтылды, оқытылды. Ресейдің патшалары кемеңгер, ұлы адамдар да қазақ елі артта қалған көшпенді, білімсіз ел болған деп оқытты. Осы қазақ елі білімсіз, артта қалған ел болса, неге орыс княздары Алтын орда хандарына тәуелді болып, салық төлеп, өз жерінде билік ету үшін хандардан рұқсат алған? Біздің еліміздің тарихы бай, қалай мақтансаң да жарасады. Осы қазақ жеріндегі Алтын орда мемлекеті 3 ғасыр бойы, бүкіл Еуропа, Азияға билігін жүргізгенін неге мақтанып айтпаймыз?! Қазақ елінің хандары білімсіз, надан болса қалай осынша жерді сақтап, ұрпақтарына жеткізді? Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары билік басындағылар қазақтың біраз жерін Ресейге күштеп тартып алғанын қалай ұмытамыз? Омбы, Томбы, Алтай, Орынбор, Астрахань бәрі де қазақтың жерінде орналасқан еді ғой. Соның өзінде кең-байтақ жерге ие болып қалдық. Еуразия кеңістігінде Ресейден кейін жері көп біздің Қазақстан емес пе? Хандарымыз билік жүргізбесе, батырларымыз жерді қорғамаса, қазақ осынау кең далаға иелік етер ме еді? Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» енді мінеки мына мақалаларында айтқандай, біздің тарихымызда ұялатын ештеңе жоқ. Тек мақтануымыз керек. Биыл үкімет тарапынан Алтын орда мемлекетінің 750 жылдығын тойлауды қолға алып  отыр.  Осы Алтын ордаға байланысты мектептерде, арнаулы және Жоғары оқу орындарында тарихи- танымдық, патриоттық сабақтар өткізіп, онда Алтын орда тарихын, оны басқарған хандар мен билердің, батырлардың, қазіргі Қазақстанның жерлерімен оқушыларды терең таныстырып, бай тарихымызды неге оқытпасқа?

Дешті Қыпшақ мемлекетін басқарған Жошы хан, Алтын орда мемлекетін Құрған Батухан, оның қуатты мемлекетке айналуына аянбай еңбек еткен Берке хан, Орыс хан, Өзбек  ханмен қазақ хандығының басында тұрған Керей мен Жәнібек хан, Қасымхан, Хақназар хан, Тәуке хан, Еңсегей бойлы Есім хан, Сойқан Жәңгір хан, Абылай хан және үш жүздің соңғы ханы Кенесары хан туралы әңгімелер өткізіп, олардың өмірлерімен атқарған қызметтерін, елі, жері үшін жанын пида еткен тарихи тұлғалармен терең таныстырып, сол хандардың елі, жері үшін еткен қызметтерін жастарға жете түсіндіріп, дәріптеп, ардақтай білсек артық болмас еді. Біздің елдің үлкен қызық тарихы болғанын кезінде қуатты, күшті мемлекет болғанымызды мақтан тұтуға  әбден болар еді ғой. Атақты хандардың, билердің, батырлардың ел тарихында алатын орнын білген жастар шетел аспай, еліне қызмет етер еді ғой. Міне, патриоттық тәрбиенің маңызы осы емес пе?

 

М. Ноқрабеков