Жәрмеңке жалғасуда

Орал қаласында санитарлық карантин талаптары жеңілдетілгелі дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қайта жалғасып, тұрғындардың қысқы мезгілге қамданысына өз септігін тигізуде.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бұл жәрмеңкелерді ұйымдастырудағы басты мақсат – шаруа қожалықтарына өз өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз тікелей ұсынуға жағдай жасау. Осы ретте әр аптаның сенбі-жексенбісінде өткізілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыс орталығы аумағындағы және Ақжайық, Бәйтерек, Теректі, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарынан келген 100-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін саттыққа шығарады. Оларға сауда орындары тегін беріледі.

 

Өткізілген жәрмеңкелердің қорытындысы бойынша бес тонна (жылқы – төрт бас, сиыр –15 бас, қой – сегіз бас) ет, 60 тонна көкөніс, сегіз тонна жеміс, төрт тонна бақша дақылдары, 0,5 тонна шұжық өнімдері, 0,3 тонна макарон өнімдері, 0,3 тонна ұн, 0,1 тонна сүт өнімдері, 0,3 тонна балық, 48 мың дана жұмыртқа сатылған. Жалпы жәрмеңкедегі өнімдердің бағасы базардағы бағадан 10-15 пайызға төмендетілген. Айталық, Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы бекіткен бағаға сәйкес тұтынушыларға сыр етінің келісі – 1800 теңгеден, ал жылқы етінің келісі 2000 теңгеден ұсынылады. Оралдықтар да жәрмеңкенің шарапаты мол екенін айтып, ризашылықтарын білдіруде.

Аталмыш бөлімнің мамандары өңірдегі эпидемиялогиялық ахуал қалыпты болса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қазан айының соңына дейін жалғасатынын айтты.