Жәнібекте жасалған жұмыс аз емес

Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз алаңының кезекті қонағы – Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы баяндаған әкім аудандағы оң өзгерістермен бөлісті.

1922 жылы құрылған аталмыш аудан облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан. Тоғыз ауылдық округке қарасты 18 елді мекені бар аймақ көршілес Ресей елімен шектесіп жатыр. Алдымен аудан бюджетінен хабардар еткен Азамат Сафимәліұлы осы жылғы қазынадағы қаржы 7 211 753,0 мың теңгені құрайтынын жеткізді. – 2020 жылға өз кірістері 435 556,0 мың теңгені құрап отыр. 2020 жылғы 9 қазанға өз кірістері бойынша орындалуы 394 254,6 мың теңгені немесе 144,4 %-ды құрайды, – деді аудан әкімі.

Халықты әлеуметтік жағынан қорғау мәселесіне тоқталған әкімнің мәліметінше, бүгінгі күнге атаулы әлеуметтік көмек 315 отбасына, 1386 адамға тағайындалған. Тұрғын үй көмегі 61 отбасына, 256 адамға төленген. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі тұлғалар да мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектермен қамтылып келеді. Жалпы жыл басынан бері 850 адамға 27,1 млн. теңгеге материалдық көмек көрсетілген.

Өз баяндамасында аудан басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында да ауданда нәтижелі жұмыстар атқарылғанын айтты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша биыл 15 адам М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжіне «тракторшы» мамандығына үш айлық курстарға жолданған. Екінші бағыт бойынша «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 97 адам оқуға жолданып, межелі жоспар артығымен орындалыпты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 17 адам несие алған. Күні бүгін 104 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты иеленген. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту көзделген үшінші бағыт аясында да нақты істер атқарылған.

Бұдан әрі Азамат Сафимәліұлы Жәнібектегі білім беру, мәдениет және спорт, жастар саясаты мәселелері, құрылыс, елді мекендерді абаттандыру, жол, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жер мәселелеріне жеке-жеке тоқталып өтті. Негізінен Жәнібекте атқарылған оңды істер аз емес екен. Айталық, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде екі мектеп (Жақсыбай, Тау ауылдарындағы) пен бір бөбекжай (Қамысты ауылы) ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде. Тағы бір ауылдық білім ошағының (Жәнібек ауылы) қосымша ғимараты жаңартылып, жаңа асхана іске қосылады деп күтілуде. Жәнібектік меценаттар мен түлектер де «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үн қосып, туған жерлерін көркейтуге күш салуда. Сондай азаматтардың арқасында Жәнібек ауылында «Ат спорты кешені» ашылып, Тау елді мекеніне «Кіреберіс қақпа» орнатылған, ал Жақсыбай ауылының Жақсыбай көліндегі жаяу адамдарға арналған аспалы көпірді жөнделіп қалыпқа келтірілген.

Ауданда 16 елді мекен көгілдір отынмен, тоғыз ауылдық округ пен бір елді мекен ауыз сумен қамтылған. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту мақсатында Жәнібек ауылында 2 тұрғын үйдің (2 қабатты 12 пәтерлі) құрылысы басталған. Сонымен қатар Жәнібекте екі балалар ойыны алаңы орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Аудан орталығындағы бақ қайта жаңғыртылып, су бұрқағын орнату, жарықтандыру, өрнектастар төсеу жұмыстары атқарылуда.

Жолдар жөнделіп, мал басы көбейіп, кәсіпкерлік саласы өрістеген Жәнібек ауданының бүгінгі тынысымен таныстырған аудан басшысы А.Сафималиев: – Ауданда атқарылған жұмыстарды қысқаша айтып өттім. Алдымызда да үлкен мәселелер бар. Ең бастысы – әлемді жайлаған пандемиядан тезірек құтылып, бұрынғы мамыражай тірлігімізге қайта оралып, жұмысымызды жалғастыру, – деді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы