«Жастар» аллеясы жамбылдық жастарға тағылымды тарту болды

Көне шаһардың орталық Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы бұрынғы «Атшабар» сквері абаттандырылып, қайта жаңартылып, өзгеше түрге еніп, Жастар жылы аясында пайдалануға берілген болатын. Тағылымы мол аллеяда «Ұлы дала ұландары» стеласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші және «Сахна» алаңшасы бой көтерді. Осының бәрі де өскелең жас тұлғаға ұлағатты ой саларлық, қажетіне жарарлық дүниелер екенінде дау жоқ. Пайдалануға берілгелі бері бұл сөзіміздің растығына көзіміз жетіп келеді. Сахна алаңшасында атаулы күндері өткізілетін іс-шаралардан бөлек, алып LED-экранынан үлгі аларлық роликтер көрсетіліп тұр.