Жақсы адам — елдің ырысы

Ертеде Құдыс шаһарында Апанас пен Иоан есімді ағайынды екі жігіт өмір сүріпті. Олар қаладан жырақта, тау етегіндегі лашықта тұрады екен. Екеуі бар ғұмырын адамдарға көмектесуге арнаймыз деп серттесіпті. Күнде қалаға келіп қарттарға, науқастарға, мүгедек пен жетім-жесірлерге көмектесіп жүреді. Бір апта бойы олардың қастарында болып, жәрдем береді. Еңбегіне ақы алмапты. Сенбі күні үйлеріне оралып, бір-бірімен сағыныса көріседі екен. Апта бойы істеген істерін айтып, көңілдерін махаббат кернейтін. Көктегі періштелер бұлардың әңгімесін тыңдау үшін лашықтан сығалап тұрады деседі.
Дүйсенбі күні әдеттегідей екеуі қалаға шығады. Бір-бірін қимай қоштасып, екі тарапқа сапар шегеді. Бір кезде ағасы артына бұрылып, інісіне қарап еді, Иоан көк шөпке қадалып, міз бақпай тұр екен. Ағасы түсінбей «Бұл неғып тұр өзі?» деп ойлады. Айтып ауыз жиғанша, інісі жылан көргендей шоршып түсіп, қаша жөнелді. Ағасы селк ете қалып, «Бұған не көрінді, ей?» деп, жайлап әлгі жерге жақындады. Кенет жалт-жұлт етіп, көзге шағылысқан бір затты байқады. Сөйтсе алтын екен. «Інімнің алтыннан сонша үркігені несі? Адам алтынмен күнә жасамаса, алтынның өзінде күнә жоқ қой. Онымен жамандық та, жақсылық та істейсің. Мысалы, қаншама жетім мен жесірді тойдырып, жалаңаш кедейді киіндіресің. Науқас пен мүгедекті емдейсің. Бұрын түгел жарылқауға шамамыз жетпейтін. Енді мына алтынмен қалаған істі жапырып жасаймыз» деп ойлайды.
Ағасы осы ойын інісіне айтпақ боп, бұрылып еді, Иоанның зымырап қашқаны сонша, шаңы да көрінбеді. Апанас күртесін шешіп, алтынды соған салып алды да, қалаға беттеді.
Базарға келіп, көпестерден жер сатып алды. Кірпіш түсірді, ағаш алды. Жұмысшыларды жалдап, қаладан үш зәулім үй соқты. Біріншісін – жетім мен жесірлерге арнады. Екіншісін – науқастар мен мүгедектерді емдейтін аурухана етті. Үшінші үй – пақыр, міскіндер үшін салынды.
Қаладан «Құдай» деген үш қарияны тауып алып, үшеуін үш үйге басшы етіп қояды. Алтыннан ауысқаны 3000 дирхем екен. Оны да үш қарияға бөліп берді. Салынған үйлері лезде мұқтаж жанға толып кетті.
Ел-жұрт Апанасты мақтай бастады. Ол да елдің үдесінен шыққанына риза еді. Тіпті қаладан кеткісі келмей қалды. Бірақ інісін ойлап, сағынышы артты. Арада үш айдың қалай өткенін өзі де сезбей қалды.
Жұртпен қоштасып үйіне бет алды.
Үстінде сол баяғы ескі күртесі еді. Алтыннан бір тиын да үлес алмады. Бәрін игі іске жұмсады. Өзіне дән риза еді. Жолда келе жатып, «Інімнің алтынды көріп, қаша жөнелгені жөн болмады. Қарашы, мен сол қазынамен қаншама іс бітірдім» деп ойлады.
Жолда алдынан періште шықты. Қабағы қатулы екен. Жақтырмай қарады. Апанас та нұрмен шағылысқан періштені көріп, сасып қалды.
– Уа, Құдайым-ау, сен не үшін қатулысың? – деді таңырқап.
– Аулақ кет! Сен бауырыңмен көрісуге лайық емессің. Ініңнің алтыннан шошып қашқаны, сенің алтынды алып атқарған істеріңнен әлдеқайда артық, – деді.
Апанас ақталып, атқарған шаруаларын тізе бастады: қаншама кедей мен шаруаны тойғызғаны, жетімді жұбатып, үй салып бергенін айтты.
Періште:
– Сол алтынды қалдырған шайтан еді. Саған да ақталатын осы сөздерді сол үйретті, – деді.
Сонда барып Апанас қара басқанын түсінді. Көп алтынмен көп пайда етемін деген тәтті тілегі де құмарлықтан шыққанын сезді. Жұртқа алтынмен емес, адал қызметпен құлшылық жасау керек екенін түсінді.
Сол кезде ғана періште ығысып жолды ашты. Ол жерде ағасын күтіп Иоан тұр еді. Осыдан бастап Апанас алтынды шашып қойып азғыратын шайтанға көнбейтін болды.
Лев Толстой
Аударған Айбек Нәби