ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА…

Бір үйдің келіні мен енесі «ит пен мысықтай» өмір сүріп жатыпты. Кекірейген келін әрдайым енесін кекетіп-мұқатуды әдетке айналдырса, енесі келінінің іс-шаруасын жақтырмай, «отырса опақ, тұрса сопақ» етуден жалықпайды.

Өмірдің қалтарыс-бұлтарысын көрген енені қойшы… Ал күнделікті текетірес жағдайға шыдамаған келіні бірде данагөй адамға барып, енесімен арадағы қалыптасқан барлық жағдайды жайып салып: «Төзімім таусылды. Қайтсем болады?!» депті.

Әлгінің әңгімесін мұқият тыңдағаннан соң, данагөй адам келіншекке бір торсықты ұсынып тұрып:

– Мына торсықтағы сұйықтыққа у қосылған. Осыны күнделікті енеңнің тамағына аз-аздан қосып беріп отыр. Қысқасы, бір ай бойы ішкіз. Осылай етсең ғана енеңнен құтыла аласың.

Тек мұның бұлжытпай орындайтын бір шарты бар. Ол шарт – бір ай бойы енеңмен ұрсыспау. Енеңнің тілін алып, талабын орындап, көңілін тауып, жағдайын жасап отыр, – депті.
«Еш күдік тудырмайтын осындай жолмен енеден құтылатын болдым-ау» деп, келіншек іштей қуанып кетеді.

Сөйтіп енесін торсықтағы сұйықтықпен күнделікті сусындата бастайды. Осыдан құтылып, жаным жай тапса болғаны деп, ұрыс-керіске жол бермей, талаптарын бұлжытпай орындап, айтқанын екі етпей, шаруаны дөңгелетіп, енесі күдіктенбейтін әрекеттер жасайды.

Есесіне, келінінің тындырымды ісіне тәнті болып, жылы қабағына еріген енесі оны жақын тартып, қызынан артық көретін күйге жетеді. Тіпті, екеуі ың-шыңсыз шүйіркелесіп, күліп-ойнап, үйдің шыруасын да бірлесіп жүріп тындыратын болады.

Кенедей көріп жүрген ененің тарапынан ерекше мейірімді сезінген келіні күндердің күні өзінің «енеден құтылмақ болған» ісіне қатты өкініп, қамығады. Бір айға жетпестен, торсықтағы сұйықтыққа уды араластырып берген данагөй адамға қайта келіп, көзіне жас ала отырып:

– Кешіріңіз, Сізде удың бетін қайтаратын зат бар ма? Мен қателесіппін, енем мен ойлағандай жаман адам емес екен. Ол да менің туған анамдай қамқор, қайырымды, мейірімді кісі екен, – деп еңіреп жылап жібереді. Дана адам келіншектің басынан сипап:

– Қызым, мен берген ол торсықта у емес, кәдімгі бояу қосылған су ғана болатын. Тек бірлік бар жерде тірліктің болатынына көзіңді жеткізейін деген едім… – деп жұбатыпты. Бұны естіген келіншек:

– Рақмет Сізге, екінші анамды тауып бердіңіз, үйімізге береке енгіздіңіз! – деп алғысын жаудырып, енесіне түскі тамақ әзірлеуге жүгіріп кеткен екен.

Асыл Әбіш. МАҚСАТ СҚАҚОВТЫҢ ФБ ПАРАҚШАСЫНАН