ЖАСАЙ БЕР, ЖАСАМПАЗ ЖАҢАТАС!

Сарысу ауданында туып-өсіп, есейе келе біраз жыл қызмет атқарғандықтан да көршілес жатқан кеншілер Жаңатас шаһарының қалай салынғанын, қалыптасуы мен дамығанын, гүлденіп-көркейгенін, халық санының 60-70 мыңға дейін жеткенін көзіміз көрді. Жаңатас қаласы үшін мақтанатынбыз, келген қонақтарға қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, аралататынбыз.
1997 жылдың мамырында Жаңатасқа аудандық бағыныстағы қала мәртебесі берілді де, Сарысу ауданының орталығы Саудакент ауылынан сонда көшірілді. Шыны керек, бұл ауылдан да, қаладан да сән кетіп тұрған бір қиын кезең еді. Тәуелсіздігімізді жариялап, егеменді ел болғанымызбен, бұрынғы Одақ кезіндегі экономикалық байланыстар бырт-бырт үзіліп, өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыстарын тоқтатып, ауыл шаруашылығындағы совхоздар тарап, қарапайым халық жұмыссыздықтың қамытын киген шақ болатын. негізінен, Жаңатасты ұстап тұрған кезінде Одаққа танымал болған «Қаратау» өндірістік бірлестігінің бұл кезде қауқайған аты ғана қалған. Бірде үндістердің, бірде Ресейлік инвесторлардың тоқтап қалған өндіріске қан жүгіртеміз деген әрекеттерінен ештеңе шыға қоймаған.
Бұның бәрін неге айтып отырмын?
Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласының біріккен кезіндегі жалпы жағдай осындай еді. Ол кезде мен облыстық «Aq jol» газетінің Сарысу, Талас аудандары мен Жаңатас, Қаратау қалаларындағы меншікті тілшісі едім.
Көп ұзамай жаңа ауданның жаңа басшысы мені аудандық газетке бас редактор етіп тағайындады. Сөйтіп, Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы тарихындағы ең бір қиын шақта аймақ активімен бір сапта еңбек етуге тура келді.
Шыны керек, бұл кезде Жаңатастың жағдайы мәз емес еді. Бұрын екеуі дербес екі түрлі әкімшілік-аумақтық құрылым болып келген қала мен ауданның ондаған мекемелерін біріктіру, Сарысу ауданын Жаңатас қаласымен бір етіп, бірыңғай әкімшілік- аумақтық құрылым жасау оңай шаруа болған жоқ. Мүйіздері қарағайдай бірі аудандық, бірі қалалық екі мекемені біріктіру қайдан оңай болсын. Кей жағдайда бір мекемеде екі басшы ұзақ уақыт қатар жұмыс атқарған кездері де болды.
Сол кездегі аудан әкімі Дүйсенбай Тұрғановтың бұл орайда көп күш-жігер жұмсауына тура келді.
Мен басқаратын аудандық «Молшылық» (қазіргі «Сарысу») газеті көште қалғандай күйде Саудакент ауылындағы бұрынғы аудандық баспахана ғимаратында қалып қойыпты. Мұндай жағдайда жаңадан қалыптасып жатқан ауданның қоғамдық-саяси һәм рухани өмірінен газетіміздің өзінің лайықты орнын табуы қиын еді. Оны мен де, аудан басшылығы да түсінді. Оның үстіне аудандық газеттің таралымы 200 данаға дейін түсіп кеткен. Мекемелерді, мектептерді аралап жүріп, оқырмандарды көбірек тартуға қол жеткіздік. Сондай-ақ, газет басып шығаратын баспахананың кейпі кісі шошырлық жағдайда болатын. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде газет басып шығару мүмкін болмай қалған екен. Төрт-бес ай иллалап облыстық «Aq jol» газетінің басшыларымен келісіп, сол жердің компьютер орталығында газет материалдарын теріп, беттеп, облыстық баспаханадан шығарып жүрдік. Бұл да мәселенің түбегейлі шешімі бола алмады.
Аудан әкімі Дүйсенбай Тұрғановпен, оның орынбасары Лесбек Егембердиевпен ақылдаса отырып, сол кездегі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың қабылдауында аудан әкімі екеуміздің болуымызға қол жеткіздік. Әрине, бұл арада сол министрлікте департамент директоры болып қызмет атқаратын менің ескі досым, белгілі жазушы Әлібек Асқаровтың көмегінің тигендігін атап айтуға тиістімін. Сонымен, қазақтың қабырғалы қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев сол кезде Жаңатаста қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, Қарағандының облыстық баспаханасынан газет басу машинасын, Ақтөбеден көшіру аппаратын, Алматыдағы «Дәуір» корпорациясынан компьютер кешенін тегін алуымызға тікелей қамқорлық жасады. 1998 жылдың жаз-күз айларында осынау баспахана құрал-жабдықтарын үлкен қиыншылықпен Жаңатасқа жеткізіп алдық. Әрине, құрал-жабдықтар бар, бірақ маман жоқ. Облыстық баспахананың мамандарымен келісіп, осы жабдықтарды Жаңатастағы редакция ғимаратының бір бөлмесіне орналастырып, газетті өзіміздің баспаханада офсеттік тәсілмен басып шығаруға қол жеткіздік. Бұл сол кездің жағдайында ауданның рухани өмірінде елеулі оқиға болды. Кейінірек облыс әкімі болған Бөрібай Жексембиннің кезінде, ол кісінің қабылдауында бірнеше рет болып жүріп, облыстық бюджеттің есебінен 10 миллион теңгеге жаңадан газетті А3 пішінінде басып шығаратын баспа жабдықтарын алуға қол жеткіздік. Сөйтіп, Жаңатас қаласындағы біздің шағын баспаханамыз тек аудандық газетті ғана басып шығармай, аудан мекемелерінің және тұрғындарының баспа өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырды, редакцияға қосымша табыс әкелді, қосымша үш жұмыс орны ашылды. Газетіміз мазмұны мен тақырып ауқымы және безендірілуі жағынан облыс көлемінде жиі ауызға алынды, талай шығармашылық байқауларда жүлде алып жүрдік.
2005 жылы Президент Жарлығымен мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Газетіміздің таралымы бұл жылдарда 3 мың данадан асып жығылды…
Әңгімеміз Жаңатас қаласының мерекесі қарсаңында айтылып отырғандықтан да кеншілер шаһарының сол жылдардағы жағдайына қайта оралайын.
Жалпы Одақ кезінде Жаңатас қаласы Бүкілодақтық құрылыс алаңына айналғанын жақсы білеміз. Қалада екі ірі құрылыс тресі, ондаған мамандандырылған құрылыс басқармалары, онға тарта кеніш, ондаған кен байыту, өңдеу кәсіпорындары бар «Қаратау» өндірістік бірлестігі, онға тарта мектеп, отыздан аса балалар мекемесі жұмыс істеп тұрды. Бұған қаладағы бірнеше автотранспорт кәсіпорындарын қосыңыз.
Тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай осылардың басым көпшілгі жұмысын тоқтатты, кезінде еліміздің түкпір-түкпірінен табыс табуға келген жұмысшылар, мамандар қаладан үдере көшті, көпқабатты үйлер қаңырап бос қалды. Қаланың қирап, бүлінуіне сол жылдары аяғына дейін ойластырылмай жүргізілген жекешелендіру саясатының да көп әсері болды.
Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы ретіндегі мәртебесін дәл осындай аса күрделі жағдайда қабылдап алды. Ал ауданның жаңа басшылығы болса айрап-жайрап қалған қалаға келіп, ауданның түрлі проблемаларын шешулеріне тура келді. Айта берсе әңгіме көп, ол жылдары кеншілердің бас көтерулері, наразылықтары, аштық жариялаулары үйреншікті жағдайға айналды. Оның үстіне балалар жәрдемақысын ала алмай жүрген аналардың үздіксіз наразылық шерулері көп шаруаға қол байлау болды. Жаңатастың проблемалары облыс басшылығының, ел Үкіметінің бас ауруына айналды.
Сол кездегі Қазақстан Үкіметінің басшысы Нұрлан Балғынбаев, оның орынбасары Тұрсынбаев, облыс әкімі болып қызмет атқарған Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетовтер Жаңатас қаласына бірнеше рет ат басын бұрды.
Менің ойымша, Жаңатас қаласының жаңа тарихында 1999 жылдың маусымында облыс әкімі Серік Үмбетовтің арнайы келіп, қаланың орталық алаңында мыңдаған халықпен бірнеше сағатқа созылған кездесуі шешуші бет-бұрысты оқиға болды.
Сол кездесудің ертеңіне Сарысу ауданының әкімі болып тәжірибелі басшы Серғали Айдапкелов тағайындалды. Аудан прокурорлығына, ішкі істер басшылығына, басқа да жауапты лауазымдарға жаңа көзқарастағы, тәуелсіздік талаптарын жете түсінетін, қалыптасқан ахуалды обьективті бағалай алатын азаматтар келді.
Міне, осы уақыттан бастап Жаңатас қаласының тоқыраудан біртіндеп шығуына бетбұрысты кезең басталды ғой деп ойлаймын. Фосфор өндірісіне қазақстандық инвесторлар келіп, өндіріс біртіндеп күш ала бастады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына қан жүгірді. Алғаш рет Жаңатас қаласында «Айгөлек» балабақшасы ашылды. Бір сөзбен айтқанда ауданның, оның ішінде Жаңатас қаласының экономикалық-әлеуметтік әлеуеті біршама жақсара бастады.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында қаладан жұрттардың үдере көшкенін жоғарыда айттық. Қалада жиырма мыңға жетер-жетпес тұрғын қалған еді.
Менің ойымша, қалада «Біз – жаңатастықтармыз» дейтіндей нағыз патриоттар қалды және олармен әңгімелессең өз қалаларының жасампаздыққа толы өткеніне мақтаныш сезімдерін, жарқын болашағына сеніммен қарайтындықтарын аңғаруға болатын еді. Сол патриоттардың алдыңғы сапынан есімі елге әйгілі фосфор өндірісінің ірі ұйымдастырушысы Александр Недагонды, фосфор өндірісі саласының білгірі Амантай Өмірзақовты, дәрігер, салауатты өмір салтын насихаттаушы Тұрар Мысықбаевты, өндірісші маман Алпыс Жақсылықовты, кәсіпкер Айтуған Рыспановты, өндіріс басшысы Роза Клиновскаяны, мемлекеттік қызметтің үздігі Тыныштық Бектөрееваны және ондаған абзал азаматтардың (аты аталмаған жерлестерім мені кешірер деп ойлаймын) есімін атаған болар едім. Мен аудандық газеттің бас редакторы ретінде сол жылдары осы азаматтармен пікірлес болғанымды бүгінде қанағат сезіммен еске аламын.
Сөйтіп, біздің ұрпақтың еншісіне Жаңатас қаласының өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы гүлденуі мен тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңінде күйреуі мен қирауын және өзіміздің, біздің тұстастарымыздың қатысуымен қайта қалпына келуін көру, сол жұмыстарға тікелей қатысу бақыты бұйырыпты.
Жақында Жаңатас қаласында болдым, қаланың көзге таныс, көңілге ыстық көшелерін аралай жүріп, қаламыздың қайта гүлденіп жатқанына көз жеткізіп, көңілге мақтаныш ұялады.
Бұл – бізден кейінгі Тәуелсіздік тудырған ұрпақ өкілдерінің жемісті де жеңісті еңбектерінің нәтижесі екендігі дау тудырмайтын шындық.
Жайнай бер, жасай бер, Жаңатасым!
Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
ҚР Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы,
облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-Бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі.