Жас сақшы – ел қауіпсіздігіне бастар алғашқы қадам

 

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – заң мен тәртіптің үстемдігіне тікелей байланысты. Ал осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына ерте жастан сіңіру – уақыт талабы. Осы мақсатта елімізде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке және құқықтық мәдениетке баулуға бағытталған жүйелі жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Жас сақшы» сыныбы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында заң мен тәртіптің қоғам дамуының берік негізі екенін ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысы әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды қалыптастыру әр азаматтың ортақ міндеті екенін баса айтты. Бұл идеялар жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде де басты бағдар болып отыр.

Осы орайда, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы білім бөлімінің М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған бастама – мектеп оқушыларының бойында құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, ішкі істер органдары қызметіне деген қызығушылығын арттыруға және болашақ мамандықты саналы таңдауға мүмкіндік беретін маңызды жоба.

Салтанатты шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев, аудан әкімі Сәкен Мамытов, құқық қорғау органдарының ардагерлері, білім саласының өкілдері, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысты. Қонақтар жас сақшыларды жаңа бастамамен құттықтап, олардың ел болашағы үшін жауапты буын екенін атап өтті.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев өз сөзінде құқық қорғау саласына кәсіби тұрғыда бейімделу мектеп қабырғасынан басталатынын айтып, «Жас сақшы» сыныбы жасөспірімдердің тәртіпке, жауапкершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиеленуіне зор үлес қосатынын жеткізді.

Шара барысында «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына арнайы Ту мен жеке куәліктер салтанатты түрде табысталды. Бұл – оқушылардың бойында жауапкершілік сезімін арттырып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын нығайта түсері анық.

Сондай-ақ, Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Оразбайұлы мен М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Кенжекүл Сарсекова арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аясында бірлескен тәрбиелік, профилактикалық және танымдық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу жоспарланып отыр.

Салтанатты жиын барысында мектеп оқушылары патриоттық әндер орындап, елге, жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін көріністер ұсынды. Бұл өнерлі қойылымдар шараның мазмұнын тереңдетіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

«Жас сақшы» жобасы – жасөспірімдерді құқықтық мәдениетке баулып қана қоймай, олардың бойында әділдік, тәртіп және жауапкершілік секілді маңызды қасиеттерді қалыптастыратын тағылымды бастама. Аталған сынып пен арнайы кабинет оқушыларға заң негіздерін терең меңгеруге, өз құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді.

Сарысу ауданының білім бөлімінің басшсы Жарықбасов Жуаныш Қалықбергенұлы.