Жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде

Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев «Болашағың өз қолыңда» атты патриот жастар форумында «Жас шебер» бағдарламасы бойынша білім алған жастарға 505 мың теңгеге сертификаттар табыстады.

Ақсу қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Жастар жылы аясында металлургтер шаһарында түрлі форматтағы 150-ден астам шара ұйымдастырылған. Сертификат алғандардың бірі — 19 жасар Сабина Кабулова. Ол Жаяу Мұса атындағы колледжді тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша бітірген. Бұған дейін үйде арнайы тапсырыс бойынша төсек-орын жинақтарын тігумен айналысқан.

— «Жас шебер» жобасы туралы естігеннен кейін әрі қарай өз ісімді дамыту туралы шешім қабыладым. Бұл қаражатқа тағы бір тігін машинасы мен жұмысқа қажет жабдықтарды сатып алғым келеді. Өз жұмыстарымды әлеуметтік желілер арқылы саудаға қоямын және тұрақты тұтынушыларым бар, — дейді ол.

Бұдан басқа, форум аясында Нұр-Сұлтан қаласына саяхат жасау үшін жастар бастамаларын дамыту орталығынан 12 адам сертификатқа ие болды.

— Жастар бастамаларын дамыту мақсатында өз тарапымыздан әрдайым көмек берудеміз. Президент жариялаған алдағы Еріктілер жылы да талай бастамалар қолға алынатындығына сенім зор. Сабина Кабулова бұл қаражатты тігін ісімен айналысуға жұмсауды көздеп отырса, Джулия Момынжанова мен Күлди Нүрекенова қыз-келіншектерге косметологиялық қызметтер көрсетпек, — деп атап өтті Балғабай Ыбыраев.

Тілеуберді САХАБА