Жастар батырлар рухына тағзым етті  

Ұлы Отан соғысы кезіндегі 200 күн мен түнге созылған және үш миллиондай адам өмірін қиған, қасіретке толы Сталинград шайқасына биыл — 75 жыл.

Осыған орай, Атырау облысы «Былина» орыс әтномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Атырау мұнай және газ университетінің Әскери даңқ залында Сталинград шайқасындағы Кеңес әскерлерінің көрсеткен ерлігін еске түсіріп, батырлар рухына тағзым ету үшін еске алу шарасы ұйымдастырылды.

Аталмыш іс-шараға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Секретариатының басшысы Г. Шакирова, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері, Атырау қалалық №17 орта мектептің оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында  «Сталинград –Урок Мужества» тақырыбында бейне түсірілімнен  үзінді көрсетілді.

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Секретариатының басшысы Г. Шакирова әскери даңқы бар жауынгерлердің Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме экспозициясында тұрған Сталинград  шайқасына қатысқан жерлестеріміздің ерлігі жайында әңгімеледі. Олардың көрмеде сақтаулы тұрған фото суреттері, жеке заттары жөнінде айтып таныстырды. Сан ұлт өкілдерінің ел басына күн туғанда бір адамдай ынтымақпен аттанған Отан қорғау жолындағы ерлігі мен елдігі, бірлігі, жан аямай қасық қаны қалғанша шайқасқан, жауға беріспеген намысы жастарды толқытып, олардың бойларына отаншылдық, патриоттық рух берді.

Сондай-ақ, іс-шара соңында студенттер тақырыпқа сай  дайындалған баяндамалар жасап,  №17  орта мектеп оқушылары Сталинград, ерлік, Отан тақырыбына арналған  жыр жолдарын оқыды.

                                                                              Светлана Муньянова