Жапондықтар ұстаздар күнін қалай мерекелейді?

Бір күні жапондық әріптесім Ямамотодан:
— Жапондықтар ұстаздар күнін қалай мерекелейді? – деп сұрадым. Ол менің сұрағыма таң қалып:
— Бізде ұстаздар күні деген мереке жоқ, — деді.
Мұндай жауапты естіп тосылып қалдым. Сенейін бе, сенбейін бе? Санамда: «Экономикасы, ғылымы, техникасы қарыштай дамыған елде ұстаздарға, олардың ересен еңбегіне неге немқұрайлы қарайды?» деген ой қылаң берді.
Ямато бір күні жұмыстан соң өз үйіне қонаққа шақырды. Мектептен қашықтау жерде тұратындықтан, біз оның үйіне метромен жеттік. Кешкілік кептеліс мезгілі. Метрода адам ығы-жығы. Төбемдегі темір ұстағыштан тастай қылып ұстап алдым. Бір кезде жанымдағы ата маған орын берді. Өзіме деген мұндай ізетті түсініңкіремей, қарт кісінің бұл ілтипатын қабылдай алмадым. Бірақ ол қоймады. Сосын отыруға мәжбүр болдым.
Метродан шыққан соң “ақсақалдың бұнысы несі?” деп сұрап едім, Ямамото төсбелгіме саусағын шошайтып, былай деді:
— Ол ақсақалдың көзі төсбелгіңе түсіп кеткен ғой, сосын мәртебеңе сай саған орын берді.
Ямамотоның үйіне бірінші рет бара жатқан соң құр қол барғанға ыңғайсыздандым. Сыйлық алған жөн шығар деп ойладым. Онымды Ямамото ұстазға айтып едім, ол мұнымды құптады. Жол бойында жеңілдікпен зат алатын дүкен бар деді.
— Жеңілдікті ұстаздарға ғана бере ме? – деп сұрастырдым.
Ямамото сөзімді қостай берді:
— Жапон елінде ұстаз – ең беделді мамандық, құрметті адам. Ұстаздар дүкеніне бас сұқса, жапон кәсіпкерлері бөркін аспанға атады. Мерейі үстем болып, қуанып қалады, — деді.
Жапон елінде қызмет еткенімде ұстазға деген ерен құрметтің талай мәрте куәсі болдым. Метрода оларға арнайы бөлінген орындар бар. Оларға арнап салған дүкен көп. Кез келген көлікке міну үшін кезектен тыс өтеді. Жапон ұстазына төл мерекенің қажеті де жоқ.
Осы хикаяны айта отырып, біздің қоғам да осылай дамыса деп тілеймін. Осындай деңгейге жетіп, ұстазға деген ілтипат өсіп, ұстаздар жоғары мәртебеге лайық болсын деп тілеймін.